Жексенбі, 22 желтоқсан, 07:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: Бізге жаңа экономикалық модель керек

19.03.2024

824 0

Қадірлі оқырман! Газетімізде мемлекет және қоғам қайраткерлері, қазаққа қызмет еткен тұлғалардың өмір мектебінен түйген, көрген-білген тағылымдарын, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне көзқарасын білу мақсатында «Шынымды айтсам…» атты жаңа айдар ұсынып отырмыз. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекет қайраткері Мұрат Ергешбаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Мұрат Нәліқожаұлы, кеше ғана Атырауда Ұлттық құрылтай өтті. Әңгіменің әлқиссасын осы құрылтайдан бастасақ. Құрылтай бізге не береді? Осыған дейін көтерілген мәселелер шешімін тапты ма? Қызылордада қашан өтуі мүмкін?

– Ұлттық құрылтай Ұлытаудан басталды. Ел тарихында орны бөлек аймақ. Асан қайғының тамсанып, таңданып, ат сауырына бөктеріп алып кете алмай, қимаған жерұйығы Ұлытау – ұлт мақтанышы. Құрылтайдың осы жерден басталуы тегін емес. Одан кейінгісі Түркістанда өтті. Түркістан – еліміздің рухани астанасы. Үшінші құрылтай Ақ Жайықтың жағасындағы айбынды мекен – Атырауда өтті. Енді кезегімен барлық облысқа ауыса береді ғой. Бізге келетін де сәт туады. Қасиетті Қорқыт атаның жамбасы тиген жер. Бүкіл түркі әлемінің мақтанышы, Сырдың символына айналған. Әр өлкенің өз маңызы бар. Ел ұлы даланың тарихын білу керек. Енді бір айтарым, қазір өздеріңіз де көріп жүрсіздер, Шыңғыс хан қазақ болды деп таласып жүрміз. Президент оған да шектеу қойып жатыр. Мейлі, қазақ болсыншы, одан өзгеретін не бар? Рас, тарихты білу керек, бірақ оған өтірік қоспау керек дегенді айтты. Анығы осы, мұны академик Асқар Жұмаділдаев ағамыз да айтты. Тарихты білген дұрыс, бірақ оған өтірік қосуға жол жоқ. Алға ұмтылуымыз керек. Қазір техногендік заман. Бізге ескі дәуір елесінен шығу керек.

Құрылтай – қоғамдық кеңес тәрізді, әр саланың марғасқа мықтыларынан құралып, осы елдің мәселесін шешуге бағытталған ұлттық маңызы бар үлкен жиын. Мәселен, экономикалық бағытта елдің мойнына алып отырған жүгі жетерлік. Қазір саланы білмесе де, «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп сын айтатындар көп. Бірақ біздің елдің негізгі ұстанымы – халықтың қолына балық емес, қармақ беру. Жұмыспен қамтуда елдің алдында үлкен мүмкіндіктер алаңы тұр. Мемлекет басшысы лудоманияға, «вейптерге» арнайылап тоқталды. Елімізде 400 мыңға жуық азамат лудоманиямен ауырады екен. «Вейп» мәселесі Парламентте Мәжілістен өтті, енді Сенат қолдаса, заң күшіне енетін болады. Жастар тәрбиесі де назардан тыс қалмады. Есіңде ме, мектептерден еңбек сабағын алып тастаған болатын. Қазір шеге қаға алмайтын балалар пайда болды. Олар ертең қандай ер азамат болады. Осы еңбек сабағын да қайта енгізді. «Әліппемізден» де айырылып қалып ек, қайта қауыштық. Мұның барлығы – осы құрылтайдың жемісі. Біз елдің болашағын жарқын етеміз десек, ең әуелі жастарды тәрбиелеуіміз керек.

 Мойындауымыз керек, 90-жылдардағы қиыншылық қалпымен, сол кездегі психология, сол кездегі түсінікпен келе жатқан да азаматтар бар. Түсінемін, қиындықтар өтті, бірақ жаңару керек. Адам ізденіп, жаңа заманның көшіне ілесе білу керек. Не істеуге болады, немен айналысуға болады деген бағытта ойлану қажет. Мемлекет те, жеке тұлғалар да даму бағытында қадамдар бастауы тиіс. Мемлекет басшысы құрылтайда ұсыныстарын айтып, құрылтай мүшелерімен кеңесіп отыр. Біз қай кезде де бірлігімізді көрсетуіміз керек.

Кезінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Рауан Кенжеханұлы деген азамат болды. Қазір ол әлемнің мықты оқулықтарын қазақ тілінде сөйлетіп жүр. Түрлі жобалар аясында ұлттық құндылық бағытында еңбек етуде. Қазір google-дың өзі қазақ тілінде. Бұрынғымен салыстырғанда бүгін әлдеқайда жақсарды. Жастардың тіл білуіне де мүмкіндік көп. Тіл білген адамның алдында шекара болмайды. Әрине, өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауда үлкендеріміз – ақсақалдарымыз салмақты, салиқалы ой айтатын тұғырдан таймау керек. Оларды тың­дайтын, тарихты білетін ұрпақ қалыптастыруымыз қажет. Біз осылай ұлттық бағыттағы жұмыстарды жандандыра береміз.

– Қызылорда облысының әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткішін саралап жүресіз. Биыл қуанарлықтай өсім бар. Бұл қандай іс-шаралардың жемісі?

– Негізі Қызылорда облысы көрсеткіштер бойынша үнемі аутсайдер болып жүретін. Өйткені мұнай бағасының құлдырауы, қорының азаюы, өнеркәсіп өндірісінің болмауы осы деңгейге алып келді. Ешкім инвестиция салғысы келмейтін. Кейінгі жылдары инвестиция тарту бағытында жұмыс қарқыны сезіледі. Құрылыс саласы 146,6 пайызға, өндіріс көлемінен 140,3 пайызға өссе, ауыл шаруашылығы саласында 102,2 пайызға өсім бар. Ал тұрғын үй құрылысынан көшбасшылардың бірі. Бұл жай сөз емес. Мұның ар жағында қаншама жұмыс тұрғанын ұмытпау керек. Облыс әкімінің еңбегі зор. Бізге тән бір қасиет бар: ол болмайды, қиындау деп шорт кесеміз, болдырудың жолын іздемейміз. Міне, осы дағдының қамытын шешіп тастап, іске нықтап кіріскеннің жемісі – көш басында тұрған көрсеткіш. Түптеп келгенде, республика бойынша қай жағынан да алға шығып, аймақтың абыройын арттырып отырған көрсеткіш көп. Инвестицияның құрылыс саласындағы өсімі 7,9 пайызға, білім саласында 56 пайызға, көлік саласында 47 пайызға өскені көңіл қуантып отыр.

 Екіншіден, инвесторлардың облыс әкіміне деген сенімі. Мәселен, 30-40 миллиард теңгеге жуық қаржы жеке кәсіпкерлердің инвестициясы. Қаншама ғимараттар, әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Ол кәсіпкерлер кеше-бүгін келген жоқ. Осы Сыр топырағында талай жылдан бері кәсібін дамытып, еңбек етіп жүрген азаматтар. Олардың қазіргі басшылыққа, қазіргі жүйеге деген сенімі осындай жетістіктерге жетеледі. Мұнан кейін бұл – команданың жұмылған жұдырықтай жұмыс істеуінің нәтижесі. Осы жетістікке жету үшін қаншама еңбек, қанша жұмыс атқарылды, шешімдер шығарылды.

– Кәсіпкерлердің табысын жасыру мәселесін көтеріп жүрсіз. Сіздің ойыңызша, көлеңкелі экономикадан қайтсек арыламыз? Мүмкін, мемлекет әлі де тиімді тетігін таппай отырған шығар?! Сіз қалай ойлайсыз? Аймақта кәсіпкерлерге жасалып жатқан қолдау, жеңілдетілген несиелер мен инновациялық гранттар жетерлік. Мұның ар жағында ашылуынан жабылуы тез кәсіпкерлік нысандары да бар. Әлде көздеген мақсатқа жетуде тексерістер мен қадағалау жетіспей тұр ма?

– Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстандық 9 мың жеке кәсіпкер 7 триллион теңге табысын жасырып, салықтан жалтарып отыр екен. Бұл – кәсіпкерлерді қолдайтын, инфрақұрылымды жақсартатын бағдарламаларымыз өз деңгейінде орындалмай отыр деген сөз. Бұл мәселені шешу үшін декларация енгізіліп жатыр. Бұрын тек мемлекеттік қызметшілер ғана тапсыратын. Енді бұл қатарға жеке кәсіпкерлер, ұлттық компания қызметкерлері, тағысын-тағылар қосылды. Ал 2025 жылдан бастап кәмелеттік жасқа толған әрбір қазақстандық декларация тапсырады. Декларацияның тиімділігі жөнінен бір-ақ мысал айтайын. Бұрын біреудің әпкесіне, досына, бауырына, атаанасына, тағы басқаларға мүлкін жаза беретін. Кейде үлкен кәсіпорындардағы үлесін де жазатын. Ал 2025 жылдан бастап, «айналайын, мына үй қайдан пайда болды? Мынадай қымбат көлігің, мына компаниядағы үлесің қайдан пайда болды?» дейді ғой. Сонда қарапайым жұмыс істеп жүрген адам немесе жұмыссыз адамның атында бір ғимарат болса, оған қалай қол жеткізгенін сұрайды. Міне, осыны қолға алғанда адамдар мұндай нәрселерден аяғын тартады. «Маған мұндай мәселе керек емес» деп басын ала қашады. Нәтижесінде барлығы заңдастырылып, жүйеге келеді. Өткен жолы мобильді аударымдарға байланысты үлкен мәселе, дау шықты ғой. Түсініп алу керек, барлығы бірдей тексерілмейді, тексерілетіні – артық кеткендер. Оның өзі алдымен есептелініп, сосын барып жолға қойылады.

Негізі біздің елдің бюджеті әлеуметтік бағытқа арналған. Біз бұл салық жүйесін дұрыс пайдаланбасақ, бюджеттің бүйірін томпайта алмаймыз. Жаңа 9 мың жеке кәсіпкердің 7 триллион қаржы жасырғанын айттым ғой. Ал оның 1,5 триллионы салыққа түсу керек еді. Мұны кәсіпкерліктің дамуына кедергі деп қарауға болмайды. Бұл әлі зерттеліп жатыр. Бәрі анықталған соң ғана кәсіпкер мен салық органдарының арасында мәміле жүреді. Бұл екі жаққа да тиімді, тепе-тең болу керек.

Тағы бір мәселе – бюджет қаржысын тиімді жұмсау. Президент те осы мәселені көтерді. Ең бірінші халыққа не керек, соған басымдық берейік. Бірінші кезекте, таза, сапалы ауызсу, жарық, мүмкіндік болса, елді мекендерді толық газдандыру керек. Ең бірінші балабақша, мектеп, ауруханаға, т.б. халық көп баратын жерлерге баратын жол жақсы болу керек. Шағын ауылдарда аумағы ат шаптырым мәдениет үйлері бар. Иә, ол өзін-өзі ақтамайды. Өзін ақтамаса да, рухани бағытта халыққа керек. Бірақ осындай нәрселерді жағдайымыз жақсарғанда да жасауға болады. Ең бірінші халықтың жайлы өмір сүруіне мән беру керек. Президент құрылтайда да осы мәселені қозғады. Міне, осы айтқан үш нәрсе бір-бірін толықтырып, кешенді іс-шара ретінде қолға алынған дұрыс. Бізге жаңа экономикалық модель керек. Бірақ ең алдымен бізге қай бағыт тиімді, соны білгеніміз абзал. Сонда мақсат айқын болады.

Кеңестік кезеңде еңбек нарығын реттеп отыратын. Әр өңірдің табиғатына сай негізгі бағыты таңдалатын. Мысалы, Қарағанды өндіріс бағытында, солтүстік өңірлер бидай егуге қолайлы. Сыр өңірі дарияның жағасында құнарлы жерімізбен, күн сәулесінің молдығымен күріш егуге бейімделді. Міне, осы бағыттардағы жаңа экономикалық моделді құра білсек, жоспарлы түрде дамуға бет аламыз.

– Депутаттық сауалдарыңызда білім саласын жергілікті атқарушы органдарға бекітуге байланысты пікір білдіріпсіз. Осы жерде кеңінен тоқталып өтсеңіз. Өйткені ауыл мектептеріндегі жағдай сырт көзге жақсы көрінгенімен, қаражат тапшылығы етектен тартып тұратын кездері жоқ емес.

– Мен сияқты әкім боп қызмет еткен бірқатар азаматтар осы мәселені жеткіздік. Көзбен көріп, қолмен ұстаған жағдай. Аудан әкімдігінің құзырында білім, орман шаруашылығы, ветеринариялық бөлім бар еді, қазір ол да жоқ. Денсаулық сақтау саласы, жұмыспен қамту орталығы облыстық басқармаларға берілді. Бір мысал айтайын, алдыңғы жылдары бір аудандағы мектептің шатыры ұшып кетті. Оған білім басқармасы табан астында қаражат бөліп бере алмайды. Қосымша қаражат сұрайды, конкурс жариялайды, осылай уақыт өткізіп алады. Болмаса, жылу орталығы істен шықты делік. Аудан әкімдігі мамандар шақырып, қолдау көрсетіп, тез арада қалпына келтіріп береді. Қазір білім саласында жемқорлық белең алып, бет қызартып жатыр ғой. Міне, осының барлығы орталықтандыру салдарынан. Орталықтағылар сонау шалғай ауылдағы бір мектептің ішінде болып жатқан жағдайды қалай бақылап отырады? Мысалы, ветеринариялық бағытта мал аурулары пайда болады. Оны орталықтағы мамандар қалай шешеді? Қазір аудан, ауыл әкімдерін сайлау жүріп жатыр. Сайланған әкімнің қолы қысқа болса, сайлаушыларына не деп жауап береді? Халық «мынаның қолынан ештеңе келмейді екен» дейді, ал шын мәнінде әлгіндей жағдай болып жатқанын олар тереңіне бойламаған соң, біле бермейді. Негізі, мұның барлығын жергілікті атқарушы органдарға беру керек. Өйткені салаларды әкімдіктерден алғанмен, талапты алған жоқ. Жауапты басқалар болса да, талап әкімнен талап етеді. Біз мәселені көтердік, қосымша талдап та беріп жатырмыз. Қалай шешілетінін уақыт көрсетеді?

 – Су тапшылығы бүгінде күн тәртібінен түспей тұр. Әрине, суды аз қажет ететін дақылдарды егуде шаруашылықтар қам жасап, әрекет етіп жатыр. Бірақ… Аймақта жүз гектарлап жаңадан жер ашып, күріш егіп жатқандарды көз көріп жүр. Бұл су тапшылығын пайдалана отырып, алпауыттардың дамып, шағын шаруашылықтарды ысырып тастап, құрдымға жіберу емес пе?!

 – Әрине, бұл жерде талап қатаң болуы керек. Ауыл шаруашылығы саласының басшылары ауыспалы егістіктің көлемі мен бағытын бекітеді. Сол кезде барлығын қадағалау керек. Былтыр сәуір айынан бері 15 депутаттық сауал осы су мәселесіне байланысты жолданыпты. Түркістан, Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында да осы мәселе көтерілген. Негізі су тапшылығына байланысты барлық ғалымдар нақты пікір білдірген. Қазір министрліктегілер де үлкен тұжырымдама дайындаған. Менің байқағаным, олар тек «Қазсушар» мекемесіне қарайтын каналдарды ғана есепке алды. Ал ішкі шаруашылық каналдар не шаруашылыққа, не «Қазсушар»-ға қарамайды. Оларды қазып, қалыпқа келтіруді шаруашылықтарға беру керек. Өйткені олар сол арқылы су алып отыр. Одан бөлек, экологиялық бағыттағы суымыз да бар. Өзен-көлдер мен тоғайлар, мал жайылымдық жерлер ерте көктемде және күзде суарылып, малдың жайына жағдай жасау бағытында да көмілген каналдарды тазалау керек. Қызылорда облысының Жалағаш ауданында бұл жұмыс жүрді. Бірақ жай ғана қазып кетіп жатыр. Басқа өңірлерде бетондау жұмыстары қолға алынған. Ертеңгі күні тағы да қоға, қамыс шығады, жолдар бітеледі. Мұны мен мәселе етіп, көтеріп, ұсысынымды айттым. Ал судың қадірін білу үшін тарифті белгілі бір мөлшерден артық алғанда еселеп төлейтін үрдісті қалыптастыру керек. Сонда әркім өзіне қажет мөлшерін ғана алады. Бізге нақты ісшара керек. Тек өзімізді ғана ойлай берсек, бір күні шаруашылықтарға «айналайындар, қоя қойыңдар! Күріштерің керек емес, біз сырттан алдырамыз, сол арзанға түседі» деп қалуы да мүмкін. Ол кезде шаруашылықтар жұмыссыз қала ма? Жоқ, олай болмайды. Сондықтан өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол керек. Күрішті қойсақ, сусыз қаламыз, мал жайылым да қалмайды.

– Аудан басқарған кезде «мен аспандағы айды әперем деп айта алмаймын, бірақ болатын істі айтамын, болмайтын іске құр уәде бере алмаймын» деп ашып айтқаныңызды бірнеше рет байқадық. Көп әріптестеріңізге ұқсамайсыз. Бұл кімнің мектебі?

– Біріншіден, өзімнің ұстанымым. Екіншіден, әкем берген тәрбие. Болатынына көзім жетпеген іске уәде бермеймін. Табиғатымнан солаймын. Әкем «бос сөйлеме, айтқан сөзіңе жауап бер» дейтін. Қай жерде әкім болсам да артыма жақсы іс қалдыруға тырыстым. Ел сәлем айтып жатады. «Нық айтады екенсің, істің адамысың» дейді. Елдің бағасынан артық не бар?

– «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деп жатады. Сіздің әкеңіздің есімі елге белгілі. Шыныңызды айтыңызшы, әкеңіздің сенімін ақтай алдым деп айта аласыз ба?

– Оны уақыт көрсетеді. Біреу Құнанбайға барып, «Абай сенен озды ғой» дегенде ол «Абай алдымен мен сияқты Абай деген баланы тудырып алсын» деген екен. Мәселе, өмірге келуіне ықпал еткенде емес, тәрбиелеуде. Халықтың арқасында азды-көпті елге қызмет жасауға тырыстық. Адам болған соң кемкетіктер де болады. Бір мықты ойшыл «кемшіліктер болған соң, мен оны қайталамауға тырысып, осындай дәрежеге жеттім» деген екен. Біз де сол алған тәжірибенің арқасында өстік.

Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы бізге «кабинетте отырмаңдар, елмен араласыңдар, жаяу жүріңдер» дейтін. Өмір мектебінен алған сол тәртіп әлі күнге бойымызда бар. Қай ауданды басқарсам да, жаяу жүретінмін. Елдің арасында мәселені көзбен көремін, өзімнің телефоныма суретке түсіріп алып, оның шешілуін қадағалаймын. Ел ішінде кабинетке кіре алмай, кездесуге жете алмай жүрген адамдар болады. Олардың мұңын тыңдайсың. Қазалы ауданында көбіне атпен жүретінмін. Өйткені аудан үлкен. Қарамағымдағылардың бәріне жаяу жүруді тапсырдым, талап еттім, аса шұғыл болмаса көлікті пайдаланбаймыз. Міне, халықтың алғысын да алып жүргеніміз сол елмен етене болғанымыздан шығар… Әкемдей болу қайда, ол кісі тұлға ғой, менің ойым әкемнің атына кір келтірмесем екен деген мақсат ғана… Оның айтқан ақылы мен берген бағытынан таймай, маңдай терімді төгіп, елдің ертеңі үшін еңбек етуді мақсат еттім, сол жолда келемін. Өйткені халықтан үлкен ешкім жоқ, қандай қызметте қандай биікте болсаң да, сен – сол халықтың бірісің.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ҚЫРДАН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: