Кейінгі жылдары ауыл тұрғындары жылыжай, егін шаруашылығын дамытуға ден қойып келеді. Былайғы күні де есік алдына бақшасын егіп, несібесін Жер-анадан тапқан ауыл жұртшылығы үшін аграрлық салаға деген мемлекет қолдауы септігін тигізуде. Жеңілдетілген несие алып жеке шаруашылығын дамытуды қолға алған шаруаның бірі – қарауылтөбелік Хасен Кененбаев.
Жасынан ауыл тіршілігіне қанық кейіпкеріміз үшін егін шаруашылығы жат дүние емес. Өзінің айтуынша, он жылдан астам уақыттан бері бақша дақылдарын егумен айналысады. Биыл шаруашылық аясын кеңейтіп, егіс көлемін арттыру мақсатында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы «Іскер» бағдарламасына қатысады. Нәтижесінде 6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген пайызбен несие алып, қияр, қызанақ, қарбыз дақылдарын егеді. Бүгінде ала жаздай еткен еңбек пен төккен тер өз жемісін беруде.
Биыл диқанның егіні бітік шығып, жоспарлаған өніміне қол жеткізген.
– Бүгінде еңбек етіп, кәсібін дамытамын деген азаматқа мүмкіндік көп. Ең бастысы, ерінбей еңбек ету керек. Ерте көктемнен басталған еңбек нәтижесінде жақсы өнім алдым. Қазір жиын-терім науқаны басталды. Қияр жинауды жеңілдету үшін тракторды пайдаланамын. Жай трактор емес, оны түрлендіріп, сыйымдылығы 4 адамға лайықталған тіркеме жалғадым. Бұл өнімді тез әрі уақытылы жинауға мүмкіндік береді, – дейді кәсіпкер Хасен Кененбаев.
Егін егуде жердің құнарлығы ғана емес өнімге жасалатын күтім аса маңызды. Бұл істе бұған дейін де тәжірибесі мол кәсіпкер биыл 1 гектар аумаққа қияр, 5 гектар жерге қарбыз, 1 гектарына қызанақ еккен. Жиын-терімді жақында бастаған ол әуелгіде әр гектардан 100 келі өнім алғанын айтады.
– Былтыр қиярға, қауынға басымдық бердік. Алдыңғы жылы картоп өнімін еккенмін. Бірақ күткен нәтиже бермеді. Биыл қияр, қызанақ, қарбыз ектім. Әр жылда әрқалай. Нарықтағы сұранысқа да, өнімнің төзімділігіне де байланысты. Келер жылы тек қарбыз ексем деп жоспарлап отырмын. Қазіргі таңда егістікке тамшылатып суару әдісін қолданамын, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
Маңдайы күнге күйіп, еңбек етуден ерінбеген кәсіпкер Хасен Кененбаев үнемі ізденіп, шаруашылыққа да, диқандарға тиімді жағын ойлап жүреді. Алдағы жоспарымен бөліскен ол мүмкіндік болса, жаңбырлатып суару әдісін енгізсем дейді. Егер осы әдісті жүзеге асырса картоп егуді қолға алмақ ниетте.
А.ӘЛІМ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!