Әуеде қалықтап бара жатқан ұшаққа қарап, көпшілік таңырқай қарауы мүмкін. Бірақ сол ұшақтың ұшуы үшін жерде тынымсыз тер төгіп жүрген мамандар барын бірі білсе, бірі білмес. Қауіпсіздіктің көрінбейтін шебін күзетіп, ұшаққа қажетті әр құрылғыны мінсіз жұмыс істеуге бейімдейтін мамандар – инженерлер.
Сол инженердің бірі емес, бірегейі – Айтбек Юнусов. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда әуежайында қызмет етіп келе жатқанына отыз жылға жуық уақыт болған. Қазіргі таңда авиациялық инженерлік құрам бөлімінің білікті инженері.
– Кезекшілікке келген сәттен бастап бар назарымды ұшу қауіпсіздігіне бұрамын, – дейді Айтбек аға.
Ең алдымен ұшу кестесін мұқият қарап шығып, қай ұшақтың қай уақытта келіп, қай уақытта ұшатынына дейін нақтылап алады. Бұл – алғашқы дайындық. Одан кейін техникалық қауіпсіздікке байланысты нұсқаулықпен танысып, жауапты іске қырағылықпен кіріседі.
– Ұшақ келмей тұрып, оның тұрақ орны толықтай тексеріледі. Қауіп төндіруі мүмкін заттар мен бөгде техникадан тазартамыз. Ұшақ қонатын кезде оның айналасында тек қажетті құрал-жабдық пен қызмет көліктері ғана болуы тиіс, – дейді Айтбек Юнусов.
Инженер үшін ұшақтың көкке көтеріліп, аман-есен қонуы техникалық жүйенің ақаусыз жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Әсіресе ұшақтың тұраққа дұрыс тоқтауы, қозғалтқышының толық сөнуі, қауіпсіздік белгілерінің сақталуы инженерлік бақылаудың басты назарында. Айтбек аға ұшақ ұшып кеткен соң жұмыстың аяқталмайтынын, керісінше келесі рейс үшін дайындық басталатынын айтады. Бұл үздіксіз қозғалыс, тоқтаусыз тексеріс, әр минуттың артында үлкен жауапкершілік тұрған қызмет. Отыз жылға жуық уақытын осы салаға арнаған инженер жұмысына бір сәт жеңіл қараған емес. Себебі оның жұмысы қателікті кешірмейді. Бір болмашы салғырттық, тұтас жүйеге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан Айтбек Юнусов жұмыстың әр сәтіне сергектікпен, тиянақты қарайды.
– Біздің жұмыс көзге көрінбегенімен, темірдей тәртіпті талап етеді. Жолаушы ұшағына мініп, межелі жеріне жеткенше, бұл тәртіп мүлтіксіз сақталуы керек. Біз ұшақ аспанға көтерілгенше емес, жолаушы жерге аман жеткенше тыныштала алмаймыз. Сол үшін де біз үздіксіз қызмет етеміз, – дейді ол.
Инженердің еңбегі көп айтылмайды, көп жазылмайды. Бірақ ол ұшақ аман жетсе деген ел тілегімен, жолаушының жүрегіндегі сеніммен ұштасқан міндет. Айтбек ағаның қалтқысыз қызметі соның дәлелі. Аспан мен жер арасындағы қозғалысты үйлестіріп тұрған дәлдік пен тәртіпке сүйенген инженерлік еңбек. Айтбек Юнусов секілді мамандардың қызметі көзге көрінбегенімен, ел қауіпсіздігі мен сенімді сапардың кепілі солардың иығында.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау арқылы дәл осындай еңбек адамдарын дәріптеуге жол ашты. Себебі елдің тыныштығы мен тұрақтылығы тек биік мінбердегі шешімдермен емес, еңбекпен де өлшенеді.
Айтбек аға өз ісіне адал, ұсақ-түйекке мән беретін аса қырағы, жауапкершілікті серік еткен маман. Ол инженер мамандығының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін күнделікті ісімен дәлелдеп жүр.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!