Ішкі істер министрлігінің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде тіркелетін әрбір үшінші қылмыс алкогольдік ішімдік ішкен күйде жасалады екен. Ал әрбір екінші кісі өлтіру дерегі масаң күйдегі жанжалдың салдары. Бұл статистика алкогольдің жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне төндіріп отырған нақты қатер екенін айқын көрсетеді. Мәселен, 2024 жылы тіркелген қылмыс саны 5930 болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 6220-ға жеткен. Яғни, қылмыс деңгейі 4,5 пайызға артқан. Мамандар мұндай өсімге алкоголь өнімдерінің шектен тыс қолжетімділігі де тікелей әсер етіп отырғанын жасырмайды. Осы жағдайларды ескере отырып, Ішкі істер министрлігі алкоголь өнімдерін тек арнайы алкомаркеттерде сатуды ұсынды. Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл бастаманың басты мақсаты – тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, жастарды зиянды әдеттерден қорғау және қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту.
Министрлік өкілдері бұл қадам тек қылмыстың алдын алуға ғана емес, азаматтардың өмір сапасын арттыруға, тұтыну мәдениетін қалыптастыруға және халық денсаулығын қорғауға бағытталған кешенді мемлекеттік саясаттың бір бөлігі екенін атап өтті. Сарапшылардың айтуынша, алкоголь тұтыну азайған сайын мемлекет денсаулық сақтау, құқық қорғау және әлеуметтік қолдау салаларындағы шығындарды да қысқарта алады екен. Бұл бастаманың тиімділігі де бар. Мәселен, Қызылорда облысында бүгінде 18 ауылда алкоголь өнімдері сатылмайды. Бұл елді мекендерде ішімдіктен бас тартудың нәтижесінде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. Сондай ауылдардың бірі – Жаңақорған ауданындағы Өзгент ауылы. Бұл ауыл ішімдіктің сатылмағанына шамамен 10 жылға жуықтаған. Содан бері ауыл ішінде тұрмыстық жанжал азайып, қоғамдық тәртіп нығая түскен. Ішімдік сатпағаннан ауыл кәсіпкерлерінің табысы артпаса, бір мысқал да кемімеген.
Жалағаш ауданындағы Таң ауылы да ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қатарында. Бұған дейін ауылда бір ғана дүкен өнімін сатып келген екен. Алайда игі бастама қолға алынғанда жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіріп, ішімдік сатуға берілген лицензиясынан өз еркімен бас тартқан. Қазіргі таңда ауылдағы бірде-бір дүкенде ішімдік сатылмайды. Бұл игі іске жергілікті полиция қызметкерлері мен ақсақалдар алқасын ықпалы зор етіпті. Жуырда ғана Таң ауылына жақын орналасқан Еңбек елді мекені де ішімдіктен бас тартып, айналасына үлгі көрсеткен. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының саналы таңдауы мен қоғамдық жауапкершілігінің артқанын аңғартады.
Таң ауылы тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – егін және мал шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда 250-ге жуық шаңырақ бар. Ауыл халқы ішімдіксіз де өмір жалғасатының алға тартады.
Құқық қорғау саласының өкілдері де бұл бастаманың қоғам үшін пайдасы зор екенін айтады.
– Алкоголь өнімдерінің қарапайым дүкендерде сатылуы қоғам үшін қауіпті. Көп жағдайда бақылау әлсіз, әсіресе шет аймақтарда бейнебақылау камералары жоқ. Қазір он сегіздегі бала мен отыздағы адамды ажырату қиын. Тіпті жалған куәлік жасауы ғажап емес. Ал арнайы алкомаркеттерде жас ерекшелігіне, жеке куәліктің шынайылығын тексеру мүмкіндігі жоғары, – дейді Қызылорда қалалық полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Сақтаған Мұхамедәлі.
Қызылорда қаласындағы «Мақпал» дүкенінің иесі алкоголь өнімдерін бөлек алкомаркеттерде сату қоғам үшін тиімді деп санайды.
– Дүкенге тек ересектер ғана емес, кәмелетке толмаған балалар да кіреді. Дүкен сөрелерінде ішімдіктің тұруы балалар психологиясына кері әсер етеді. Сондықтан мұндай өнімдер бөлек сатылуы керек. Мәселен, біздің дүкенде алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды. Саудамыз жүріп жатыр, – дейді кәсіпкер Мадина Дәулетқызы.
Жастар да бұл ұсынысты қолдайтынын жасырмайды.
– Алкоголь өнімдерін дүкендерде сатудың қажеті жоқ. Бұл – қоғам үшін қауіп. Біз, жастар, зиянды әдеттерден аулақ болуымыз керек. Жаспыз ғой, бәрін көру керек деген ұстанымнан аулақ болу керек. Сондықтан алкоголь тек 21 жастан асқан азаматтарға, қатаң бақылауы бар орындарда сатылғаны жөн, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің гуманитарлық-педагогикалық институтының студенті, студенттік кеңес төрағасы Айда Алмасбекова.
Қорыта айтқанда, алкоголь өнімдерін арнайы алкомаркеттерде сату – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған нақты қадам. Ал ауылдардағы ішімдіксіз өмір тәжірибесі бұл бастаманың өміршең екенін дәлелдеп отыр. Ішімдіксіз сауда да жүреді, өмір де жалғасады. Ең бастысы, елдің тыныштығы қымбат.
Айдана Бахтияр
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!