С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай ҚР Суретшілер одағына қарасты Түркістан Суретшілер одағы филиалы суретші-кескіндемешілерінің «Кеме» атты жылжымалы көрмесі ашылды.
Жиында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов киелі Түркістаннан келген қылқалам шеберлерін және көрмені тамашалауға келген көрермендерді өнер мерекесімен құттықтап, алғыс білдірді.
Ал қонақтар атынан ҚР Суретшілер одағының Түркістан облысы филиалы төрағасы, мәдениет саласының үздігі Қ.Қосуақов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері С. Иляев, «Құрмет» ордені мен «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері А. Кененбаев құттықтау сөз сөйлеп, көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, түркістандық танымал суретшілердің өнер шығармасынан 75 кескіндеме көрмеге қойылып, көпшіліктің көзайымына айналды.
Сонымен қатар Қызылорда Қазақ АКСР-нің астанасы болғанына 100 жыл толуына орай түркістандық суретшілер облыстық музей қорына 11 көркем туындыны тарту етті.
Киелі Түркістан мен Сыр жұртшылығы арасындағы мәдени ынтымақтастықты айғақтайтын көрме тарихи байланыстың алтын қазығы болмақ.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!