«Өз үйім – өлең төсегім» демекші, әркімнің де өз баспанасы болғанға не жетсін. «Үйі жоқтың, күйі жоқ» дегендей, баспаналы болу бір бақыт екені даусыз. Бүгінгі таңда ел тұрғындары үшін баспаналы болуға мүмкіндік көп. Халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет тарапынан тиімді бағдарламалар ұсынылуда. Биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл орайда еңбек адамдарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Отбасы банкі» тарапынан «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы іске қосылатыны айтылған болатын. Бұл бағдарлама 17 наурыздан бастап жүзеге аса бастады.
Бағдарламаның қандай талаптары бар және кімдер қатыса алады? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында «Отбасы банкі» Қызылорда филиалына барған едік.
– Бұл бағдарламаға жұмысшы мамандық иелері қатысады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, су шаруашылығы, энергетика, жылу энергетикасымен қамтамасыз етушілер, құрылысшылар қатыса алады. Бағдарламаға қатысу үшін басты талаптар: соңғы 5 жыл көлемінде өзінде және отбасы мүшелері атында үй болмауы керек. Бағдарламаның шарты бойынша, тұрғын үй бағасы Астана және Алматы қалаларында 36 млн, ал басқа облыс орталықтарында 30 млн теңгеге дейін болады, – дейді «Отбасы банкі» Қызылорда филиалының директорының орынбасары Дастан Тасыбаев.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы барлық облыстарда жүзеге асады. Бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде «Отбасы банкі» жинақ шотында 2 млн қаражаты болу керек. Ол алдын-ала жиналған немесе бір мезетте салынған қаражат болуы да мүмкін. Астана, Алматы және өзге облыс орталықтарында бірінші деңгейлі, ал елді мекендерде екінші деңгейлі үйді алуға мүмкіндік бар.
– Бұл бағдардама аясында «Отбасы банкі» тарапынан 74 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл 2500-ге жуық жұмысшы үйлі болады деген сөз. Қаражат облыстарға нақты бөлінбеген. Бұл өтінім берілуіне байланысты болады. Сондай-ақ бұл бағдарламаның бір ерекшелігі әлеуметтік осал топтарға жылдық пайыз несиесі 7%, ал жалпы санатқа 9% болып есептеледі. Сонымен қатар бағдарлама конкурссыз өтеді. Биылғы 17 наурыздан бастап банк бөлімшелерінде өтініш қабылдана бастады. «Отбасы банктің» ресми сайтында берілген анықтама бойынша төлем қабілеті расталғаннан кейін «Баспана маркет» порталында өзінің қалаған үйін рәсімдей алады. Банк кеңесшілері облыс төңірегінде ірі өнеркәсіп орындарына және зауыттарға түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде 100 өнеркәсіп орны таңдалып, 20 ұжымға түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Бір ай ішінде 100 мекемеге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп болады деп жоспарлануда, – дейді «Отбасы банкі» Қызылорда филиалының директорының орынбасары Дастан Тасыбаев.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы баспанаға мұқтаж талай отбасыны қуантары анық. Мемлекеттің елге жасаған қамқорлығы мен мүмкіндігінің нәтижесінде көптеген отбасы шаңырақ шаттығына бөленері сөзсіз.
Айжамал Маратова,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
Журналистика мамандығының 3-курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!