Жексенбі, 24 қараша, 18:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Мұғалім өмір бойы оқиды

13.07.2024

389 0

Сурет:Н.Нұржаубай

Мұғалім болу үшін жай ғана төрт жыл оқып, қолыңа табақтай диплом алып, жұмысқа орналаса салу емес. Мұғалім болу – ұлттың келешегін ойлайтын, мұраты асыл, мақсаты айқын жастарды тәрбиелеп, олардың санасына сапалы біліммен қатар тәлімді тәрбиені сіңіре білу. Мұғалім – үйде де, түзде де, мектепте де мұғалім. Ұлтты тәрбиелейтін ұлы мамандық екенін ұмытпаған абзал.
Әрине, жас маман ретінде алдыңғы буынның тәлім-тәрбиесі мен тәжірибесін алып, өзімізге сабақ алып жүрміз. Педагогика ғылымы да өзге салалар тәрізді бір орнында тұрмайды. Сырғыған уақытпен бірге жаңарып, жаңаша бағытқа бой түзейді. Кешегі сабақ өткізген әдіс-тәсіліңіз бүгінге жарамайды. Міне, сондықтан мұғалім үздіксіз іздене жүріп, өзінің тәжірибесін шыңдайды. Мұғалім болу – төрт жыл ғана емес, өмір бойы оқу. Ол таңертең балалардың алдында өткізетін тақырыбын емтиханға дайындалған шәкірттей түнімен дайындалып, өзін қалыптастырады. Өмір бойы оқиды, өмір бойы білім алады, үнемі өзін дамытумен жүреді. Сонда ғана ол өзінің мамандығына лайық болады. Мен жас маман ретінде осы саланың өкілі екенімді мақтан етемін. Қазақтың бір баласын білімді, тәрбиелі болып, елге еңбек ететін елжанды етіп тәрбиелесем, сол – мен үшін үлкен бақыт.
«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі ең қастерлі орын – мұғалімдікі» деген еді Мағжан Жұмабаев. Қасиеті мен құрметі қатар жүрген ұлағаттылардың қай-қайсысының да еңбегі ерен. Бүгінгі қоғамда да мұғалім мәртебесі көтеріліп келеді. Мәселе көтерілген жалақыда емес, мәселе – қоғамның ұстазды ұлықтайтынында. Осы кезеңге жеткеніне қуаныштымын. Ұлтты тәрбиелейтін ұстаздардың қалыптасуы үшін олар өзгеге үлгі-өнеге болу керек, қоғамда өзіндік орны болуы керек, өз алдына мәртебесі биік, мерейі үстем болғаны дұрыс-ақ.
Әйтсе де мұғалім мәртебесі – көкке алақан жайып, сұрап алатын нәрсе емес. Мұғалім мәртебесі – ұстаздың өн бойынан табылатын, жылдар бойы тәжірибемен жинақталатын, оның өзін-өзі ұстауынан, әдебі мен салмақты көзқарасынан көрінетін ерекше құндылық. Бұл бағытта біздің әрбіріміз тер төгіп, еңбектене білуіміз керек.
Қызылорда қаласындағы ардагер ұстаз Марк Захарович журналиске берген бір сұхбатында «Баланы оқымадың деп сөкпеу керек. Бала дән секілді, жерге шашқан дәннің барлығы бір уақытта өркен жайып, бір уақытта гүлдемейді. Сол секілді әрбір баланың өзінің бүр жаратын, гүл ашатын уақыты болады» деген еді… Мұнан бөлек, «Менің атым – Қожа» көркем фильміндегі Рахманов ағайдың сөзі естеріңізде болар… «Бала – ішіне әр нәрсені толтыратын қапшық емес. Ол – шамшырақ. Оны жаға білу керек. Ал мен Сұлтанның шамшырағын жаға алмағанымды өмірлік өкінішім санаймын» дейді ғой…
Әр ұстаздың көкейіндегі мақсат ұлттың келешегінің тұтқасын ұстайтын білімді, саналы жасты тәрбиелеу болғанда ғана, біз ел мүддесін өз мүддемізден биік қойған едік. Менің мұғалімдік қызметтегі ұстаздарымнан түйгенім – осы. Мамандығымды мақтаныш санап, алдағы уақытта да көңілге түйген жақсы дүниелерімді тәжірибеде жүзеге асыруды асыл мұратыма айналдырдым.

Аякөз СПАНОВА,
Ғ. Мұратбаев атындағы
№171 орта мектептің мұғалімі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: