«Ақмешіт» шағын ауданында «Мың бала» спорт кешені пайдалануға берілді. Көптен бергі тұрғындар көкейіндегі түйткіл шешілді. Енді бұл аумақтың жеткіншектері спорттың түр-түрі бойынша шынығады. Салтанатты шараға қала әкімі Серік Қожаниязова та қатысты.
– Қызылорда – өркенді өзгерістер мен жаңа жобалар қанат жайған мерейлі мекен. Президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруінің арқасында қаламызда тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бастамалар сәтті жүзеге асуда. Халықтың игілігі, балалардың кемел келешегі үшін заманға сай әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды жүруде. Озық ойлы ұлт қалыптастыруда балаларымыздың білімді, салауатты, адал азамат болуы үшін барлық жағдай жасалуда. Оның дәлелі, облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», «Оқушылар сарайы, физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты, музыкалық колледж және «Жайлы мектептер» салынуда. Бұл – өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңірудегі ауқымды шаралар деп түсіну керек. Қалада үстел теннисі орталығы, халықаралық талаптарға сай 10000 орындық жаңа стадионның құрылысы қарқынды жүруде. Халықты бұқаралық спортқа баулуға бағытталған игілікті істердің жалғасы ретінде 30000 баланы спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені салынады, – деді Серік Салауатұлы.
Спорт кешенін салған «Абай-Дәулет» серіктестігінің басшысы Мұрат Сарсенбаевтың айтуынша, мұнда бокс, кикбокс, таэквондо, дзюдо, самбо, қазақша күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, футбол, ұлттық би, ұлттық садақ ату спорт түрлерінен 1000-нан аса бала өз шеберліктерін шыңдайтын болады. Құны 500 млн теңге болған «Мың бала» спорт кешенінің жалпы ауданы 5000 шаршы метрге жетеді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!