Сейсенбі, 24 ақпан, 01:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№15 (2227)
24.02.2026
PDF мұрағаты

Нұрхан Махмұт, мобилограф: Мимен жұмыс істейтін уақыт

24.02.2026

41 0

Бүгінде қолдағы смартфон – тек байланыс құралы ғана емес, табыс көзіне айналған әмбебап құрал. Бар болғаны,  креативті ой, батыл қадам керек. Жас талғамайтын, сұранысы күн санап артып келе жатқан бұл саланың атауы – мобилография. Қоғам айнасына айналған жаңа бағытта өнімді еңбек етіп, ірі кәсіпорындардың жарнамасын жүргізіп, шәкірт тәр­биелеп жүрген жас мобилографтың бірі – Нұрхан Махмұт. Орайы келгенде мобилографияның қыр-сыры, табыс көзі мен мүмкіндігі туралы әңгіме­лескен едік.

– Қаламызда белгілі кәсіпкерлердің жар­намасын жасап, шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Мобилографияға қалай келдіңіз?

– Бұл салаға келмей тұрып қара жұмыс істедім. Құрылыс саласында жұмыс істеп, цемент құйған кездерім болды. Бір күні туысқан ағам: «Қашанғы осылай жүре бересің? Заман талабына сай кәсіп үйренгенің абзал», – деп кеңес берді. Сол сөз мені ойландырды. Кейіннен мобилография саласын үйрене бастадым. Іздендім, оқыдым, тәжірибе жинадым. Қазір осы саланың қыр-сырын меңгеріп, өз ісімнің майталманына айналдым деп айта аламын. Таңдауыма еш өкінбеймін, керісінше, қуанамын. Себебі қазіргі таңда мобилография – қоғамның айнасы. Жеке бренд қалыптастырудан бастап, кәсіптің дамуына дейін бұл саланың рөлі ерекше. Бүгінде кез келген адам өзін әлеуметтік желі арқылы танытады. «Instagram», «TikTok», «Facebook» секілді платформалар арқылы қоғаммен байланыс орнатады. Жеке тұлға ретінде қалыптасу, кәсібіңді кеңінен таныту, өнімнің артықшылығын көрсету,  барлығы сапалы контентке байланысты. Мейрамхана, дүкен немесе кез келген бизнес болсын, оның іргетасын дұрыс жарнама арқылы қалыптастыру қажет. Бұл жерде мобилография шешуші рөл атқарады.

– Жұмыс барысында қандай техника мен бағдарламаларды қолданасыз?

– Мобилографтың басты құралы – телефон. Сапалы контент түсіру үшін заманауи смартфон жеткілікті. Монтаж жасауға арналған CapCut, VN (Not Video) сынды қосымшаларды қолданамын. Ең бастысы, дұрыс ракурс таңдау, кадрды әртүрлі планда түсіру. Түсірілімнен кейін видеоға сәйкес әуен таңдап, ырғаққа сай монтаж жасаймыз. Бірақ бәрінен маңыздысы – идея. Мобилограф оператордың да, монтажердің де, сценаристің де қызметін атқарады. Кейде журналистермен бірге оқиға орнында репортаж түсіріп, стендап жасаймыз. Яғни бұл жан-жақты қабілетті талап ететін сала.

– Қазіргі таңда сұранысқа ие контент форматтары қандай?

– Тренд үнемі өзгеріп отырады. Бір жылдары коучинг, мотивациялық видеолар сұранысқа ие болса, бүгінде пранк, әлеуметтік эксперимент форматтары танымал. Сондықтан трендтен қалмау маңызды. Бір ғана идеямен шектелуге болмайды. Кейде қарапайым тренд видео миллиондаған қаралым жинауы мүмкін. Сол себепті жаңа бағыттарды байқап көруден қорықпау керек.

– Бұл сала қаншалықты табысты?

– Сұранысқа ие маман үшін табыс көзі әрдайым жоғары болады. Миллиондап табыс тауып жүрген мобилографтар бар. Бірақ ең алдымен ниет пен еңбек керек. Үздіксіз ізденіс пен табандылық болса, жүмыстың нәтижесі көрінеді.

– Кәсіби деңгейіңізді арттыру үшін қандай қадамдар жасайсыз?

– Бір орында тоқтап қалуға болмайды. «Мен тек мобилографияны білемін» деп шектелу қате. SMM-ді меңгеру, маркетинг пен сатуды үйрену, кәсіби камерамен жұмыс істеп көру – бәрі тәжірибе. Бұрын тек киім дүкендерінен видео түсірсеңіз, кейін шағын Instagram-сериалдар жасауға болады. Әрдайым жаңа белеске ұмтылу қажет. «Маған осы жетеді» деген түсініктен арылу керек. Ірі қалаларда мобилография ерекше бағаланады әрі табысы да жоғары. Біздің өңірлерде кейде бұл саланың маңызы бағаланбай жатады. Дегенмен сұраныс жыл сайын артып келеді.

– Жұмыс барысында есте қалған ерекше оқиғалар болды ма?

– Мобилограф ретінде құқық қорғау саласында жұмыс істедім. Көпшілік камераны жай ғана құрал деп қабылдайды. Ал тергеу ісінде камера – айғақ, дәлел, шындықтың үнсіз куәгері саналады. Тергеу барысында күрделі жағдайларға тап боласың. Әсіресе, адам тағдырына қатысты істер оңай емес. Мына бір оқиға жадымда мәңгі қалып қойды. Әйел босану кезінде шетінеген нәрестеге қатысты жағдай тіркелді. Жерлеу сәтінде сәби денесін шатастыру дерегі анықталып, мәселені нақтылау үшін бейіт басына баруға тура келді. Мен бұған дейін өмірімде жерлеуге қатысып көрмеген едім. Бірақ сол жолы қабір қазылып, мәйіт­ті қайта тексеру барысын каме­раға түсіруге мәжбүр бол­дым. Осын­­дай сәт­терде сен тек опе­ратор емес, эмо­цияңды те­жей ала­тын маман болуың керек. Ка­мера ар­тын­да тұр­­ған адам да тірі жан екенін ұмытуға болмай­ды. Шыны керек, бұл оқиға әлі есім­нен кет­пейді. Есіме түссе әлі күнге дейін аяқ-қолым дірілдеп, бойымды қорқыныш сезімі ұялайды.

– Жас мобилографтарға қандай кеңес бересіз?

– Қорықпау керек. Қазір тек айлыққа қарап отыратын заман емес, мимен жұмыс істейтін уақыт. Хейтке мән бермей, тек алға ұмтылу қажет. Үздіксіз еңбек еткен адам міндетті түрде нәтижеге жетеді.

Айдана БАХТИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: