Сейсенбі, 24 маусым, 11:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46,2159
24.06.2025
PDF мұрағаты

Нұрлан ҚҰЛМЫРЗАЕВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы Жасанды Интеллект институтының директоры: Бүгінгі студент – ертеңгі цифрлық трансформация көшбасшысы

24.06.2025

49 0

Қазіргі заманда жасанды интеллект технологиялары барлық салаға дендеп еніп, жаһандық дамудың жаңа бағытына айналды. Бұл үдерістен Қазақстан да шет қалмай, цифрлық трансформацияны жеделдетуге бағытталған нақты қадамдар жасауда. Осындай маңызды бастамалардың бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан Жасанды Интеллект институтының ашылуы. Бұл институт елімізде жасанды интеллект, деректерді талдау, киберқауіпсіздік сынды келешегі зор бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлауға, ғылыми зерттеулер жүргізуге және халықаралық әріптестік негізінде тәжірибе алмасуға арналған бірегей орталық ретінде құрылды. Институттың құрылу тарихы, даму бағыты, оқу бағдарламасы мен болашақ жоспары туралы Жасанды Интеллект институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Нұрлан Серікұлы, жаңадан ашылған Жасанды интел­лект институтының құрылу тарихы туралы айтып берсеңіз.

– Жалпы алғанда, Жасанды интеллект институтының құрылуы – еліміздегі цифрлық трансформацияның нақты көрінісі. Ғылым және жоғары білім министрінің тапсырмасына сәйкес, республика көлемінде жасанды интеллект саласында мамандар даярлайтын білім беру орталықтарын құру бастамасы көтерілген еді. Осыған орай, 2022 жылы Корея Республикасының Білім министрлігінің қолдауымен SeoulTech (Сеул ғылым және технология университеті) және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті арасында LUPIC – Leading University Project for International Cooperation халықаралық бағдарламасы аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл тек қағаз жүзінде емес, нақты іске асқан ірі білім жобасына айналды. Нәтижесінде 2023 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанынан «Жасанды Интеллект Институты» (Institute of Artificial Intelligence) құрылып, ресми түрде жұмысын бастады. Бұл – Қазақстандағы жасанды интеллект бағытында құрылған ең алғашқы білім беру институты. Айта кету керек, біздің университеттің бұл бағыттағы бастамасы кездейсоқ емес. 1937 жылы Корея елінен Қазақстанға депортацияланған ғалымдар мен педагогтар Қызылорда өңірінде алғашқы жоғары оқу орындарының негізін қалаған болатын. Сол тарихи сабақтастықты негізге ала отырып, бұл ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтердік.

Нұрлан ҚҰЛМЫРЗАЕВ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы Жасанды Интеллект институтының директоры: Бүгінгі студент – ертеңгі цифрлық трансформация көшбасшысы

– Институттың негізгі мақсат-міндеті қандай?

– Негізгі мақсат – өңірлік академиялық әлеуетті арттыру, ғылымды қолдау және жасанды интеллект саласында жоғары білікті мамандар даярлау. Бұл – еліміздің цифрлық трансформация саясатына сәйкес жүзеге асқан стратегиялық бастама. Біздің міндет – жасанды интеллект технологияларын ел игілігіне тиімді пайдалана алатын, экономика мен қоғам сұранысына бейімделген, жан-жақты ІТ кадрларын даярлау. LUPIC халықаралық бағдарламасы аясындағы басты міндет – жасанды интеллект мамандарын даярлайтын орталық құру және халықаралық білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты нығайту. Біз осы стратегиялық мақсат­тарды жүзеге асыруға кірістік. Институт тек білім берумен шектелмей, жауапты және этикалық жасанды интеллектті дамытуға да үлкен мән береді. Яғни студенттер тек техникалық құралдарды ғана меңгеріп қоймай, оларды қоғам мен адам игілігі үшін дұрыс әрі қауіпсіз қолдануды да үйренеді. Сондай-ақ біз жасанды интеллектті барлық білім беру бағдарламаларына интеграциялауды қолға алдық. Бүгінгі таңда менеджмент, экология, мұнай-газ, химия, тарих, педагогика сияқты түрлі салалардың оқу жоспарларына ЖИ элементтері енгізілуде. Ал 2025 жылдан бастап пән мазмұнының 30-40%-ы жасанды интеллектпен байланысты болады деп жоспарлануда. Осы бағытта біз Қызылорда қаласында деректерді талдау және жасанды интеллект технологиялары бойынша орталық құруды бастадық. Бұл орталық тек университеттің емес, тұтас өңірдің цифрлық дамуына қызмет ететін ғылыми, білім беру және стартап кеңістігіне айналады.

– SeoulTech университетімен серіктестік қандай деңгейде жүзеге асуда?

– Қорқыт Ата атындағы университет пен Оңтүстік Кореяның беделді жоғары оқу орны – SeoulTech универ­ситеті арасындағы әріптестік бүгінгі күні жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бұл ынтымақтастық LUPIC халықаралық бағдарламасы аясында іске асырылуда және нақты нәтиже беріп отыр. Аталған жоба шең­берінде корей тарапы біздің университеттің мате­риалдық-техникалық базасын жаңартуға қолдау көр­сетуде. Бүгінгі таңда Сеулден Қызылордаға 190 дана заманауи компьютер, 8 сервер, дрондарға арналған зертханалық жабдықтар, AR/VR құрылғылары және бейнеконференцияға арналған мультимедиялық жүйелер жеткізілуде. Бұл құрылғылар оқу және ғылыми зерттеу жұмысының сапасын арттырады. Сонымен қатар екіжақты ынтымақтастық тек техникалық қолдаумен шектелмей, академиялық әлеуетті дамытуға да бағытталған. SeoulTech университетінің тәжірибелі профессорлары Қызылордаға келіп, студенттерге дәріс оқи бастады. Алдағы уақытта бұл тәжірибе кеңейіп, Кореядан келетін оқытушылар саны артады деп жоспарлануда. Сонымен қатар оқытушылар Кореяға барып, біліктіліктерін арттырып жатыр. Бұл үдеріс университетіміздегі білім сапасының халықаралық деңгейге бейімделуіне ықпал етуде. Жалпы алғанда, екі жақты серіктестік үш негізгі кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезең – инфрақұрылым мен кадр әлеуетін дамыту, яғни материалдық база қалыптастырып, оқытушыларды шетелдік тағылымдамаларға жіберу. Екінші кезең – академиялық білім алмасу бағдарламаларын дамыту. Бұл кезеңде корей профессорлары бізге келіп сабақ берсе, біздің студенттер мен оқытушылар SeoulTech университетінде оқып, тәжірибе жинайды. Үшінші кезең – оқу бағдарламаларын толығымен бейімдеу, яғни SeoulTech әзірлеген контенттер мен оқыту әдістерін университеттің білім беру жүйесіне енгізу. Бүгінде студенттер ағылшын тілінде білім алады, қосымша корей тілін меңгеру курстары да ұйымдастырылған. Мұндай көптілді оқыту моделі түлектердің халықаралық еңбек нарығында еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Серіктестіктің тағы бір маңызды нәтижесі – қос дипломды бағдарламалардың іске қосылуы. Бұл бағдарлама бойынша студенттер оқуын Қызылордада бастап, кейін Сеулде жалғастырады. Оқу мерзімін аяқтаған соң, олар екі университеттің дипломын қатар алып шығады. Бұған қоса, студенттер Кореяның алдыңғы қатарлы компанияларында тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.

– Институттағы оқу бағдарламаларының ерекшелігі қандай?

– Жасанды Интеллект институтында оқу халықара­лық стандарттарға толық сәйкес келетін, бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Бұл бағдарламалар SeoulTech университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің мамандары бірлесіп әзірлеген оқу жоспары негізінде жүзеге асады. 2024-2025 оқу жылынан бастап бұл бірлескен бағдарламалар ресми түрде іске қосылды. Біздің ел тарапынан мемлекеттік білім гранттары бөлініп, төрт білім беру бағдарламасының әрқайсысына грант қарастырылды. Бұл – аймақ жастары үшін халықаралық деңгейде білім алуға үлкен мүмкіндік. Оқыту толығымен ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл – кездейсоқ таңдау емес, қазіргі заманның және ІТ сала­сының нақты талабы. Себебі саладағы негізгі ғылыми әдебиеттер мен заманауи ресурстардың басым көпшілігі ағылшын тілінде жазылған. Сол себепті студенттеріміздің ағылшын тілін жетік меңгеруі – басты шарттардың бірі. Оқуға қабылданатын талапкерлерге қойылатын талаптар да жоғары. ҰБТ тапсырып, информатика мен математиканы жақсы деңгейде меңгеруі тиіс, ағылшын тілі бойынша емтихан тапсыруы немесе кемінде IELTS 5.0 деңгейіндегі сертификат ұсынуы қажет. Бұл талаптар студенттерді сапалы іріктеу арқылы академиялық жүктемесі жоғары, халықаралық мазмұндағы оқу бағдарламаларын сәтті меңгеруіне жол ашады. Бағдарламалардың мазмұны – жасанды интеллект, машиналық оқыту, деректер аналитикасы, киберқауіпсіздік, нейрондық желілер, үлкен деректермен жұмыс істеу және басқа да озық технологиялық пәндерді қамтиды. Студенттер теориямен қатар, практикалық жобаларға қатысып, нақты деректермен жұмыс істеп, зертханалық тәжірибе жинайды.

– Институт жанынан дата-аналитикалық орталық құрылатыны айтылған еді. Бұл орталықтың маңызы қандай болмақ?

– Біздің басым бағыттарымыздың бірі – деректерді өңдеу және талдау орталығын құру. Қазірдің өзінде түрлі салалар бойынша үлкен көлемде мәліметтер жинақталуда. Сол деректерді тиімді пайдалануға ғылым мен бизнес мүдделі. Корейлік әріптестеріміздің айтуынша, Қызылорда облысында мұндай дата-аналитикалық орталық құрудың маңызы зор, берер мүмкіндігі де мол. Институттың басты мақсаттарының бірі – осы жинақталған ауқымды деректерді өңдеп, Қазақстанның әртүрлі салалары үшін пайдалы сараптамалық ақпарат ұсыну. Яғни аналитикалық орталық өнеркәсіптен бастап, білім беру немесе медицина болсын, барлық салаларға үлкен деректер негізінде шешім қабылдауға көмектесетін зерттеулер жүргізеді. Бұл стратегия институт жұмысының негізгі бағыттарының бірі ретінде бекітілген. Алдағы уақытта деректерді сақтау инфрақұрылымын жетілдіріп, өңірдің өзінде ақпараттық хаб қалыптастыруды көздеп отырмыз. Осы орталық базасында студенттер де тәжірибе жинақтап, деректермен жұмыс істеу қабілеттерін арттырады.

– Институттың даму бағыты қандай? Қандай стратегиялық мақсат пен нақты жоспар бар?

– Жоспарлар көп. Ең алдымен, қазіргі бакалавриат бағдарламаларын табысты іске қосып алған соң, магист­ратура және докторантура деңгейінде де мамандар даярлауды бастау ойда бар. Бізге үлкен міндет жүктелгелі тұр, сол жобаларды сәтті жүзеге асыру үшін SeoulTech университетімен бірлескен ғылыми зерттеулерді қолға аламыз. Тағы бір маңызды жоспар – аймақта ІТ экожүйесін қалыптастыруға үлес қосу. Институтымыз жанынан құрылған технологиялық бизнес-инкубаторды толық іске қосып, студенттер мен жас ғалымдарға өз жобаларын жүзеге асыруға жағдай жасаймыз. Сонымен бірге алдағы жылдары шетелдік жетекші университеттермен бай­ланыс аясын кеңейтіп, академиялық ұтқырлық арқылы студенттер мен оқытушылардың халықаралық тәжірибе алмасуын көбейтпекпіз. Басты мақсатымыз – Қызылордада халықаралық талаптарға сай ІТ мамандарын даярлайтын озық орталық қалыптастыру. Бұл – тек бастамасы. Болашақта біздің институт түлектері Қазақстанның Кремний алқабы атануы мүмкін Сыр өңірінің атын әлемге танытып, жасанды интеллект саласында жақсы жаңалықтармен қуантатынына сенемін.

– Институтта генеративті жасанды интеллект құралдарын қолдану қаншалықты жүзеге асуда? Студенттер оларды қалай меңгеруде?

– Генеративті жасанды интеллект құралдарын қолдану қазіргі таңда біздің институттағы оқыту үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Бұл технологияларды тек теориялық тұрғыда ғана оқытып қоймай, практикалық сабақтар мен жобалық жұмыстарда белсенді түрде пайдаланылып жатыр. Студенттер курстық, зертханалық, тіпті шығармашылық жобаларын дайындау барысында генеративті ЖИ шешімдерін қолдана алады. Мысалы, студенттер видеомонтаж жасауда, инфографика құруда, мәтін жазуда, презентация дайындауда ChatGPT, DALL·E, RunwayML, Canva AI секілді құралдарды меңгеріп, нақты өнім шығара бастады. Олар тек ЖИ-ді қолданушы ретінде ғана емес, оны оқу контентіне енгізіп, инновациялық тәсілмен қолдануға дағдылануда. Бұл – әсіресе, ІТ емес бағыттағы мамандықтарда оқитын жастар үшін ерекше тәжірибе. Бұдан бөлек, оқытушылар пәндік тапсырмаларды да ЖИ құралдарымен байла­ныстыра отырып құрастырады. Мысалы, Қазақстан тарихы пәнінен студенттерге белгілі бір тарихи оқиға немесе тұлға жайлы мәтін жаздыртып қана қоймай, соған негізделген визуал (генеративті сурет), бейне немесе анимация дайындау тапсырмасы беріледі. Бұл тапсырмаларды орындау барысында студенттер ЖИ генераторларын нақты мақсатқа бейімдеп қолдану тәжірибесін жинақтайды. Генеративті ЖИ құралдарын белсенді қолдану студенттердің шығармашылығын аша түссе, екінші жағынан, оларды жаңа цифрлық ортада еркін жұмыс істей алатын маман ретінде дайындайды.

– Сіздің ойыңызша, алдағы 5-10 жылда жасанды интеллект саласы қалай дамуы мүмкін?

– Жасанды интеллекттің қалай дамитынын нақты болжау қиын, себебі бұл сала динамикалық, күн сайын өзгеріп, жаңарып отыр. Дегенмен бүгінгі трендтерге, ғылыми жетістіктерге және технологиялық серпінге қарап, алдағы 5-10 жылда ЖИ адамзаттың барлық өмірлік салаларына терең енетіні анық деп айта аламыз. Біріншіден, жасанды интеллект тек ІТ саласымен шектелмей, медицина, ауыл шаруашылығы, экология, білім беру, көлік, логистика және тіпті өнер мен мәдениетке дейін дендеп енетін болады. Демек, әрбір салада автоматтандыру, интеллектуалды шешім қабылдау, деректерді нақты әрі жылдам өңдеу мүмкіндігі артады. Мысалы, ауыл шаруашылығында егіс алқабын дрон арқылы бақылап, өнімділікті болжау немесе медицинада диагнозды автоматты түрде қою болашақта емес, жақын арада кеңінен қолданылатын стандарт болмақ. Екіншіден, генеративті жасанды интеллект – мәтін жазу, бейне жасау, дизайн дайындау, тіпті ғылы­ми жобалар құруда кеңінен қолданылады. Бұрын тек адам жасай алатын шығармашылық процестерге енді алгоритмдер де араласуда. Сондықтан болашақ маман тек бағдарламалауды ғана емес, жасанды интеллектпен жұмыс істеу мәдениетін, этикасын, жауапкершілігін де меңгеруі тиіс.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан София Хайрулла

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: