Химия – тек формулалар мен реакциялар емес. Бұл – елдің экономикалық, технологиялық және экологиялық дамуына жол ашатын стратегиялық сала. Аймағымызда ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту бағытында бірқатар елеулі бастамалар қолға алынып жатыр. Бұл үдерістің алдыңғы шебінде жүрген ғалымдардың бірі, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Нұрбол Орынбасарұлы Аппазов. Ол заманауи ғылыми мектеп қалыптастырып, жас зерттеушілерге қолдау көрсетіп келеді. Ғалым 2018 жылдан бері Қызылорда қаласындағы №212 мектеппен жемісті жұмыс атқарып келеді. Бұл ынтымақтастықтың нәтижесінде оқушылар күрделі ғылыми жобаларға қатысып, қалалық, облыстық, республикалық деңгейде жүлделі орындарға ие болуда. Күріш қалдықтарын өңдеу, экологиялық таза материалдар жасау сынды жобалар – соның айқын дәлелі. Нұрбол Аппазовпен ғылымның келешегі, мектептермен ынтымақтастық, жас ғалымдарды қолдау және отандық химия саласының болашағы туралы сұхбаттасудың сәті түсті.
– 2018 жылдан бастап қаладағы №212 мектеппен бірлескен жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз.
– 2018 жылдан бері №212 мектеппен бірлескен жұмысымыз өз нәтижесін беруде. Мен бұл мектептің оқушыларына ғылыми жетекшілік етемін. Оқушылар күріш қалдықтарын қайта өңдеу бағытында зертханалық тәжірибелер жүргізіп, тың жобалар жасау арқылы ғылымға қызығуда.
– Күріш қалдығы мен кебектелген қауыздан зертханалық жолмен қандай заттар алдыңыздар және қандай жобалар жасадыңыздар?
– Біз күріш қауызын термиялық өңдеу арқылы белсендірілген көмір алдық. Бұл көмірді су тазалау процестерінде, әсіресе ауыр металдар мен хлорды тазартуда қолдандық. Сондай-ақ күріш қауызынан натрий силикатын және кальций силикатын шығарып, оларды суды ауыр металдардан тазартуда тиімді сорбент ретінде қолдануға болатынын дәлелдедік. Бұл көмірді су тазарту жұмыстарында кеңінен қолданып жүрміз. Мысалы, Қызылорда қаласындағы Титов пен Тасбөгеттегі биологиялық тазарту станцияларында суды тазарту мақсатында пайдаландық. Сондай-ақ күріш қауызынан натрий және кальций силикатын өндіріп, оларды суды ауыр металдардан тазартуда тиімді сорбент ретінде қолданып жатырмыз.
– Күріш сабанынан биочар жасаудың қандай пайдасы бар?
– Жобаның тағы бір бағыты – биочар (biochar) алу. Бұл көмір түрін топыраққа қосқанда топырақтың тұздылығы төмендеп, ылғалды сақтайтын қасиеті жоғарылайды, ауа өткізгіштігі жақсарады. Өсімдіктердің тамыр жүйесінің жақсы дамуына қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар азотты тыңайтқыштарды топыраққа бергенде олардың тиімділігін арттырып, өсімдіктің өсуін және өнімділігін жақсартуға мүмкіндік береді.
– Целлюлозаны күріш сабанынан алудың қандай артықшылығы бар?
– Жыл сайын бізде 500 мың тонна шамасында күріш сабаны қалады. Күріш сабаны негізінен малға азық ретінде қолданылмайды, көбінесе қыста малдың астына төсейді, бірақ оның көп бөлігі пайдаланылмай қалып, өртеледі. Мұның қоршаған ортаға тигізетін зияны зор. Сондықтан біз осы күріш сабанынан лабораторияда целлюлоза алу жұмыстарын жүргіздік. Целлюлозадан Оңтүстік-Шығыс Азия елдері негізінен төмен сортты крафт қағаздарын шығарады. Біз лабораторияда ақ түсті целлюлоза өндіріп, одан офис қағазын, қағаз майлық жасау бағытында зерттеу жүргіздік.
– Бұл жоба аясында оқушылар қандай жаңа білім мен тәжірибе алды?
– Оқушылар күріш қалдықтарын химиялық және термиялық өңдеу арқылы экологиялық таза әрі пайдалы өнім алудың нақты әдістерін үйренді. Сонымен қатар зертханалық зерттеулер арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстарының негіздерін, аналитикалық ойлау мен практикалық дағдыларды меңгерді.
– Тағы қандай мектептермен бірлескен бастамаларыңыз бар?
– Біз тек №212 мектеппен шектелмей, Қызылорда қаласындағы бірнеше білім ордасымен тығыз байланыстамыз. Бұл мектептерде де күріш қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған жобалар жасап, топырақтың құнарлылығын арттыруға бағытталған зерттеулер жүргіземіз.
– «Күріш қалдықтарын қайта өңдеу және олардың қолдану мүмкіндіктері» атты жобаның маңыздылығына тоқталсаңыз?
– Бұл жоба экологиялық тұрғыдан маңызды ғана емес, экономикалық жағынан да тиімді. Күріш қалдықтарын өңдеу арқылы біз целлюлоза, кремний диоксиді сияқты жоғары сапалы өнімдер алдық. Целлюлозадан қағаз, картон өндірісіне қажетті материалдар жасалса, кремний диоксиді күн энергетикасында, оптикалық құрылғылар мен жоғары технологиялық өндірістерде қолданылады. Осы арқылы біз қоршаған ортаға зиянды азайтып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отырмыз.
– Сұхбатыңызға рахмет!
С.Хайрулла
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!