Сейсенбі, 10 маусым, 00:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№41 -2154
03.06.2025
PDF мұрағаты

Несиеге тәуелділік қаржылық сауатсыздық салдары ма?

20.05.2025

215 0

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Қазіргі күні несиесі жоқ адам некен-саяқ. Бәрінің басында бірнеше несиеден бар. Бұған дейін мемлекет тарапынан жүргізілген бір реттік несие кешіру рәсімі халықтың тұтынушылық мақсатта несие алу көрсеткішін төмендеткен жоқ. Ал осыдан 2 жыл бұрын несиесін төлеуге мүмкіндігі жоқ, төлем қабілетінен айырылған азаматтарды банкрот деп тану туралы заң шыққан еді. Бұл борышкерлердің қиын қаржылық жағдайдан шығуына көмектесу мақсатында іске асырылды. Заң қолданысқа енген жылдан биыл наурыз айына дейінгі аралықта 22 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған екен. Олардың жалпы қарызы 40,9 миллиард теңгені құраған.

Банкрот деп тану жобасы көп адамға қаржылық қиындықтан шығудың жолы болғаны рас. Алайда бұл ел азаматтарының несиеге тәуелділігін азайтқан жоқ. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл 1 сәуірдегі есеп бойынша қазақстандықтардың банктер мен қаржы ұйымдарына жалпы қарызы шамамен 21,4 триллион теңгені құраған. Оның 14,4 трлн теңгесі тұтынушылық несие болса, 3,6 трлн теңгесі автонесие мен 3,4 трлн теңгесі ипотекалық несие санатында кіреді.

Жаңа заң неге тыйым салады?

Күнкөрісі несиеге байланған қа­зақстандықтар үшін былтыр Парламент Мәжілісінің депуттаттары «Кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдап, жоғары Палатаға жолдаған бо­латын. Өз кезегінде сенаторлар заңға қайта өзгерістер мен толықтырулар енгізген.

Қос Палатаның депутаттары ма­құл­даған заң азаматтардың борыш­тық тәуекелдерін төмендету және  проб­лемалық қарыздарын шешу бойынша шаралар қабылдауды көздейді. Соның нәтижесінде бұрын-соңды ештеңеге қа­рамастан несие беретін банктер мен қаржы ұйымдарына бірқатар шектеу қойылды.

Мәселен, өткен жылдың 1 қыр­күйе­гінен бастап ел азаматтары жұбайы­ның рұқсатынсыз банктен несие ала алмайтын болды. Бұл тыйым қазақ­стандықтардың кепілсіз несие алуының артуына байланысты қабыл­данған шешімнің бірі. Сондай-ақ аза­маттардың 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болса, оларға кепілсіз тұтынушылық несиелер беруге, сондай-ақ қолданыстағы тұтыну несиелері бойынша 90 күн кешіктірілгеннен кейін сыйақыны есептеуге де тыйым салынды.

Несие төлемі жеңілдетілгендер қа­тарында мерзімді әскери қызмет ат­қарып жүрген азаматтар бар. Бұған дейін несие алған әскердегі азаматтарға қызмет кезеңінде және одан кейінгі екі айда ешқандай сыйақы есептелмей төлеу мерзімі кейінге шегеріледі.

Қаржылай қиындыққа тап болып, төлем жасай алмай жүргендер үшін тағы бір жағымды жаңалық банктер қарыз алушының шотындағы 2 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын қаражат қалдығынан несие берешегін өндіріп ала алмайды. Яғни айлығы түссе белгілі бір мөлшерін банк несие төлеміне ұстамайды. 

Азаматтардың банктік қарызы бойын­­ша дауларды реттеуде банк ом­будсме­нінің өкілеттігі артты. Дәл осы бағытта микроқаржы омбудсмені инс­ти­туты құрылды. Сондай-ақ аза­маттар несие ресімдеуден ерікті түрде бас тарт­са, рәсімделген несиелері есептен шығарылады.

Несие беруге қатысты мұндай шара­ларды қабылдауға азаматтардың атынан алаяқтардың несие алу көрсеткішінің көбеюі де әсер етті. Бұл ретте енді клиенттің биометрикалық сәйкестендіруі мен электрондық цифрлық қолтаңбаны бір мезгілде қолдануы міндеттелді. Онсыз банктік несиелер мен микро­кредиттер берілмейді. Бұдан бөлек 21 жас­қа толмаған және 55 жастан асқан азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несиені электронды үкімет порталы  арқылы келісім алғаннан кейін ғана рәсімдеуге рұқсат беріледі.

Жасыратыны жоқ, көпшілікті қа­рызға белшеден батырған онлайн несие деуге болады. Оңай әрі санаулы уақытта берілетін несиені кез келген адамның алуына мүмкіндігі бар. Мұны ескерген мамандар енді тұтынушылық кепілсіз онлайн несиелерді беру үшін 24 сағаттық «салқындату кезеңін» енгізбек.

Салқындату кезеңі – азаматтарға ойлануға 1 күн уақыт береді. Бұл ара­лықта тұтынушылар қарыз алудың қажеттілігін сараптай алады. Осылайша, азаматтардың несие алуда жеті рет өл­шеп, бір рет кесуіне мүмкіндік беріледі. 

Қарыз алушылардың құқықтарын қорғауда сонымен бірге халықтың әлеу­меттік осал топтарына да ерекше басымдық берілген. Мәселен, бұл са­наттағы азаматтардың экономикалық жағдайы нашарласа, міндетті түрде кемін­де үш ай мерзімге айыппұл есеп­темей несие мен микрокредиттер төлеу кейінге шегеріледі. Сондай-ақ олардың ай сайынғы төлемін 50 пайызға немесе одан да көп мөлшерге азайтуға болады.

Мамандар не дейді?

– Осыдан 4-5 жыл бұрын несиесін төлей алмай, қарызын 90 күннен артық кешіктірген азаматтар саны 700 мыңға жетпейтін. Қазір бұл көрсеткіш екі есеге өскен. Бұл бүгінгі қоғамның қарыздың қамытында өмір сүріп жатқанын білдіреді. Тіпті уақытылы төлеп жүрген азаматтардың өзі әрең төлейді. Себебі банк беретін несие пайыздары жоғары. Заң жобасына енген өзгерістер халықтың қарызын оң шешуге бағытталған. Қазір алаяқтардың азаматтардың атынан несие алу жағдайы да көбейді. Осындай фак­торларды ескере отырып, халықтың несие жүгін жеңілдету көзделген. Мұны тиімді жоба деп айтар едім. Енді көпшіліктің бей-берекет несие алуы қиындайды. Сол сияқты жұбайының рұқ­сатынсыз несие бермеу мәселесі де өзекті. Өкінішке қарай, жолдасынан жасырып несие алып, оны төлей алмай қалғандар көп. Мұның соңы отбасының бұзылуына, ажырасуға әкелуде. Бұл да отбасы құндылығына негізделген шешім деуге болады. Қаржы нарығында құқығы бұзылған азаматтарды қолдауда осындай іс-шаралар керек-ақ. Дегенмен әлде де өзгеріс керек. Банк қызметінде ең маңызды мәселе ретінде несие пайыздарын төмендетуді бірінші орын­ға қою керек. Мәселен, елімізде жыл­дық пайыздық мөлшерлемені 56 пайызға дейін қоюға рұқсат етілген. Мұны қазір 44 пайызға дейін түсіру талқыланып жатыр. Алайда оның өзі көп.  30 пайызға дейін түсіруге болады. Сондай-ақ Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесін азайтқан жөн. Деген­мен мұның барлығы Үкіметтің жұмы­сына байланысты. Отандық өндірісті дамыту, индустрияландыру жобаларын жүзеге асыру керек. Ондай жағдайда теңге нығайып, пайыздық мөлшерлеме де төмендейді. Бұдан бөлек халықтың табысы да артуы қажет. Бұл да ең маңызды мәселе, – дейді экономист-сарапшы Мақсат Халық.

«Қарызсыз қоғам» жобасының Қы­зылорда облысы бойынша қаржы са­рап­шысы Балдырған Мәменнің айтуын­ша, үкіметтің халықтың несие мәселесін шешуге көмектесуі азаматтардың несие алуын азайту мақсатында қолға алы­ну­да. Алайда статистикалық мәлімет несие алушылардың саны жыл санап артып жатқанын көрсетеді. Сондықтан қаржы сарапшысы азаматтарға алдымен қаржылық сауаттылықты үйрену керегін айтады.

Биыл өзгерістер енгізілмек

Былтыр халық қалаулыларымен қа­ралып, нақтылаған шаралар осындай болса, биыл несие рәсімдеуде тағы бірқатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл банк­тер мен микроқаржы ұйымдары үшін азаматтардың өтінімдерін қарау мер­зімін 15 күн деп белгілеу, агенттік белгілеген негіздер бойынша банктердің және микроқаржы ұйымдарының азамат­тар­дың қарыздары бойынша мерзімді 3 айға кейінге қалдыруды ұсыну,  қаржы ұйымдарының ұлттық стандартын ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарға қыз­мет көрсету, оның ішінде сенім біл­дірген адам арқылы қызмет көрсету рәсімдерін белгілеу, агенттікке қаржы ұйымдарының қаржылық өнімдеріне қойылатын талап­тарды белгілеу құзы­ретін беру туралы өзгерістер енгізу көзделуде.

Алдағы уақытта комиссия алынбайды

Енді несие беруде кейбір банктік комиссияларға да тыйым салынуы мүм­кін. Нақтысын айтқанда, банк несие­сін ішінара немесе мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айы­бын өндірмейді. Ал шағын несиелер бойынша кез келген тұрақсыздық айыбы мүлдем болмайды. Бірақ шағын несиені қайтармағаны үшін есептелген айыбы қалады. Ал қарыз алушылардың жүктемесін азайту мақсатында банк несиесі немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру комиссиясының шекті мөлшері 10 пайыз болып белгіленген.

Қалай десекте, заңға енгізілген бұл өзгерістер несие жүгін артқан жұрт­шылыққа аз да болса көмек болғалы тұр. Алайда бұдан соң қазақстандықтардың тұтынушылық несие алу көрсеткіші азая ма? Тұр­ғындардың қаржылық сауаттылығы артпай, несиеге тәуелділігі тоқтамайды деген пікірдің жаны бар сияқты. Ал сіз қалай ойлайсыз?

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: