Ресей әскері елге көптеп келе бастағаннан–ақ қазақ жерінің түкпір–түкпірінде шіркеу салына бастады. Мәселен, Қазалы, Қармақшы, Перовск форттарында ең алдымен шіркеу бой көтерді. Бір қызығы, мешіт ауқаттылардың демеушілігімен салынса, шіркеу құрылысы Ресей империясының бюджет қаржысына салынған.
Патша өкіметі кезінде Ақмешітті Перовск етіп, граф Перовскийдің құрметіне қала атауын бергеннен кейін мұнда христиан дінін уағыздаушылар көбейді. Осылайша 1855 жылы поп Л.Гороховскийдің жетекшілігімен шіркеу ашылған. Бүгінде сол шіркеу әлі күнге қолданыста. Десек те ол алдымен шіркеу болды, кейін музейге айналды. Араға уақыт салып, қайтадан шіркеу ретінде жұмысын бастаған.
– Музей неге шіркеудің ішінен ашылды деген сауалға жауап іздеген дұрыс. Мешіттер қоймаға айналып жатқанда, шіркеу музей болып тұрды. Мұның астарында үлкен ұғым жатыр. Жасырын миссионерлік жұмыстар жүргізілген. Православиеге үндеу Кеңес үкіметінің негізгі саясатының бірі болды. Оның үстіне, мешіттің халықтың ақшасына, шіркеудің бюджет қаржысына салынғанының өзінде басымдық тұр, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Асхат Сайлау.
Қызылордадағы шіркеу ғимараты көп қызмет ете алмады. 1863 жылы ашылған бұл нысан араға бес жыл салып, 1868 жылы қатты жауған жауынның салдарынан құлап қалған.
– Сол жылы қабырғасы күйдірілген кірпіштен қаланып, төбесі жабылады. 1890 жылы шіркеудің жаңа ғимаратының құрылысы басталып, 1896 жылы пайдалануға берілген. Үкімет пен жергілікті орыс шаруаларының қаражатына салынған жалғыз шіркеу ерекше сәулет кешеніне айналды, — дейді Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы тарихи-мәдени мұра бөлімінің инспекторы Зухра Сыздықова.
Шіркеу кейіннен қоныс аударушыларды қабылдайтын орынға, обсерваторияға айналды. Аталған нысан 1982 жылға дейін тарихи-өлкетану музейінің ғимараты болды.
– Қазіргі музейдің ғимараты бұрын қонақүй болған. 1980-1985 жылдар аралығында мұнда экспозицияларды жасақтау жұмыстары жүргізіліп, 1985 жылы Еркін Әуелбеков ашқан. Бұйыртса, музей өзіне арналып салынған ғимаратқа көшіріледі. Облыс әкімінің қолдауымен сол жағалауда таңдай қағып тамсанарлық ғимарат салынып жатыр. Мұнан кейін музей ешкімнің босағасында қалмайды, өзінің хан сарайы болады, – дейді Асхат Қожагелдіұлы.
Көненің көзіндей болған ғимарат 1989 жылдың мамыр айынан бастап православ шіркеуіне айналған. Бүгінде мұнда 300-ге жуық адам мінәжат ете алады. Ғимарат мемлекет қорғауына алынған, республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Сәулет өнері нысаны 2014-2015 жылдары қайта қалпына келтірілді.
Ал сол кезеңдерде қоймаға айналған мешіт ғимараттарын қайта салғандай етіп жаңғыртты. Өйткені қазақты дінінен, ділінен ажыратуды ойлап, ұлтсыздандыруды мақсат еткен саясат салқыны мешіт ғимараттарының тозуына ықпал етті. Қала төріндегі «Айтбай» мешіті де қайта жаңғыртудан өткізіліп барып, қолданысқа берілді.
Аян СПАНДИЯР,
сурет Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығынан алынды
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!