Жаңа Конституция жобасы адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтарды енгізді. Солардың бірі – «Миранда ережесінің» конституциялық деңгейде бекітілуі. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық қорғалуын арттырып, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар қойды. Бұл ереже әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар.
«Миранда ережесінің» мәні – ұсталған немесе күдікті деп танылған әрбір адамға оның құқықтары дереу әрі түсінікті түрде түсіндірілетіндігі. Жаңа Конституция жобасында көрсеткендей, адам күдікті ретінде ұсталған сәттен бастап өзіне тағылған күдік туралы білуге; өзіне қарсы куәлік бермеуге; адвокаттың көмегін пайдалануға; үнсіз қалуға толық құқылы.
Ең бастысы, бұл құқықтар азаматқа оның мәртебесі ресми бекітілмей тұрып-ақ, яғни алғашқы байланыс кезінде-ақ хабарлануы тиіс. Егер бұл талап сақталмаса, алынған түсініктемелер мен айғақтар заңсыз дәлелдеме ретінде танылуы мүмкін.
«Миранда ережесі» деген не?
Жаңа Конституция жобасында бекітілген «Миранда ережесі» қылмыстық процестегі психологиялық қысымға, заңсыз мойындатуға және тергеу кезіндегі асыра сілтеушілікке тосқауыл қоюды көздейді. Бұрын азаматтар өз құқықтарын білмегендіктен немесе дер кезінде адвокат шақыру мүмкіндігі болмағандықтан, заң алдында әлсіз жағдайда қалатын. Енді бұл тәжірибеге конституциялық деңгейде шектеу қойылады.
1966 жылы АҚШ-та пайда болған термин америкалық Эрнесто Миранданың есімімен байланысты. Аризона штатында тонау және зорлау күдігімен қамауға алынған азаматтан адвокатсыз және құқығы түсіндірілместен жауап алынған. Нәтижесінде күдікті қылмысын мойындайды. Іс АҚШ Жоғарғы сотына жетіп, сот мұны адам құқығын бұзу деп таныды. Осыдан кейін АҚШ-та полиция айыпталушының құқығын міндетті түрде түсіндіруі тиіс деген талап енгізді.
XX ғасырдың соңына қарай «Миранда ережесі» сияқты заң талаптары Ұлыбритания, Австралия, Германия, Франция және Ресей Федерациясы сияқты мемлекеттерге енгізілді.
«Миранда ережесінің» осы нұсқасы көп қолданылады: «Сіз ештеңе айтпауға құқылысыз. Айтқан сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін. Сізден жауап алуға адвокатыңыз бірге қатыса алады. Адвокат қызметін қалтаңыз көтермесе, мемлекет өз есебінен ұсынады. Сіз құқыңызды түсіндіңіз бе?». Құқықбұзушылық жасап ұсталған кез келген азамат осы ережені түсініп жауап беруге міндетті.
Заңды білмеу – ең үлкен қауіп
Жаңа Конституция жобасына «Миранда ережесі» енгізілді. Бұдан не өзгереді? «Миранда ережесінің» қазақ қоғамы үшін маңызы қандай? Бұл сұрағымызға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, құқықтану білім беру бағдарламаларының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Ерлан Алтаев жауап берді.
– Бұл ереже бізге Америка Құрама Штаттарынан белгілі. «Миранда ережесінің» негізінде әрбір ұсталған азамат өзінің не үшін ұсталғаны туралы білуге, үнсіздік жариялауға, әрбір айтылған сөздің өзіне қарсы қолданылуы мүмкін екені туралы білуге, адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы туралы ұстау процестік әрекетін жүргізіп жатқан лауазымды тұлғалар тарапынан ауызша айтып түсіндіру міндеттемесін айтамыз.
Бұл ереже бір қарағанда қарапайым, түкке тұрғысыз дүние болып көрінуі мүмкін. Алайда ұсталған азаматқа күш қолданатын жағдайлар кездессе, онда ол азамат өзін осы заң арқылы қорғай алады. Мысалы, күдік келтірілген азаматты құзыретті орган қызметкерлері ұстап, процесс барысында ауыр сөз айтуы мүмкін. Сондықтан ол өзінің қорғаушысы болған жағдайда ғана жауап беруге құқылы. Әрбір азамат заң көмегіне жүгінуге құқығы бар. Мемлекет тарапынан қолдау болғандықтан, кейбір қылмыстық құқықбұзушылық жасаған азамат өзінің әрекетінің дұрыс емес екенін түсінеді. 2014 жылы қабылданып 2015 жылы күшіне енген ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 131 бабында бұл ереже бар. Ал Конституцияда бекітілуі бұл ереженің беделін көтереді, – дейді ол.
«Миранда ережесі» адамның өзін-өзі қорғауға мүмкіндік береді. Кейбір жағдайларда қатты қорқып немесе психологиялық тұрғыда дұрыс жауап бере алмауының әсерінен әділ шешім болмауы мүмкін. Сондықтан Конституция жобасына «Миранда ережесінің» енгізілуі – мемлекет қандай жағдай болса да адам құқығын қорғайтынының белгісі.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!