Сейсенбі, 15 шiлде, 13:57

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№52,2165
15.07.2025
PDF мұрағаты

Наубайшы

15.07.2025

55 0

Бүгінде кәсіпкерлікті қолдау аясындағы мемлекеттік бағдарламалар өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұртшылыққа дем беруде.  Мемлекеттік бағдарламалар септігімен өз кәсібін өркендеткен ауыл тұрғындары да көп. Әсіресе, нәзік жандар қоғамға белсене араласып, өз ісін ашуда. Кәсібінен береке тапқан әйелдер қауымы осындай мүмкіндік болғаны үшін ризашы­лықтарын білдіреді. Солардың бірі  Ақсуат ауылдық округінің тұрғыны Ләззат Есіркеп­қызы ауылынан шағын наубайхана ашты. Қазір кәсібі өрге басып тұр.

– Негізгі мамандығым аспаз-технолог ұйымдастырушы. 1997 жылдан бастап Тасбөгет кентінде наубайханада жұмыс істедім. Ол жақта 10 жылдай жұмыс істеп, Ақсуат ауылдық округіне көшіп келдім. Наубайхана ашу негізгі мақсаттарымның бірі еді. Ауылда осы кәсіпті қолға алудың сәті түсті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, кәсібімді бастауға шешім шығардым. Ол қаражатқа құрал-жабдық алдым. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарын нан өнімімен қамтамасыз етіп отырмыз. Біз күні бойы нан пісіріп, уақытында дүкендерге жөнелтіп отырамыз. Әр нанның салмағы 550 грамды құрайды. Тәулігіне екі қап нан жабамыз. Екі қаптан 250 бөлке нан шығады. Бөлке нанға сұраныс жоғары. Бөлке нанды ауыл тұрғындары мен Тасбөгет кентіне өткіземіз. Тұтынушыларға нанды ыстықтай жеткіземіз. Таба нан мен тәтті тоқаштарды тапсырыспен пісіреміз.  – дейді Ләззат Есіркепқызы.

Кәсіпкер алдағы уақытта осы саланы кеңейтіп, басқа да нан өнімдерін шығаруды жоспарлауда.

– Бастапқыда қиын болды. «Нанды қалай сатамыз? Тапсырыс бола ма?» деген мәселелер болды. Оңай жерде жұмыс жоқ. Сондықтан үлкен кәсіп иесі болу үшін қиындыққа шыдау қажет. Мемлекет те жұмыссыз жандарға қолдау көрсетіп келеді. Осындай мүмкіндікті пайдалана білген жөн. Шағын кәсіпті сәтті жүргізу үшін тынбай еңбектену қажет. Бұған қоса, үнемі ізденіс үстінде жүріп білім алып, кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылмаса барлығы зая кетеді. Бөлке наннан басқа түрлі тәттілерге тапсырыстар түседі. «Адамды көркейтетін – еңбек» дегенді естен шығарған емеспін. Аянбай еңбек етіп келемін. Тұрмысым да берекелі, – дейді ол. 

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: