Сейсенбі, 16 желтоқсан, 07:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96 (2208)
16.12.2025
PDF мұрағаты

Нажмадин МҰСАБАЕВ, қоғам қайраткері: Тәуелсіздік жылдары маған ел  аманаты жүктелді

16.12.2025

51 0

Тәуелсіздік күніне орай еркіндікпен еңсе тіктеген қиын жылдарда Сыр өңірінің экономикасы мен ауыл шаруашы­лығын көтеруге  ерекше үлес қосқан қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, Қазақстан Республикасының балық шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері, Қазалы, Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы Нажмадин Мұсабаевпен сұхбаттасқан едік.

– Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Егемендігіміз қолымызға тиіп, дербес мемлекет атанғанымызбен өндіріс пен шаруашылық тоқырап, кім қайда, қалай жүрерін білмей дағдарған ауыр кезеңде Жаңақорған ауданын басқарыпсыз.  Сол жылдарға шолу жасасаңыз…

– Тәуелсіздік – тәңір сыйы. Сол кезеңде өмір сүру оңай болған жоқ. Сол дәуірдің көрінісі әлі көз алдымда. 2000-2004 жылға дейін Жаңақорған ауданының әкімі болып қызмет атқардым.  Мемлекет қазынасының тапшылығынан бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің өзінде жалақы уақытылы берілмей, зейнетақы, жәрдемақы жайы күрделеніп кеткен еді. Дүкен сөрелері бос. Мұндай жағдайда әрбір отбасына күнкөріс қамының өзі ауыр тиді. Осындай кезеңде маған тығырықтан жол тауып, есеңгіреген елді елең-алаң шақтан ерік-жігермен алып шығу аманаты жүктелді.

1994-2000 жылдар аралығында ауданда маған дейін төрт әкім ауысыпты. Себебі белгілі. Артың тұңғиық, алдың тұман, болашағың болжаусыз сындарлы кезеңде көпті соңыңнан ертіп, іске жұмылдырудың өзі төзім мен тәуекелді талап ететін ерлікпен тең. Ауданға басшылыққа келген күннен бастап барлық салалардың тынысына талдау жасап, тиянақты жоспар құрдым. Сырттан кадр әкелмей, ел азаматтарымен бірге ілгерілеуге жан-жақты бағыт  ұстандық. Ең алдымен жекешеленген майда шаруа қожалықтарын ірілендіріп, оларды қолайлы жерге орналастыру, су жолдарын, су тоспаларын жөндеп,  тазалауды қолға алдық.

Түгіскен массивіндегі бір шаруашылықты, шаруа қожалықтарын  тұқыммен қамтамасыз ететін  мемлекеттік қазыналық кәсіпорын етіп сақтап қалдық. Міне, осылайша Түгіскен тұқым шаруашылығы мемлекет алдындағы қарызынан құтылып, миллионер шаруашылық атанып, даңқы шықты. Облыста тұңғыш рет Жаңақорған ауданын­да ауылдағы шаруаны несиемен қамтамасыз ететін «Қамқоршы» несие серіктестігі құрылды. Бюджет кірісі 106 пайызға артып, кәсіпкерлер 20,2 млн теңге инвестиция салды. Шаруашылықты жаңа деңгейге көтеру үшін елді мекендерді абаттандыру жан-жақты қолға алынды. Кентті жарықтандыру, су құбырын тарту бойынша нақты жұмыс атқарылды.

Сол жылдары республика бойынша  «Денсаулық» жылы жарияланып, жабылып қалған 2 селолық аурухана, 1 медициналық нысан, асар әдісімен 7 ФАП, 2 емхана 14 медпукт,10 мектеп,салынып, ел игілігіне берілді.

– Арал ауданында он жыл әкім болдыңыз. Өміріңіздің сәулелі сәттері айдынды Аралмен байланысты  секілді…

– Дұрыс айтасыз, өмірімнің ең жалынды, жастық қай­ра­тымның толысқан шағында Арал ауданында басшылық қызметте болдым. Бұл – 2004-2013 жылдар аралығы. Ауданда қордаланған мәселелер көп еді. Оның үстіне  теңізге телінген халқы да көп үлкен ауданды көркейту, шаруашылығын көтеру, теңізді сақтап қалуға да әрекет жасау керек болды. Терең ойға батып, ұйқыны азайтып, ат үстінде жүргендей сергектікті жаныма серік қылдым. Жүйелі жоспар құрып,  таңның атысы, күннің батысына дейін аудандағы шаруашылықтарды аралап, қарапайым еңбеккерлермен қоян-қолтық жұмыс істедім. Әкім елмен етене болу керек.   Жырау Алмас Алматовтың «Бақ біткен сайын жұмсақ бол, терідей сүтке иленген…» деген өлең жолдары қандай керемет. Аралдың әр бұтасы, қыры мен қырқасы, теңізі жаныма жақын, өте ыстық көрінеді. Қасиетті өңірдің адамдары да өнерлі, жайсаң, бейнеткеш еді. Әр бастамама қолдау көрсетіп, бата беретін халқы, ақсақалдарының ықыласымен жұмысым да алға басты деп ойлаймын.

– Ауданда тарихты түгендеп, ескерткіш орнатуға  да өзіңіз ықпал еткен едіңіз. Мақсатыңыз тағылымды тұлғаларды ұлықтау болар?

– Ескерткіш – әр өңірдің тарихынан сыр шертетін рухани мұра. Өткен тарихымызды ұлықтау кейінгі ұр­пақтың міндеті. Жолаушы вокзалынан түскеннен сізді биік тұғырға орнатылған Аралдың теңіз қаласы, портты қала екенін айғақтайтындай, мәрмәр тастан жасалған «Ақ кеме» қарсы алады. «Тұғырда ескерткіш емес, тарих тұру керек» деген, міне, осы. Қалада әрі қарай түрлі тақырыптағы қазақ­тың хандары мен биле­ріне, батырларына, ақын-жырауларына ар­нап әр тұста 20 ес­керткіш орнатылды.  Мақсатым кейінгі ұрпақ­қа айдынды өңірдің мақтанына айналған тұлғалар­ды  таныту еді. Осы орайда, ауданда әр жылды атаулы жыл деп жариялауды дәс­түрге айналдыр­дық. Жыл көлемінде атау беріл­ген тари­хи тұлға­лар кеңінен наси­хатта­лып, ескерт­кіштері салынып, кітап шы­­ғарылып, спорт­тық ойын­дар, ат бәйге­сі, ақындар ай­ты­­­сымен қортынды­ла­нып оты­ра­тын бол­ды. Мен қай ауданда әкім болсам да халықтың туған жерден көшпей, табан аудармай қоныстануы ол ұрпақтарының болашағы, сапалы білім алуына тікелей байланысты екеніне көзім жетті. Сондықтан қайда жүрмейін бірінші кезекте  мектептердің жағдайына ерекше мән бердім. Арал ауданында да білім мекемелерінің, мектептердің де жайы мәз емесін аңғардым. Кеңестік дәуірде 10 жылда бір мектептен ғана салынып отырған екен. Қалған білім ордаларының барлығы бейімделген ғимараттар. Олардың спорт залы, асханасы жоқ, әйтеуір амалсыздың күнін кешкен мектептер еді. Кейін ауданда мектептер типтік жобада салына бастады. Осылайша ауданда 10 жылда 32 мектеп бой көтерді. Мектеп құрылысы бюджеттің қаржысына ғана емес, асарлату әдісімен салынды.  Мұның барлығы ел ішіндегі ауызбірлік пен ынтымақтың жемісі еді.

– Қағазға қарап сөйлемейтін бірден-бір әкім деген атыңыз бар екен. Ақынжандылығыңызбен көзге түсіп,  көптің көкейіне орныққан ойлы, сырлы сөздерді, шұрайлы жыр шумақтарын жаттап, орынды жерінде кәдеге асыра білетін қасиетіңіз бар екен. Көп оқитын болдыңыз ғой. Кез келген адамның бойына беріле бермейтін қасиет кімнен дарыған?

– Адамға рухани азық сыйлайтын қазынаның бірі – көркем әдебиет. Арал ауданында қызмет атқарған жылдары әкімдіктің демеушілігімен «Ақша бұлтты – Ақтан батыр»,  Жетес би бабамыз туралы «Тарихи тұлға, тілді би», «Аралдың ардақты аналары», «Шүкіров шұғыласы», «Ән әлемінде, жүрек тереңінде», «Аралдың аққу жырлары», «Жұдырықтай жұмыр жер», «Әлем таныған Арал», «Ұлыларды ұлықтаған тұлға», «Тәуелсіздік толғаулары», «Ұлт рухын оятқан Нәжмәдин Мұсабаев», «Тумысы бөлек тұлға», «Қазақтың рухын көтерген алғашқы Қарақұм құрылтайы» атты тарихи, танымдық, деректі, шығармашылық бағыттағы туындылар оқырмандарға жол тартты. Ел басқарған азаматқа қажет қасиеттің бірі – шешендік өнер. Бұл жағынан ешкімге сөйлейтін сөзімді дайындатып, қағазға қарап сөйлеген емеспін. Әріптестерім кезінде  «Біздің Нәкеңе өткізілетін іс-шараның тақырыбын бірер минут бұрын айтсаң жетіп жатыр, қалғанын өзі алып кетеді» деген әзіл де болса шындық сөз тарап кеткен. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Ол үшін оқығаның да, тоқығаның да мол, білімді, тілің жүйрік, ойың ұшқыр болуы қажет.  Көркем әдебиетті оқып, сөздік қорымды молайтқанның арқасында атақты ғұламалар мен ақын-жазушылардың, билер мен шешендердің ұлағатты сөздерін орнымен пайдалана білдім. Жыр шумақтарын жаттап, жадымда сақтап, оларды керекті, орынды жерінде кәдеге асырдым. Біздің қазақ сөзге тоқтаған ғой.  Мықты идеолог болу әрбір ел басқарған азаматқа керек қасиет деп ойлаймын.

– Цифрландыру заманында жас буын кітаптан гөрі смартфонға көбірек қызығады. Оның зиянды тұсы көп екенін белгілі. Сіздіңше, жастарды оқуға қалай қызықтырамыз?

– Цифрландыру заманында жас буын кітаптан гөрі смартфонға көбірек қызығады. Қазақстан экономиканы цифрландыру жұмыстары бойынша алдыңғы қатарлы елдер қатарында. Алайда жасанды интелектінің пайдалы, пайдасыз жағын ғалымдар, зерттеушілер айтып жатыр. Цифрландыруға келетін болсақ, қазір кез келген бала үнемі  телефон, смартфонға байланған. Келешек ұрпақ­тың бойына  ұлттық тәрбиені сіңіру үшін бір мезгіл телефоннан ажыратып,  кітап оқуға, жыр жаттауға, ән айтып, би билеуге баулып, шешендік өнерді, қазақы салт-дәстүрдің ерекшелігін  үйретуіміз керек. Тіпті балабақша балалары да телефонмен құшақтасып жүретін жағдайға келдік. Интернетті жақсы білсін, меңгерсін, бірақ күндіз-түні телефон жастанып, өмірдің шынайы игіліктерінен, рухани құндылықтан шеттеп қалмау керек. Себебі біздің болашағымыз – жастардың қолында.  Сондықтан олар көркем әдебиет, газет-журнал оқып, ұлтымыздың мәдени мұрасын тану керек. Ана тілімізді, ұлттық мәдениетімізді өркендетіп, мұражайларға барып, тарихи құндылықты жете білуге ұмтылса деймін. Президентіміз алдағы 3 жылда Қазақстан экономикасы түгел цифрландырылып бітуі керек деген тапсырма берді. Уақытты ұттырмай, жастар саланы меңгеріп мамандануы керек. Сонымен қатар ұлттық болмысымыздан да айырылып қалмауымыз керек.

– Халықтың аманатын арқалаған әкімдерге қандай ақыл-кеңес бересіз?

– Әкімдік институтының бағыт-бағдары өзгеріп ба­рады. Мен қала әкімінің, облыс әкімінің бірінші орынбасары, аудан әкімі  қызметінде жүргендегі кезден жүйе көп өзгерді. Мысалы, қазір аудан әкімдеріне білім, денсаулық саласы қарамайды. Жоғарыдан төмен қарай басқару үрдісі қалыптасты. Бұрынғы аудандық денсаулық сақтау бөлімі қысқарды. Демек, әкімдердің құзіреті бірте-бірте ықшамдалып келе жатқаны байқалады. Әкімдік қызметтің беделі мен маңызын әкімдер халықпен етене араласып, пікірлесіп көтереді. Бұрын ауылдық әкімдер сайланатын болса, биылдан бастап аудан әкімдері сайлана бастады. Бірте-бірте қаланың әкімдері сайланатын болады. Халық өзінің сенім білдірген әкімін өзі таңдайды деген сөз. Сондықтан қазір әкім болу оңай емес. Жақында Президенттің ауыл әкімдерімен кездесуінде бірталай мәселелер талқыланды. «Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын. Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек», – деді Президент.

Сондықтан қазіргі әкімдерге айтар ақыл-кеңесім халықпен бірге болып, мұң-мұқтажын бірге шешу керек, елдің үнін есту керек. Сол кезде халық  пен биліктің арасында ортақ мәміле мен сенім нығаяды. Ел саяси сауатты. Әкімдерге қатысы жоқ мәселені халықтың күн тәртібіне қоятын жағдайы азаяды. Ел ішінде облыс, қала, ауыл, аудан әкімінің құзіреті қандай екеніне терең талдау жасайтын сауатты жандар жеткілікті. Халықпен бірге жұмыс істеуді міндетіне алған, елдің аманатын арқалаған әкімдер сол талапқа лайық болу керек.

– Мал шаруашылығын дамытпасақ келешегімізді елестетудің өзі қиын.  Алайда мал бағуға ынталылар аз.  Бұған не дейсіз?

– Бір өкініштісі, қазір ауылдағылардың бәрі қалаға көшіп мал бағатын адам қалмады. Малмен айналысатын фермерлік шаруашылық көп, малшы жоқ. «Мал-жаның аман ба?» дейтін  қазақпыз ғой. Қазақтың малы аман болса, жаны аман болады. Қазір мал қыстауында отырған малшыларға фермерлер интернетін, телефонын, күн батареясын орнатып, құдықтан суды насоспен тартқызып жұмысты жеңілдетіп отыр. Демек, ауыл тіршілігі қала деңгейіне көтеріліп келеді.

Үкімет шопандар мен малшылардың зейнетке шығу жасын төмендетуді қарастыруда. Бұл шара 2026-2030 жылдарға арналған жаңа «Мал шаруашылығын қолдау және дамыту» кешенді жоспарының бір бөлігі болады. Жоспарды әзірлеуді Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіп жатыр. Құжатта ауылдық жұмысшыларға әлеуметтік жеңілдік қарастырылады. Шопандардың балаларына тегін жоғары білім беру және әскери қызметтен босату мәселесі күн тәртібіне қойылды. Мүмкін осы бастамалар жүзеге асса, мал бағуға ынталылар көбейер деп ойлаймын.

– Жыл қорытындысы да жақындап келеді. Аймақта атқарылған жұмыстар көз алдыңызда. Сыр өңірі соңғы жыл­дары өркендеп, республика бойынша көш бастап келеді. Облыс орталығындағы оң өзгерістерге қандай баға бересіз?

– Сүйікті қаламыз Қызылорда көз ал­ды­­мызда өсіп-өр­кендеп, көз ілеспес жылдамдықпен көр­кейіп келеді.  Облыс орталығы­ның қуаты артып, экономи­ка­сы бел­сенді дамығаны аймақтың үздіксіз өркендеуінің кепілі. Себебі Қызылорда қаласы мәдениет пен руханияттың, білім мен өр­кениеттің тал бесі­гі, ұлы­лардың ізі қал­ған қасиетті мекен. Мен арда­гер ретінде әр бастаманың, атқарылған игі істердің басында жүргенде байқағаным, соңғы 3-4 жыл көле­мінде қаламыз қа­рыш­тап даму үстінде. Бұл тәуелсіздігіміз­дің және ел Президенті­нің сындар­лы сая­са­ты­ның арқа­сы. Қызыл­орданың өсу қар­қынына жа­қында іссапар­мен кел­ген Президенті­міз үлкен баға бер­ді. Бұл тұтас Сыр елінің абыройы, барша қызылордалық­тардың мақта­ны­шы. Қы­зылорда об­лысы электр­ге тәуел­­діліктен құты­­луға қадам жасауда. Тіпті өзіміз өнді­рген электр қуа­тын басқа өңір­лер­ге сататын жағдайға жетейін деп отырмыз. Жаңа технологиямен жаб­дықталған нан зауыты да үлкен жетістік. Инвесторлар тарту арқылы өңдеу өнеркәсібін дамыту қолға алынып жатыр. Облыс орталығымен бірге аудандар да қанаттас дамып келеді. Әсіресе қаланың сол жағалаудағы көркі, даму шапшаңдығы бәріміздің көңілімізге қуаныш ұялатады.  Жайлы қала салу терең тәжірибені, қар­жылық сауаттылықты, шебер үйлестіруді, шет мемлекет­термен әріптестік байланыс орната білуді талап етеді. Өркениеттің ошағы болған қаламызда  мәдени, әлеуметтік, рухани орталықтардың бой көтеруі келер ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық және тәуелсіз жылдар жемісі деуге негіз бар. Биыл пайдалануға берілген «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы талантты балалардың шабытын оятып, болашағына жол ашаты­нына сенімдімін. Сонымен қатар өнер адамдары үшін жағымды жаңалық Өнер орталығының ашылуы дер едім. Ғимарат ашылғалы ел игілігіне айналып, танымал өнер жұлдыздары келіп, жерлестерімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сол жағалаудың көркіне айналған ұлттық музей, теннис орталығы, физика-математика бағытындағы  «Білім-инновация»  лицей-интернатының, халықаралық талапқа сай салынған, сыйымдылығы 11 мың адамға арналған жаңа стадионның көркіне көз тойғандай.

Біз ардагерлер қалың бұқара халық пен жастардың арасындағы алтын көпір болып, жағымды жаңалықтардың куәсі болсақ дейміз. Екі ғасырдан астам тарихтың шежіресіндей сүйікті қаламыз мәңгілік құндылықтың мәйегіндей болып шыңдарды бағындыра берсін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: