Сәрсенбі, 03 қыркүйек, 14:07

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№66, 2179
03.09.2025
PDF мұрағаты

Мұнайшы қыз Гүлбану

03.09.2025

71 0

Мұнайшы қыз шырайлы,

Ширақтығы ұнайды.

Тазалыққа үндейді,

Жалқаулықты  сынайды.

Коменданттың ірісі,

Жылдам, сергек жүрісі.

Мұнайшылар  жағдайын,

Сауықтыру  жұмысы.

Бұл жыр жолдары мұнай саласында қызмет жасап, ыстық-суығына төселген Гүлбану Маратқызы Кершебаеваның бейнесін ашып тұрғандай.  Ер адамдармен иық тіресіп жұмыс істеу әйел затына оңай емес.  Мойнына артылған міндеті де қиын. Гүлбану мұнайшылар қала­шығындағы 100 адамның жатын орнының таза­лығына, асханадан ішетін тағамының  құ­нар­лылығына жауап береді. Мердігерлердің, жұ­мыс­шылардың арыз-шағымына сай зерттеу жүр­гізіп, кеткен кемшіліктер болса түзетіп, барынша тіл табысуға тырысып, көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Жүзінен иман нұры төгіліп тұрған Гүлбануды әріптестері де қатты сыйлап құрмет тұтады. Мүмкін ата-анадан алған тәлім-тәрбиенің әсері болар Гүлбану  жұмыс барысында қатқыл сөйле­мей, сабыр сақтап әр адаммен жеңіл тіл табы­сады.  Вахталық жұмысқа әбден үйреніп алған. Мұнайлы жерде жұмыс істегенде ден­саулығыма кінәрат тиеді деп қорғанбай, аза­маттармен бірге елдің қара алтынын игеруге  атсалысып жүрген нәзікжандының  батыл­дығына да қайран қаласың. «Еңбектің наны тәтті, жалқаудың жаны тәтті» дейді халық дана­лығы. Жалқаулықты бойынан ысырып тастап, күннің ыстық-суығына қарамай қажыр­лы еңбек етіп жүрген майталман қыздың  қайсарлығы бөлек әңгіме. 

– Өмірде адам өз жолын таба білу керек. Әкем мен анам мені еңбекке ерте жастан баулыды. Олар қарапайым жандар. Өжеттікті бойыма сіңіруде, қиындыққа мойымай күресуде олардың қоғамдағы белсенді әрекеттері үлгі болды. Солардың жолымен адаспай жүріп келемін. Олар менің бағдаршамым. Таң қылаң бере ерте тұрып әкем  таңғы асты ішіп көлігін оталдырады. Анам болса мектепке кетеді. Біз балалары ата-анамызды үлгі тұтамыз, – дейді Гүлбану Кершебаева.

Өмір жолына келсек, Гүлбану Маратқызы 1980 жылғы 16 мамырда Кызылорда облысы, Тереңөзек ауданында дүниеге келген. 1985 жылы ата-анасымен Қызылорда қаласына қоныс аударып, №253-ші орта мектепті бітір­ген. Мұнан соң кооперативтік техникумға оқуға түсіп, оны жақсы тәмамдап, 16 жыл «Кому что» газетінде теруші болып жұмыс істеген. 2017 жылы Атырау қаласындағы Тенгиз қала­шығында 4 жыл әкімшілік қыз­мет­те бол­ған. 2024 жылдан бері АО «Кристалл» мекемесінде коменданттық жұмыс­та. Әкесі қарапайым жұмысшы, «Камаз» көлігін жүргізеді. Ал ана­сы болса мұға­лім. Отбасындағы тәлім-тәрбие­нің әсері болар Гүлбанудың бойында жауап­кершілік, талапшылдық, адамгершілік ұстаным бар. Ең бастысы өз жұмысына салғырт қарап көрген емес. Қашанда жинақы, сергек, тиянақты қалпын сақтап жүрген қарапайым қызды ұжымы да ерекше құрметтейді. Сыр өңірінің қара алтынын игеруге үлес қосып, табандылық көрсетіп жүрген қажырлы қызға ел риза.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: