Сенбі, 19 сәуiр, 21:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№28,2141
19.04.2025
PDF мұрағаты

Назерке Төлеуғазы: Әскери адамның жары болу – әскери қызметкер болумен тең

08.03.2025

187 0

Назерке Төлеуғазықызы ұзақ жылдар бойы әскери азаматтың жары ғана емес, тілеуі, тірегі. Ол – ерінің Отан алдындағы міндеті үшін отбасындағы балаларының жауапкершілігін өз мойнына алған қамқор ана. Ол – әскери азаматтың қоғамдағы қалтқысыз қызметі үшін өзінің жастығы мен білім-білігін арнаған дана әйел. Ол – салмақты саланың ауыры мен жеңілін тең қабылдап, шаңырағының шырайын келтірген ардақты да адал жар. Кейіпкеріміз Назерке Төлеуғазы ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің «Төрешқұдық» шекара бөлімшесі бастығының адал жары. Әскери адамның жары болу – әскери қызметкер болумен тең.

– Назерке Төлеуғазықызы, әскери қызметкердің жары болу қаншалықты қиын?

– Менің өмір жолым шекара қызметімен тығыз байланысты, бірақ мен әскери қызметкер емес, әскери қызметкердің жұбайымын. Өздеріңіз білесіздер, әскери қызмет – асқан жауапкершілік пен үлкен төзімділікті қажет ететін сала. Тек сол салада қызмет атқаратын азаматтар үшін ғана емес, олардың отбасы мүшелері үшін де бірде ауыр, бірде жеңіл тұрмысқа бейімделуге тура келеді. Жолдасым әскери қызметте, ал мен педагогика және психология мамандығы бойынша жұмыс істеймін. Әскери қызметкердің жары болу әскери қызмет атқарғанмен бірдей.

– Әскери қызметкер болмасаңыз да шеніңіз бар. Сізді шекара қызметімен не бай­ланыстырады?

– Шекара қызметімен байланысым отбасымның әскери дәстүрлерінен бастау алады. Күйеуімнің әскери қызметте болуы мені осы салаға жақындата түсті. Отбасы мүшелерімнің әскери өмірі туралы әңгімелері мені қызықтырды, сондықтан бұл салаға қызыға бастадым. Алғашқы қызметімді ерекше балалармен бастасам да, кейін әскери сала өкілдерінің психологиясы, олардың жан күйзелісі, ішкі моральды-психологиялық құндылықтарын, өмір сүру салт-санасын зерттей бастадым. Бұл салаға бірден келе салған жоқпын. Үлкен ізденістің, ішкі дайындықтың әрі күйеуіме деген махаббатымның әсері болды. Әрине, жас отбасы ретінде балалардың тәрбиесі – өз мойнымда. Жолдасым әдетте қызметтен босамайды. Бұл салада жұмыс істеу кез келген адамның қолынан келетін нәрсе емес.

– Заставадағы өміріңіз туралы айтып берсеңіз. Жолдасыңыз әскери қызметте болған кезде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Заставада өмір сүру – ерекше тәжірибе. Қиын әрі қызық. Күйеуімнің жұмысына байланысты жиі көшіп-қонып жүруге тура келеді, бұл кейде моральды тұрғыда шаршатады. Бір жердің адамдарына, өмір салтына бейімделіп қалған кезде, басқа жерге көшу, ол жақтың тұрмысын қайта меңгеру қиын. Бірақ мен әрдайым оның жанында болып, қолдау көрсетуге тырысамын. Күйеуімнің қызметіне адалдығы, оның бойындағы ер азаматқа тән қасиеттер ол қиындықтарды жеңіл еңсеруіме күш береді. Мені үнемі қолдап, әрбір бастамама шабыт беріп отырады. Әйел үшін одан артық не қажет?!

– Отбасының бірлігі мен қолдауы өте маңызды екені көрініп тұр. Қандай құндылықтарды ұстанасыздар?

– Біз отбасымызда әрқашан бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысамыз. Махаббат, түсіністік және шыдамдылық — біздің басты құндылықтарымыз. Әскери өмірдің қиындықтарын бірге жеңу арқылы біз бір-бірімізге жақындай түсеміз. Отбасы – шағын мемлекет. Жарым – сол мемлекеттің тірегі болса, мен – ұйытқысымын. Мемлекет алдындағы жауапкершілік қандай болса, отбасы алдындағы міндет те, махаббат та дәл сондай. Екеуін әрдайым тең ұстауға тырысамыз.

– Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Әңгімелескен

Әкімжан ТӨЛЕБАЙ,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі Қызылорда облысы бойынша департаментінің офицері

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: