Кейде ел қауіпсіздігі барлау қызметінің жұмысына тәуелді болуы ықтимал. Тәуекел де осы тұста шығады. Себебі қорғану үшін қам жасау, өзге елдің аңысын аңдау еларалық кикілжіңге ұласуы мүмкін. Мұны жақында орын алған ҚХР мен Ұлыбритания арасындағы даудан аңғаруға болады. Қытай билігі ағылшындарды тыңшылық жасады деп айыптап, бұл әрекетке қатаң жауап беретінін айтты.
Апта бойы әлемдік ақпарат агенттіктердің назарында болған мәселеге Ұлыбританияның MI6 (ағл. Military intelligence) жүйесі кінәлі. Бұл жүйе – өткен ғасырдың басында құрылған құпия саяси барлау қызметі. Негізгі қызметі, аты айтып тұрғандай, тыңшылық, барлау жолымен қажетті ақпаратқа қол жеткізуге бағытталған. Ғаламдық соғыс пен саяси шешімдер кезінде АҚШ пен Ұлыбританияға көмегі көп болды.
Міне, Қытай осы жүйенің өкілдері шенеуніктерге үгіт-насихат жүргізді деп санайды. ҚХР ресми мәлімдемесіне сүйенсек, қытайлық ерлі-зайыпты шенеуніктер MI6 барлау қызметіне көмектесіп, Қытайда ақпарат жанауға мүмкіндік берген. Қазір тергеу жүргізілуде.
Дүйсенбіде BBC арнасының тілшісі Келли Ниг оқиғаға қатысты арнайы хабар таратып, толымды мәлімет жариялаған. Тіпті күдіктінің аты-жөні мен қызмет жолы туралы ақпараттарды біліпті.
«ҚХР өкілдерінің айтуынша, Ван текті шенеунік бірнеше ай ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін ақпараттарды таратқан. Ол үшін Ұлыбритания тарапынан қомақты қаржы алып, кейін MI6 өкілдері тығыз жұмыс істеуге ұсыныс жасаған. Жан-жақты қолдау мен қаржылай көмек көрсететініне сенген ол британдықтарға көмектесуге келіскен.
Оқиға 2015 жылы Ванның арнайы бағдарламамен Ұлыбританияға іссапармен барған кезінде басталған. MI6 ұйымы оны түскі асқа шақырып, кейін құпия кездесулерге апарған. Бірлесе жұмыс істеуге келіскен соң жансыздарға арналған арнайы дайындықтан өтіп, ақпар жинау мақсатында ҚХР-ға қайта оралған», – дейді тілші.
Соңғы айларда Ұлыбританияның барлау қызметі БАҚ-та ашық айтыла бастады. Мысалы, жақында ғана The Daily Telegraph басылымы Ұлыбритания билігінің қауіпсіздік қызметіне тапсырма бергенін жазған болатын. Онда барлау қызметі Иран, Қытай, Ресейге басымдық беріп, бақылауды күшейтілетіні айтылды. Ізінше барлау қызметінің басшысы Кен Маккаллум мұның зардабын жеткізіп, 10 мыңға жуық ұлыбританиялық кәсіпкер, нейрожелі жасаушы өнертапқыш, кванттық есептеу ғалымы, синтетикалық биология мамандарына қауіп төнетінін ескертті. Айтуынша, оларды өзге елдер жансыз деп есептеп, қысым күшеймек.
Бұған сенбеске амал жоқ. Өткен айда Ұлыбританияның Мейденхед қаласында 37 жастағы әскери қызметкер Мэтью Трикеттің денесі табылды. Ол бұған дейін Гонконгта тыңшылық жасады деп айыпталған еді.
«Ұлыбританияда да ҚХР-ға жұмыс істеген деп есептелетін азамат жетерлік. Қозғалған іс көп. Мысалы, өткен жылы күзде Лондонда Парламент депутатының көмекшісі құрықталды. Құқық қорғаушылардың сөзінше, ол Қытай тарапына болысқан, тыңшылық жасаған. Бірнеше жыл парламенттегі халықаралық саясат пен Бейжіңмен арақатынас мәселесімен айналысатын депутаттармен жұмыс істеген», – дейді Келли.
Айыпталған ерлі-зайыптылардың арғы тағдыры белгісіз. Қытайдағы WeChat желісінде Ұлттық қауіпсіздік министрлігі күдіктілердің аты-жөні мен тағылған айыпты ғана айтқан. Тергеу ісі туралы мәлімет құпия күйінде қалуда.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!