Сенбі, 12 шiлде, 06:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№51,2464
12.07.2025
PDF мұрағаты

Мұрап

12.07.2025

55 0

Су бар жерде тіршілік бар. Сол тіршіліктің тынысын ашып, тамырына су жеткізетін еңбек иелері халықтың қамын ойлап, жолында табан ет, маңдай терін жұмсап жүр. Кейде олардың еңбегі көзге көрінбей, аты аталмай қалады. Алайда елеусіз көрінген сол жандарсыз бір күн де өмір сүре алмайтынымыз анық. Міне, сондай жандардың бірі аяқсу жүйесіне жан бітіріп, ел ырысын еселеп жүрген су мамандары. Олар таңмен таласа тұрып, кешке дейін гүрілдеген мотордың қасында еңбек етеді. Жұмысының қиындығына қарамастан бұл кісілер судың сағасын тоқтатқан емес.

Осы салада қаншама уақыт еңбек етіп келе жатқан маманның бірі – Нұрлан Асқаров. Қала көшелерінде сылдырап аққан су, қала аймағындағы жер үйлердің ауласына баратын аяқсу осы кісінің еңбегімен тікелей байланысты десек ар­тық айтқандық емес. Су сорғыны қосып, су жіберу. Қарапайым жеңіл естіл­гені­мен, жүйелі бақылауды талап ететін аса маңызды іс. Әр көшенің өз реті бар. Ал осы жүйенің бәрін қадағалап, судың қысымын өлшеп, су тартқыш қондырғыларын дер кезінде қосып, өшіру Нұрлан мырзаның күнделікті қызметі.

– Су сорғыны қосқанда жай ғана батыр­маны баса салмаймыз. Әуелі жүйені тексеріп, судың бағыты мен деңгейін есепке аламыз. Кей жердің қысымы жеткіліксіз болса, енді бір жерлерге артық кетіп қалуы мүмкін. Сол үшін бәріне бірдей қарай алмайсың, бірақ біз сол үшін тырысып, еңбек етеміз. Ұқыптылық керек, – дейді Нұрлан Асқаров.

Бұл жұмыста мезгіл деген болмайды. Кейде таңнан тұрып, кейде кешке дейін жүріп қалады. Су тоқтап қалса, тұрғындар дереу хабарласады. Нұрлан аға сол сәтте басқа шаруаны тастап, су жүйесін реттеуге асығады. Кейде су тартқыш құрылғы қы­сым­ды көтермей қалады, кейде тоққа қатыс­ты ақаулар туындайды. Осындайда ол мәселені техникалық жағынан шеше біледі.

– Бір қарағанда елеусіз мамандық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ біз отба­сымыздың нәпақасын адал еңбектің ар­қасында тауып жүрміз. Адал еңбекпен тапқан табыс қашан да берекелі болмақ. Өзім осы мамандығыммен мақтанамын. Елге керек істің басында жүргеніме қуанамын, – дейді білікті маман.

Мұрап

Нұрлан Асқаров секілді жұмысшы мамандардың еңбегі күнделікті тіршілік­тің тынысы. Су халыққа қажет, ал сол судың уақытылы жетуі осындай маман­дардың маңдай терімен атқарылып жат­қан іс. Көпке көрінбесе де, бұл қызметтің қоғам­дағы орны ерекше. Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп бекер жариялаған жоқ. Бұл – қарапайым еңбек адамын елеу, құрметтеу деген сөз. Адал еңбектің абыройы қашанда биік болмақ.

Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: