Қоғамда әйелдер тек отбасының ұйытқысы ғана емес, түрлі салада кәсіби шеберлігімен танытып, жауапты қызмет атқарып жүр. Нәзік жандар отбасының берекесін сақтап, қоғамның дамуына үлесін қосып келеді. Осындай жандардың бірі – қаржы саласында көп жылдық тәжірибесі бар, «Отбасы банк» АҚ несиеден кейінгі қолдау және қызмет көрсету бөлімінің басшысы Сәуле Алматайқызы. Қаржы саласында 25 жылға жуық еңбек еткен ол 19 жылдан астам уақытын «Отбасы банкте» мыңдаған клиенттің баспана мәселесін шешуге атсалысып жүрген тәжірибелі маман.
Халықаралық әйелдер күні мерекесі ерекше мағынаға ие. Бұл күн жақын жандарды қуантып, гүл сыйлап, жылы сөз арнайтын мереке. Ең алдымен анасына, туыстарына және барлық қыз-келіншектерге алғыс айтып, олардың еңбегін бағалауды маңызды санайтын Сәуле Әбілованың анасы да 40 жылдан астам уақыт қаржы саласында қызмет атқарған екен. Оған анасының еңбекқорлығы, төзімділігі мен адамгершілігі үлгі болып қаржы саласын таңдауға себеп болған.
– Бұл күн адамдар арасындағы сыйластық пен махаббатты арттыра түседі. Жақын адамдарымның амандығы мен шаттығы, олардың күлімсірегенін көру мен үшін ең қымбат сезім. Сондықтан 8 наурыз – жай ғана мереке емес, жүректен шыққан алғыс пен құрмет күні. Жұмыста – жауапты қызметкер, ал үйде – отбасының ұйытқысы болу әйел адамға тән қасиет. Мен де сол секілді үйге келгенде нәзік жанды әйелмін, үлкен шанырақта келінмін. «Әйел бақыты» ұғымы ең алдымен жан тыныштығы мен отбасының берекесі. Әйел бақыты отбасындағы жылулық пен қамқорлықтан көрінеді, – дейді ол.
Қаржы саласы жоғары жауапкершілікті, дәлдікті және тәртіпті талап етеді. Мұндай ортада ұқыптылық, талдау қабілеті мен сабырлылық маңызды. Сәуле Алматайқызының айтуынша, әйелдер осы қасиеттерінің арқасында ұжымда сенімді маман ретінде танылып келеді. Бүгінде қаржы жүйесінде әйелдер тек маман ғана емес, жетекші қызметтерде де өз орнын табуда.
– Кейде «қаржы – ер адамдарға тән сала» деген түсінік кездесуі мүмкін. Бірақ қазіргі таңда бұл көзқарас өзгеріп келеді. Мысалы, «Отбасы банктің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бірнеше жыл жетекшілік қызмет атқарып келеді. Ол кәсіби талаптарды ғана емес, қызметкердің өмірлік жағдайына түсіністік танытады. Қаржы саласында тек есеп қана емес, топпен жұмыс, келіссөз жүргізу, тұтынушымен байланыс та маңызды. Әйел затының эмоционалдық интеллекті жоғары болуы осындайда артықшылық береді, – дейді маман.
«Отбасы банк» тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған несиелер ұсынады. Яғни азаматтар үй сатып алу, жаңа баспана салу немесе тұрғын үйін жөндеу мақсатында қаржылай қолдау ала алады. Сонымен қатар басқа банктерден алынған тұрғын үй несиелерін қайта қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылған. Банк қызметінде клиенттермен тығыз жұмыс жүргізіледі. Қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарға қаржы ұйымы жағдайын ескеріп, несиені қайта құрылымдау сияқты қолдау шараларын ұсынады.
– Бір жағдай есіме түсіп отыр. Көпбалалы отбасы біздің банктен ипотекалық несие рәсімдеген еді. Біраз уақыттан кейін олардың несие төлеуге мүмкіндігі болмай қалды. Жағдайды ескере отырып, банк оларға қолдау көрсету мақсатында төлемді уақытша кейінге қалдыру және қарызды қайта құрылымдауды ұсынды. Қиын жағдайда қалған отбасы бұл мүмкіндікті дұрыс пайдаланды. Кейін отбасының отағасы шетелге жұмысқа барып, тұрақты табыс тауып екі жылдың ішінде несиесін толық өтеді. Сол кезде бүкіл бөлім қызметкерлері қуанғанымызды жасырмаймын. «Отбасы банк» деп атауының өзі банктің негізгі мақсатын айқын көрсетеді. Осы сәтте шаршағанымызды ұмытып, еңбектің босқа кетпегенін түсінеміз, – дейді Сәуле Әбілова.
Маманның айтуынша, несие алар алдында әр адам өз табысын және шығындарын нақты есептеуі қажет. Несие тек шын қажеттілік туындаған жағдайда ғана алынғаны дұрыс. Қиын күндерге белгілі бір қаржылық қордың болуы да маңызды. Азаматтардың несие төлемін кешіктіруінің бірнеше негізгі себебі бар. Ең жиі кездесетіні – табыстың азаюы немесе жұмыстан айырылу. Сонымен қатар денсаулық жағдайы, отбасындағы қиындықтар да қаржылық міндеттемелерді уақытында орындауға кедергі келтіруі мүмкін. Кейбір жағдайда адамдар өз шығындарын дұрыс жоспарламағандықтан немесе бірнеше несиені қатар алғандықтан төлемдерді уақытында өтеу қиынға соғады.
– Ең алдымен, әр адам өз табысын және ай сайынғы шығындары табыстың үлкен бөлігін алып қоймауы керек. Сондай-ақ несие алар алдында оның шарттарын, пайыздық мөлшерлемесін және төлеу мерзімін мұқият оқып, толық түсініп алу қажет. Осы кеңестерді ескерсе, несие алу кезінде тәуекелді дұрыс бағалап, қаржылық қиындықтардың алдын ала алады, – дейді ол.
Сәуле Әбілова көп отбасында маңызды шешім қабылдауға әйелдің ықпалы зор екенін байқаған. Әсіресе үй алу немесе тұрмыстық жағдайды жақсарту мәселесінде нәзік жандар бастама көтеріп, отбасы мүшелерін жігерлендіреді екен. Болашақты ойлап, тәуекелге баруға, қаржылық қадам жасауға көбіне әйелдер түрткі болады.
– Қоғамда «әйелдер ақшаны үнемдеп ұстайды» деген пікір жиі айтылады. Күнделікті қаржының есебін жүргізу әйелдердің жауапкершілігінде болады. Дегенмен бұл барлық жерде бірдей деген сөз емес. Әр отбасының қаржылық тәртібі әртүрлі қалыптасады. Кей жағдайда ер азаматтар үнемшіл әрі жинақтауға бейім болса, кейде керісінше. Қазіргі жастардың қаржылық сауаттылығы да бұрынғы буынға қарағанда біршама жоғары. Бұған интернет, әлеуметтік желілердің әсері зор. Instagram, TikTok және басқа да платформалар арқылы жастар түрлі ақпарат алып, қаржысын тиімді басқару жолдарын үйренуде, – дейді қаржы маманы.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!