Сыр елінің бас қаласы Қызылорданың қазақ елінің астанасы атанғанына биыл 100 жыл толып отыр. Екі ғасырдан астам тарихы бар шаһардың күллі шежіресі, тарихы, сол кезеңнің экспонаттары қалалық музей қорында қаттаулы. Мерейлі мерекеде қала тарихына қатысты құнды деректерді білу үшін қалалық музей директоры Төремұрат Ыбырайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Қызылорда қаласының тарихы музейіндегі экспозициялар қай дәуірдің бейнесін сипаттайды? Тұтас тарихты көз алдымызға алып келетін экспонаттарға тоқталсаңыз…
– Әрине, музейдің қорында қатталған тұтас тарихи оқиға бар. Мұндағы экспонаттар ХIХ ғасырдың оқиғасы желісінде жасақталған. Мәселен, Ресей империясының отарлау саясатының күшеюі қоқандықтар тарапынан Орталық Азиядағы иеліктерін сақтап қалу үшін Сырдария өзенінің бойына бірнеше бекініс салуға түрткі болды. Солардың бірі Сырдарияның оң жағалауына салынған Ақмешіт бекінісі Бақалы қопа ойпатында бой көтерген. Қамал маңын қамысы қалың тоғайлар, бірнеше көлдер қоршап тұрған. Бекініс 1817 жылы алғаш Сырдарияның сол жағалауында, кейін 1818 жылы оң жағалауына көшіріліп, құрылыс материалына қамыс көптеп пайдаланғандықтан «Қамысқала» деп атаған.
Профессор Ә.Қоңыратбаевтың зерттеулеріне сүйенсек, Ақмешіт бекінісін салуға он екі мың қазақ тартылды. Айналасы ор, батысы дария болған. Қосымша арық салынып, оның бойына бау-бақша егілген. Ақмешіт бекінісінің негізін қалауға жергілікті тұрғындар мүдделік танытты. Себебі батыс аймақтан еніп келе жатқан патшалық Ресейге тойтарыс берудің бірден-бір жолы деп түбі бір мемлекеттік құрылым шеңберіне топтасуды көздеді. Бұл бекініс орны ежелден Сыр өңірінде өмір сүрген қазақтардың төл мекені, ту тіккен ордасы болды.
Ақмешіт – 1817 жылы салынған көне бекініс. Ол қазіргі Қызылорда қаласының орнында болған. А.И.Добросмысловтың дәлелдеуі бойынша Ақмешіт бекінісін Қоқан ханы Омархан салғызған. Бекіністің әр қабырғасы 110 метр, саз балшықтан тұрғызылған. Іргесінің қалыңдығы 10,5 метр, жоғарғы жағы 4,36 метр, биіктігі 12 метр болған. Қабырғасының жоғарғы жағында оқ атуға ыңғайлы ойық жасалған. Бекініс сыртынан ені 10 метр ор қазылған. Ордың алдынан қорғаныс қабырғасының 2-қатары тұрғызылған. Бекініс ішінде саз балшықтан салынған 50-ге жуық үй, екі мешіт, медресе, оқ-дәрі қоймасы, құдық болған.
– Перовск қала дәрежесін алған кезеңді суреттейтін көріністер немесе жәдігерлер бар ма?
– ХIХ ғасырдың 60-жылдарында Ресей империясы қазақ даласының оңтүстік өңірін толығымен өзіне бағындырып алғаннан кейін әлеуметтік-экономикалық және де қоғамдық өмірде қалыптасқан жағдайға сәйкес қайта құру жұмысына кірісті. 1867 жылдың 11 шілдесінде II Александр патша империя құрамында жаңа Түркістан генерал-губернаторлығын құру жөнінде жарлыққа қол қойды. Осы жарлықпен бір мезгілде «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесі туралы» жобасы бекітілді. 1886 жылдың 12 маусымында қабылданған «Түркістан өлкесін басқару ережесі» Сыр өңіріндегі отарлық билік жүйесін толығымен қалыптастырды.
Реформа негізінде Сырдария облысы құрылып, құрамына Әулиеата, Шымкент, Ташкент, Перовск және Қазалы уездерімен Әмудария бөлімі кірді. 1867 жылы Перовскі форты қала дәрежесін алып, Перовскі уезінің орталығына айналды.
– Кенесарыны хан көтерген сәттің тарихи шындығы сол дәуірде қалай сипатталған?
– Кенесары Қасымұлы (1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген) мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837 – 1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі. Қазақ хандығының соңғы ханы (1841 – 1847). Кенесары Шыңғыс ханның 27-ші ұрпағы, Абылай ханның немересі. 1827 жылдан бастап Абылайдың ұрпақтары қазақ хандығын патшалық Ресей езгісінен босату жолындағы күресте белсенділік танытты. Кенесарының әкесі Қасым мен үлкен ағасы Саржан бастаған жасақтар орыс ауылдары мен керуендеріне шабуыл жасап, қазақ ауылдарын отарлық бұғаудан босатты.
Міне, солардың жолын жалғастырушы Кенесары Қасымұлы да мемлекет тәуелсіздігінің өте маңызды іс екенін халық санасына құюда қыруар еңбек етті. Мемлекет мүддесін қорғау жолында жауды жеңіп, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халықты біліктілікпен басқару көп септігін тигізетінін жете түсінді. Кенесары Қасымұлы өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. 1838 жылы Ақмола, Ақтау қамалдарына шабуыл жасаудан бастады. Көтерілісшілер қамалдарды өртеп жіберді. Кенесары соғыс ауқымын Торғай арқылы кіші жүз жеріне қарай кеңейтті. 1841 жылы қыркүйекте Кенесары үш жүздің өкілдері жиынында қазақ халқының ханы болып сайланды. Осы жылы Кенесарының әскері Қоқан хандығының иелігіндегі Созақ, Жаңақорған, Ақмешіт қамалдарын алды.
– Жанқожа Нұрмұхамедұлының қазақ батыры, Сыр бойы қазақтарының Хиуа Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы екенінен хабарымыз бар. Сонымен қатар Бұқарбай Естекбайұлы жөнінде музей мұрағатында ел біле бермейтін кейбір деректер бар болар…
– XIX ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа қысымын одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңізіне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылық жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағасын тұтқынға алып кетіп отырған. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекінісінен әркез жасақ шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап кетіп тұрған деген дерек бар.
Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасыпты. Жанқожа 17 жасында кіші жүздің Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды. Бұқарбай Естекбайұлы (1812-1898) жетіру тайпасының табын руынан шыққан батыр, шешен. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданындағы бүгінде өз есімімен аталатын ауылда дүниеге келген. Бұқарбайдың батыр ретінде шайқасқа түсуі 1830 жылдан басталады.Сол жылдың жазында бозбала Бұқарбай Тереңөзек ауданының жер шегіндегі «Күмісқорған» бекінісін алуға қатысады. Осы шайқаста Бұқарбай хиуалықтардың Жұбанияз деген батырымен жекпе-жекке шығып, оны шаншып тастайды. Бұл – болашақ батырдың тырнақалды жеңісі еді. Бұқарбай батыр 1836 жылы өз жасағымен ұлт азаттық қозғалысының батыры Кенесарының қолына келіп қосылады. Содан ол көтеріліс аяқталғанша, яғни 1847 жылға дейін Кенесарының бас батырының бірі ретінде талай шайқасты өткереді. Ақмола, Қазалы, Арал, Сауран, Қосқорған, Созақ бекінісін алуға қатысады. Кенесары көтерілісі талқандалғаннан кейін де бес қаруын тастамайды. Жанқожа, Сейіл батырлардың сапына қосылып, Сыр бойындағы бекіністерді Қоқан, Хиуа хандарының жасақтарынан тазартады. Ақмешіт, Құмсуат шайқастарында ерекше ерлігімен көзге түскен Бұқарбай, Сейіт батырларды патша үкіметі медальмен марапаттап, шен-шекпен кигізеді. 1858 жылдан кейін Бұқарбай өзі білетін «екі тілдің» найзамен сөйлесу тілін қойған соң, нағашысы Толыбай биден жұғыс болған мәміле, келісім тіліне қарай ойысқан деген дерек бар.
– Музей тұтас тарихтың шежіресінен сыр шертеді. Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы да үлкен тарихи мәні зор оқиға ғой. Музей дерекқорынан мәлімет келтіріп ел үшін елеулі маңызға ие болған темір жолдың қалай, қандай мақсатта салынғанына тоқтала кетсеңіз…
– Әрине, ол заманда темір жол салу үлкен саяси, тарихи оқиға еді. Орынбор – Ташкент темір жолының ұзындығы 2090 шақырымды, оның ішінде қазақ жері арқылы өтетін бөлігі 1660 шақырымды құрады. Орынбор-Ташкент темір жолын салу ісі ІІ Николай патшаның 1901 жылдың 21 сәуірдегі бұйрығы негізінде қолға алынды. Орыс үкіметінің Орынбор-Ташкент темір жолын салудағы басты мақсаты – орталық Азия үшін Англиямен арадағы бәсекелестікте жеңіп шығу, өлкедегі арзан шикізат қорын Ресейге тасу, Түркістан өлкесіне тура шығу болды. Салынатын жолдың бүкіл желісі әкімшілік жағынан екі бөлікке бөлінді. Жолдың оңтүстік бөлігі (Ташкент – Көбек) Түркістан өлкесі Сырдария облысының аумағы бойынша, cолтүстік бөлігі (Орынбор – Көбек) Орынбор губерниясы, Торғай облысының және Орал облысы Темір уезінің аумағы бойынша өтетін болып белгіленді. Құрылыс Орынбор жағынан 10 мамырда, ал Ташкент жағынан 9 қарашада басталды. Бұған 70 млн сом қаржы жұмсалды, 40-50 мың жергілікті тұрғындар жұмыс істеді. 1904 жылы 1 қаңтарда бүкіл Орынбор-Ташкент темір жолы бойынша пойыздардың уақытша жүрісі ашылды. Солтүстік бөлігі толық аяқталып, 1905 жылы 25 шілдеде, оңтүстік бөлігі 1906 жылы 1 сәуірде пайдалануға берілді. 1905 жылы 1 қаңтардан бастап Орынбор – Самара – Златоуст жолының телімі, ал 1906 жылы 22 шілдеден бастап Орта Азия жолының Ташкент станциясы Орынбор-Ташкент темір жолына қосылды. Соның нәтижесінде жаңа желінің жалпы ұзындығы ұлғайды. Бес ірі станса – Ақтөбе, Шалқар, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан Қазақстанның Ресеймен және Орталық Азиямен байланыс торабына айналды. Жол басқармасы Орынбор қаласында болды. Орынбор-Ташкент темір жолы қазіргі кезде Қазақстанның оңтүстік және батыс ауданын орталық Азия республикасымен, Ресеймен, Кавказ және Шығыс Еуропа елдерімен байланыстыратын негізгі темір жол желісі.
– Қызылорда қаласының Астана болу тарихына да өз мұрағаттарыңызда қатталған дерек бойынша әңгіме өрбітсеңіз…
– Ұлт мәселесін ұдайы талқылап отырған билік бүкілресейлік жұмысшы-шаруа қызыл армия депутаттарының ХІІ сьезінде республиканың орталық қаласын қазақ жерінің ішкі аймақтарына ауыстыру мәселесін көтерген-ді. Астананы анықтау жөнінде құрылған арнаулы комиссия Қазақ Автономиялы Кеңестік Республикасының астанасы болуға лайық қалалар қатарында Ақмола, Әулиеата, Шымкент, Ақтөбе, Ақмешіт қалалары аталды. Бірінші Сырдария губерниялық партия конференциясында Қазақстанның астанасы ұлттың ежелгі қонысы – Ташкент қаласы болсын деген ұсыныстар да делегаттар тарапынан көп айтылды. Осының бәріне қарамастан, 1924 жылғы 27 қарашада Қазобкомның, ал 1925 жылғы 19 ақпанда Қазөлкекомның жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі лауазым) болып тағайындалған Сұлтанбек Қожанов астананы Ақмешітке көшіру ниетінен айнымады. Ол Түркістан орталық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тұрған уақытында – 1922 жылғы 12 сәуірде арнайы қаулы шығарып, өзі тарихи атауын қайтарып берген Ақмешіт қаласын ел кіндігі етуге күш салды. «Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ ұлты жұртшылығына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын», – деп жазды. Ол өз заманы үшін ең тиімді көрінген осы ойларын мәжіліс мінбелерінен сөйлеген сөздерінде де, баспасөз беттерінде де қайта-қайта қозғады
Осылайша, Қызылорда қаласы 1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшірілді. Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына берілді. Жаңа астана құрылысына және Қызылорданың Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени орталығы ретіндегі қызметін орнықтыруға С.Қожанов, Т.Рысқұлов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов, М.Тынышпаев, А.Кенжин, С.Ақаев, А.Серғазин, О.Исаев, С.Сәдуақасов, С.Есқараев т.б. қоғам қайраткерлері белсенді қатысты. Қызылорда 1929 жылы мамыр айына дейін Қазақ АКСР-і астанасы болды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!