Наурыз мерекесін Сыр елінің халқы көтеріңкі көңіл, жарқын жүзбен қарсы алды. «Береке бастауы – әз Наурыз» атты мерекелік іс-шара сол жағалаудағы «Қайсар Арена» стадионы маңында тойланды. Мұнда жиналған жұртшылық амандық-саулық сұрасып, төс қағыстырып, бірін-бірі құттықтап жатты. Олардың жүздерінен шаттық лебі сезіледі. Қыстан аман шығып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесі де жетті. Бұл күн – дәстүрлі әндер шырқалып, ұлттық өнердің тиегі ағытылатын күн. Наурыз – тек күнтізбелік жаңа жылдың бастауы емес, ол – адам мен табиғаттың үйлесімін бейнелейтін ерекше кезең. Қыстың қыспағынан шыққан ел көктемнің шуақты күнін қарсы алып, жаңа үміт, жаңа жоспар құрады. Халық түсінігінде бұл мезет – жақсылықтың бастауы, берекенің артуы, тіршіліктің жаңғыруы. Биылғы наурыз мерекесі жылдағыдан ерекше өтті. «Digital Nauryz» мерекелік іс-шарасы барысында дрон-тасымалдау технологияларының мүмкіндіктері таныстырылды. Қатысушылар ұшқышсыз аппараттардың нақты уақыттағы жұмысын көріп, олардың жылдамдық, дәлдік және қауіпсіздік артықшылықтарына көз жеткізді. Сонымен қатар қол өнерші 30 әже «1000 құрақ көрпе» көрмесін таныстырды. Сондай-ақ «Бей, айдай» әнін айтып, шашу шашып, қонақтарға тартуларын ұсынды.
Наурыз тойға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұрғындарына ізгі тілегін жеткізді.
– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – ежелден халқымыз үшін жаңару мен жасампаздықтың белгісіне айналған ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Наурыз ұлтына, дініне қарамастан, барша жұртты ұйыстыратын жалпыұлттық мейрам. Бұл мереке халқымызды береке мен бірлікке, ортақ мүддеге жұмылдырады», – деген болатын. Ата-бабаларымыз наурызды ерте заманнан жаңа жылдың бастауы деп санаған. Шуақты көктем мерекесінде күн мен түн теңеліп, бүкіл дүние қайта жаңғырады. Халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрлерінен бастау алатын ізгілік пен мейірімділіктің, татулық пен сыйластықтың, мәңгілік құндылықтардың жаршысы. Бұл ұлтымыздың рухани жаңғыруының, ұлттық дәстүріміздің қайта түлеуінің жарқын көрінісі. Биыл еліміз үшін, өңіріміз үшін айрықша мәні бар, тарихи маңызды жыл болуда. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басуда. Наурыз мейрамы Сыр еліне толайым жаңалықтарымен келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр бойында өткен Ұлттық құрылтайда «Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр», – деп аймағымыздың барлық саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай тұрғын үй кезегінде тұрған жерлестерімізге 400 пәтердің кілті табысталды. Қадірлі жерлестер, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған Наурыз мейрамы тәуелсіз елімізге, туған жерімізге толайым табыстарымен, жақсы жаңалықтарымен келгей. Жеріміздің тынысы кең, еліміздің мерейі үстем, халқымыздың болашағы баянды болғай. Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, құт дарысын, – деді облыс әкімі.
Мерекеге арналып «Достық ауылы», «Құрылысшылар ауылы», «Құт қонған ауыл», «Ақ пейіл ауылы», «Сушылар ауылы», «Мелиоратор ауылы» деп аталатын киіз үйлер тігілді. Ұлттық спорт сайыстары, қолөнершілер фестивалі өтті. Қазақтың дәстүрлерінен театрландырылған қойылым қойылды. Аймақ басшысы мен ел ағалары 35 баланың тұсауын кесіп, алғашқы қадамдарына ақ батасын берді.
Наурыз тойына арналған мерекелік іс-шарада эстрада әншілері Наркенже Серікбаева, «Абырой» тобы және Сыр өнерпаздары әннен шашу шашты.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!