Қазіргі кезде адамның өз ойын еркін, анық әрі жүйелі түрде жеткізе алуы кәсіби бәсекеге қабілеттіліктің маңызды көрсеткіші саналмақ. Қай ортада болсын, мейлі достар арасында, мейлі жұмыс орнында немесе көпшілік алдында сөз сөйлеген сәтте адамның сөйлеу мәдениеті оның беделін айқындайды. Сондықтан да дұрыс сөйлеу, орынды ой айту, тыңдарманның назарын аудару – бүгінгі күннің басты талаптарының біріне айналмақ. Осы бағытта жұмыс істеп, қала тұрғындарына ораторлық өнерді үйретіп келе жатқан
«Бедел» ораторлық шеберлік орталығының жұмысы көптің қызығушылығын тудырып отыр. Біз орталықтың негізін қалаушы, ораторлық шеберлік тренері Айжан Орынбасармен тілдесіп, сөйлеу мәдениетінің бүгінгі деңгейі туралы сұрап-білдік.
– Айжан ханым, «Бедел» орталығын ашудағы басты мақсат қандай?
– Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – адамдардың өз ойын толық жеткізе алмауы және өзін толық қабылдай алмауы. Қарапайым мысал: көпшілік алдында сөйлегенде қысылып, ойын ұмытып қалу, өз дауысынан ұялу, не айтқысы келгенін нақты жеткізе алмау өте жиі кездеседі. Ал табысты адам болудың, қоғаммен дұрыс қарым-қатынас орната алудың, ортада беделге ие болудың негізгі шарттарының бірі – анық әрі сенімді сөйлеу. Соңғы жылдары балалардың телефонға тәуелділігі артты. Бұл – тілдің кеш шығуына, сөздік қорының азаюына және баланың тұйықталуына әкелуде. Қазіргі тілмен айтқанда, балалар интровертке айналды. Мұндай бала көшбасшы бола алмайды, тіпті ата-анасымен де ашық сөйлеспейді. Біздің орталықтың миссиясы да осы. Қоғамнан оқшауланған жандардың қиындығын жеңу, адамға өз дауысын сеніммен қолдануды үйрету, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
– Жастардың сөйлеу мәдениетіне қандай баға бересіз?
– Орташа дер едім. Тіпті кей жағдайда төмен деуге де болады. Себебі жастардың басым бөлігі тренд сөздерге, қысқартылған сөйлемдерге үйір. Әлеуметтік желідегі смайликпен, қысқа репликалармен ой жеткізу дағдысы сөйлеу мәдениетіне де әсер етті. Соның салдарынан жастардың ойын толық жеткізе алмауы, сөйлемді соңына дейін айтпауы болашақта салдары басым мәселе болмақ. Бұл олардың кәсіби ортада өз ойын еркін айтуына кедергі болуы мүмкін. Сондай-ақ өзге тілді араластырып сөйлеу. Яғни орыс, ағылшын тілін қолдану бүгінгі жастардың басты мәселесі. Міне, бүгінгі жастардың сөйлеу мәдениетінің көрінісі осы.
– Сөйлеу техникасын жетілдіру үшін ең алдымен адам неден бастауы керек?
– Бірінші қадам – өзін қабылдаудан бастау керек. Көп адам айна алдына тұрып, өз дауысын тыңдаудан ұялады. Дауысының тембрі ұнамайды, ырғағына көңілі толмайды. Алайда адам өз дауысын жақсы көрмейінше, оны өзгеге сенімді жеткізе алмайды. Екінші қадам – тыныс. Тыныс дұрыс болмаса, сөйлеу де бұзылады. Үшінші қадам – дикция. Ерін, тіл, жақ бұлшықеттері дұрыс жұмыс істемесе, сөз анық шықпайды. Біз орталықта осы үш негізге сүйеніп, әрбір оқушымен жеке жұмыс істейміз.
– Ал орталыққа көбіне кімдер келеді?
– Жас талғамайды. Бірі – студенттер, жас мамандар. Енді бірі – жасы қырықтан асқан азаматтар мен азаматшалар. Олар көбіне көпшілік алдында сөйлеуден, жұмыс барысында, маңызды кездесулерде қысылып, ойын ашық жеткізе алмай қиналады. Сонымен қатар ораторлық сабаққа келушілердің басым бөлігі – балалар. Ата-аналар соңғы жылдары балаларының сөздік қорын, өзіне деген сенімін арттыру үшін орталыққа жиі әкеледі. Себебі олар смартфондағы әлемнен шыға алмай қалған.
– Сабақ барысында қандай заманауи әдістерді қолданасыздар?
– Дәстүрлі дикциялық жаттығулармен қатар психологиялық еркіндік беретін тренингтерді қолданамыз. Дауысты ашатын, тынысты реттейтін, кеңістікте еркін қозғалу техникасын дамытатын арнайы тәсілдер бар. Сондай-ақ балалармен сабақты ойын форматында өткіземіз. Себебі балаға ұрысқан сайын, қателігін бетіне басқан сайын баланың деңгейі төмендей түседі. Ойын арқылы, баланы мақтау арқылы сабақ өтуге тура келеді. Практикалық сценарийлерді жиі қолданамыз. Жиналыста сөйлеу, аудитория алдында өзін ұстау, презентация қорғау секілді тапсырмаларды жиі беруге тырысамыз. Қосымша жаңылтпаш жаттатқызамыз.
– Сіз үшін жақсы спикердің басты критерийі қандай болуы керек?
– Мен үшін спикердің басты критерийі аудиторияның назарын аудара алуы. Тыңдарманды өзіне қарата білуі тиіс. Көп адам «дауысым әдемі, жеткілікті» деп ойлайды, бірақ олай емес. Тек әдемі дауыс жеткіліксіз. Сондай-ақ спикер тыңдарманға құнды, пайдалы, мағыналы ақпарат бере алуы тиіс.
– Жастарға өз ойын анық әрі сенімді жеткізу үшін қандай кеңес бересіз?
– Кітап оқу керек. Жастардың басым бөлігі дайын дүниені пайдалануға құмар. Интернеттен немесе жасанды интеллекттен керегін ала салады. Бірақ ол ақпарат ұзақ сақталмайды. Ал ізденіп, қағазға түсірген ақпарат есте қалады. Мидың мүмкіндігін шектемеу керек. Ерінбеу қажет. Сонда ғана анық әрі сенімді сөйлеу қиындыққа соқпайды.
– Адам оратор болып туа ма, әлде бұл жүре келе адам бойына даритын қабілет пе?
– Әр адам оратор бола алады. Сөйлеу – бұлшықет секілді. Жаттығу жасасаң, дамиды. Ұялшақ адам да, интроверт те жақсы сөйлей алады. Дұрыс орта, дұрыс бағыт, тұрақты тәжірибе болса жеткілікті. Сол себепті біз орталықта адамның табиғи болмысын бұзбай, оның ішкі дауысын оятуға күш саламыз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Айдана БАХЫТЖАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!