Сейсенбі, 14 қазан, 11:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78, 2190
14.10.2025
PDF мұрағаты

Мұнтаздай тазалықты мақсат еткен

14.10.2025

43 0

Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Сыр елінің бас қаласы – Қызылорда күн өткен сайын құлпырып, бүгінде өзінің шырайлы келбетімен, тазалығымен көз сүйсінтіп келе жатқаны анық. Соңғы уақытта қала тазалығын айтып әрбіріміз мақтанып жүрміз. Дегенмен көшедегі тазалық өздігінен пайда болмайды. Мұнтаздай таза қаланың арғы жағында таңмен таласа оянып іске кірісетін «Қызылорда тазалығы» мекемесі ұжымының еңбегі жатыр. Бұл мекеме қаланың тазалығын қамтамасыз етуде жүйелі жұмыс атқарып келеді.

Соңғы 10 жылда Қызылорданы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпты ұстау мәселесіне ерекше ден қойып, тиісті шаралар қолға алынып келеді. «Қызылорда тазалығы» мекемесі бүгінде шаһардың мұнтаздай таза болып тұруы үшін қарқынды тірлік жасауда. Бұл мекеменің ауқымды істерінің нәтижесінде қоқыс тастайтын полигон салынған. Бүгінде қоқыстарды сол жерге тастап, сұрыптайды. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің арасындағы контейнердегі қоқыстарды алу үшін машиналар бөлінеді. 

«Қызылорда тазалығы» мекемесінің мәліметіне сүйен­сек, осы жылдың мамыр айынан бастап кәсіпорынға «Жасыл Қызылорда» мекемесінің жабылуына байланысты 76 жұмысшы қосылған. Осылайша, штаттық кестеде бар­лығы  632 жұмыскерді  құрайды. Қазіргі  таңда  мекеме қала­мыздың 500-ден аса көшелерінің санитарлық тазалық жұ­мыстарын жүргізуде. 916 көпқабатты тұрғын үй, жеке сектор бойынша 563 көше кестеге сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтары шығарылады. Осы жылдың қаңтар – шілде  айлары аралығында жалпы полигонға 325 109,52 м3  қоқыс тасымалданған. Бүгінде қаланың санитарлық тазалығына және тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаруға 93 арнайы техника  жұмылдыруда. 

– Күнделікті 12 бригада санитарлық тазалық бойынша жұмысқа шығады. Таңертең сағат 7-30-дан қаланың шеткі аймақтарынан бастап тазалық жұмыстарына кіріседі. Сол жағалау, Талсуат ауылдық округіне бара жатқан жолдар, «Бәйтерек» шағын ауданы және Тасбөгет кентіне дейінгі аумақтың тазалығына қараймыз.  Мұнда жұмыс істейтіндердің еңбегі адал. Олар қандай қиындыққа да шыдап, бар күшін салады. Қазіргі таңда тазалық жұмыстары қарқынды жүруде, – дейді «Қызылорда тазалығы» мекеме­сінің санитарлык тазалық бойынша сектор меңгерушісі Гүлзинат Жұмабекова.

Қаланың санитарлық тазалығы бойынша «Қызылорда тазалығы» өз жұмысын тұрақты атқаруда. Атап айтқанда, брусчатканы әктеу, қоршауларлы жуу мен сырлау, ескерт­кіштерді, су бұрқақтарды, аялдамаларды, аллея мен скверлерді, Қызылорда қаласының паспорттарын жуып тазалау секілді барлық жұмыстарды атқарады. Күн сайын қала таза болып тұруы басты мақ­сатқа айналған.

– Қала көшелері­нің тазалығын қамтамасыз ету бағытында тазалық­шылар  белсенді жұмыс істейді.  Жоспарға сәйкес күнделікті жұмыстар уақы­тылы аяқталады. Мәселен, жаз айларында көше арам шөп­терден тазартылып, бордюр­лер, көше бойындағы талдар толығымен ақталды. Күн сайын көшелерге екі мезгіл су себілетін. Әр шағын аудан уақытында қоқыс қалдықтарынан тазартылып тұрады, – дейді Гүлзинат Жұмабекова.

Сондай-ақ мекеме «Таза Қазақ­стан» экобағдарламасы аясында қала әкімдігі ұйымдастырған қалалық сенбі­ліктерге белсенді түрде қатысады. Мекеме қызметкерлері қаламызда өтіп жатқан ауқымды шаралардың барлығында қала тазалығы үшін аянбай тер төгуде.  Олар мұнтаздай тазалықты мақсат етеді.

Қала тазалығы бір мекеменің ғана емес, тұрғындардың да қолында. Мәселен, «Қызылорда тазалығы» мекемесі бүгінде шаһардың мұнтаздай таза болып тұруы үшін қарқынды жұмыс істеуде. Дегенмен арқаны кеңге салып отыра бермей, тазалыққа сіз де үлес қосыңыз. Ауланы ретке келтіріп, ұқыпты ұстау санитарлық талап қана емес, мәдениет пен талғамның белгісі. Тазалық – табалдырықтан басталатынын ұмытпаңыз.

Бетті дайындаған

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: