Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында кезектен тыс ХХХХVІІІ сессия отырысы өтті. Күн тәртібінде «2026-2028» жылдарға арналған қала бюджетін бекіту туралы» мәселе қаралды. Сессия отырысына қала әкімі Нұржан Ахатов, кент және ауылдық округтердің әкімдері, қала әкімінің орынбасарлары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнәр Баймаханова хабарлама жасап, депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Сессияда қалалық бюджетке өзгерістер енгізу барысында бюджет кірісін ұлғайту есебінен, қаланың әлеуметтік және коммуналдық шаруашылық салаларына қомақты қаражат бағытталды. Атап айтсақ, Қызылорда қаласының Бәйтерек шағын ауданындағы орталық магистралды каналы арқылы өтетін көпір салуға, Сырдария өзенінің сол жағалауы №2 шағын ауданынан бес қабатты 10 тұрғын үйдің коммуналдық инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысына сондай-ақ Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 40 МВт-тық жылу қазандығының құрылысына, қаладағы ағын суларды тазарту қуаты тәулігіне 70 мың м3 биологиялық тазарту станциясын жаңғырту мен автоматтандыруға қаржы қаралады. Сонымен бірге қаладағы халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер сатып алу мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына күрделі жөндеуге бюджет қаражаты пайдаланылады.
Қала көшелеріне 30 аялдама орналастыруға, 26 дана электронды ақпараттық табло, 50 дана проекциялық жаяу жүргіншілер өткелдерін күтіп ұстауға, 25 дана жаяу жүргіншілер өткеліндегі диодты жарықтандырылған құрылғысына, 75 дана тұрмыстық қатты қалдықтар алаңдары мен жәшіктерін күтіп ұстауға қаржы қаралады. Сессия қарауына шығарылған мәселелерді талқылау барысында депутаттар тарапына бірқатар ұсыныстар айтылып, қалаға қарасты елді мекендердің инфрақұрылымын дамуты бағыты да сөз болды.
Биыл қала бюджеті 94 млрд 200 млн теңге деп бекітілді. Алайда оның көлемі облыс бюджетінен қаралған қосымша қаржы есебінен 140 млрд теңгеге жетті. Бұл қаржы тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытындағы өзекті мәселелерге жұмсалады. Жол көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй құрылыстары, ауызсу және кәріз су жүйлерін жаңғырту, газдандыру, абаттандыру бағытындағы жобалар жүзеге асырылады.
Сессия отырысына қатысқан қала әкімі биыл атқарылатын жұмыстардың жобасына тоқталды.
– Жақын күндері аймақ басшысының қолдауымен қаладағы жолдардың аясы кеңейтіліп, бірқатары 4 жолақтыға ауысады. Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдырал елді мекеніне қосымша скважина орнатылады. Жаңадан су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіледі. Негізінен биылғы бюджеттің ауқымды бөлігі жолдар сапасын жақсартуға жұмсалады. «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының құрылысы Марал Ишан көшесіне дейін жалғасады, – деді қала әкімі Н.Ахатов.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!