«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Сыр өңірінде «Мөлдір бұлақ» апталығы қорытындыланды. Жалпы акцияның мақсаты – табиғатты таза ұстап, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті арттыру.
Қоршаған ортаны таза әрі ұқыпты ұстау – әрбір азаматтың басты парызының бірі. Себебі табиғат – баршамызға ортақ құнды байлық. Қазақта ежелден табиғатты аялауға, жақсы көруге үлкен мән беріледі. Сол үшін де атадан балаға жалғасқан игі іс халық арасында өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Сондықтан да дәстүрін діңгек еткен дана халқымыз көктем шығысымен аумақты жасыл-желекке айналдыруға атсалысып, тал отырғызуда белсенділік танытып келеді.
Тазалық акциясы аясында су айдындары мен өзен, көлдер жағалаулары және арықтар бойы тазартылды. Апталық аясында 20 мыңнан астам адам, соның ішінде мемлекеттік мекемелер мен жеке ұйымдар, жастар және волонтерлер, тұрғындар қатысып, барлығы 245 техника жұмылдырылды. Бірі көгалдандыруға атсалысса, енді бірі арық жүйелерін және жаяу жүргінші жолдарын тазалады.
Тазалық апталығы аясында облыстағы Сырдария өзенінің жағалауы, Аққұмшық жағажайы, Кәрібөгет көпірі, Лайкөл, Қамбаш, Жалаңаш, Шөмішкөл, Райым, Тұщы, Иіркөл, Қараөзек, Әлімкөл, Жаманкөл сынды көлдердің және «Қалғандария», «Елтай», «Шіркейлі» секілді су арналарының жағалауларында қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы экоакция апталығы аясында су айдындары мен арықтар 40 тоннадан астам қоқыстан тазартылды.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!