Әйел, ана, келін, қызмет. Осылардың барлығын қатар алып жүру кез келгеннің қолынан келе бермейді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің есімі қызылордалықтарға етене таныс. Еңбек жолын мемлекеттік қызметтен бастаған Гүлмира Рахметова бүгінде қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметін атқаруда.
Кітапхана – тыныштық мекені. Бірақ сол тыныштықтың артында үлкен еңбек, жауапкершілік бар. Гүлмира Рахметова сол жауапкершілікті, нәзіктік пен табандылықты қатар ұстап, ұжымды басқарып келе жатқанына алты жыл болыпты. Кітапханалар жүйесінің директоры ретінде ол тек басшы емес, мәдениеттің жанашыры, ұжымның тірегі, оқырманның сенімді серігі десек те болады.
Еңбек жолын қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жетекші маман ретінде бастаған ол қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметіне дейін көтерілді. Әйел адам үшін басшылық жол оңай емес. Себебі ұжымды басқару, шешім қабылдау, жауапкершілік арқалау мұның бәрі батылдықты талап етеді. Қызмет жолында қиындықтар да болды. Ғимараттардың ескілігі, қаржыландыру тапшылығы, жастардың кітапқа деген қызығушылығының төмендеуі секілді мәселелерді шешуге ықпал етті. Ол нәзіктік пен табандылықты үйлестіре білді. Гүлмира Шамсутдинқызының басты ұстанымы – әділдік пен адамгершілік.
– Ұжымды басқару үшін бұйрық жеткіліксіз, сенім керек. Әр қызметкердің пікіріне құлақ асып, ортақ мақсатқа жұмылдыра білу – басты міндетім. Басты қағидам – ұжымды ұйымдастыру, қарапайым болу, әр маманға адами тұрғыда қарау, оларды өзіңмен бірдей көру. Бірақ берілген тапсырманы жауапкершілікпен талап етемін. Ең бастысы, ұжыммен сыйластықта болу, – дейді ол.
Бүгінде кітапханалар тек кітап беретін орын емес, рухани орталыққа айналып келеді. Әдеби кештер, шығармашылық кездесулер – осындай бастамалардың барлығы оның іскерлігі мен жаңашылдығының нәтижесі. Соңғы 3 жылда оқырмандар саны артып, жастардың кітапқа деген қызығушылығы арта түскен.
– Мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарған кезде көпбалалы аналардың ортасында жүрдім. Әлеуметтік саланың қазанында бірге қайнадым. Содан болар, мені көпбалалы аналар әлі іздеп келеді. Мені көрсе қуанатын жандар көп. Менің ұстанымым ештеңеге қарамастан алға жүру. Бастаған ісімді аяғына дейін жеткізгенді жақсы көремін, – дейді ол.
Сонымен қатар ол – отбасының ұйытқысы болып отырған ана және келін. 27 жылдан астам ата-енесімен бірге тұрып, солардың жағдайын жасап келеді.
– Әйел үшін ең үлкен күш – отбасының қолдауы. Отбасы мен жұмысты қатар алып жүретін жандар ең мықты әйелдер. Қандай биікке шықсаң да, үйдегі жылылық пен қолдау – басты тірегің, – дейді ол.
Гүлмира Рахметова «көшбасшы болу үшін – алдымен жақсы адам болу керек» деп санайды. Жас қыздарға айтар кеңесі де осы.
– Әрбір адам жақсы болуға тырысу қажет. Қандай жағдай болса да жұртқа жамандық тілемеу керек. Әр жамандықтың артында жауабы бар. Сондықтан жақсылық ойлау қажет. Әр күніңді күліп баста. Басқа біреудің күлімдеуіне себепкер бол. Әріптестерге де үнемі осылай айтып отырамын. Әрбір адамға сенім арта білу қажет. Әйелдер бір-біріне қолдау көрсету керек екенін ұмытпағанымыз жөн. Өзіңді дамыту үшін ең алдымен кітап оқы. Мыңдаған кітап ортасында жүріп түсінгенім әр кітапты оқыған сайын өзіңе кішкене болса да түйін жасайсың. Өміріңе қажет нәрселерді аласың. Алдыңа мақсат қоюды үйренесің. Сондықтан айтарым, әрбір ана, әйел, қыз білімді болуға ұмтылса екен. Білімді әйел – қоғамның тірегі. Қыз анаға қарап бой түзейді, – дейді ол.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!