Биыл – Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына және ұлт атауы ресми түрде қазақ аталғанына, Ақмешіттің Қызылорда болғанына 100 жыл. Бұл жалғыз Сыр өңірінің мерейтойы ғана емес, тұтас ұлт, мемлекет тарихына қатысты кезең. Қызылорда астана болған тұста бұл жерде ел келешегіне қатысты көптеген тарихи шешім қабылданды. Қызылорда – қазақ халқының алғашқы өз еркіндігін алуының, ұлтымыздың «қазақ» деген атауға ресми түрде ие болуының тарихи куәсі болған жер. Қызылорда қаласының тарихи рөлін жаңаша зерделеуге, ұлттық сананы жаңғыртуға арналған мазмұнды іс-шаралар өткізуде кітапхананың орны ерекше. Осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжаспен әңгімелескен едік.
– Жазба мұраларды сақтау, бүгінгі ұрпақ игілігіне жарату – кітапхананың басты міндеті. Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толу мерекесіне орай қандай жұмыстар атқарылуда? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Иә, биыл Қызылорда қаласының ел астанасы болғанына 100 жыл толды. Сұлу сырдың бойында орналасқан Қызылордадай әсем қала бір кездері ел астанасы болған. Тарихи мәліметтерді алға тартсақ, 1925-1929 жылдары қаламыз ел орталығы болып, қазақтың бүкіл саяси және шығармашылық элитасы осы жерде еңбек еткен. Олардың арасында Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды ұлт руханиятының көрнекті өкілдері болды.
Осындай даталы мерекеге орай Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана жыл басында өз оқырмандарына «Алаштың Астанасы – Қызылорда» атты тұрақты кітап көрмесінің салтанатты ашылуын ұйымдастырды. Бес бөлімнен дайындалған бұл кітап көрмесі Қызылорда қаласының тарихи-географиялық орналасуы, оның Тұран ойпатындағы алатын орны, тың деректер жазылған шаһарымыздың ертедегі тарихы және қазіргі көрінісі сипатталған 300-ден аса тарихи-танымдық жинақтар, фото-альбомдар мен сирек кітаптармен айшықталды.
Ал облыс кітапханаларында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай 65 көпшілік мәдени іс-шара ұйымдастырылып, оған 1501 оқырман қамтылды. Ұйымдастырылған іс-шаралардың басым бөлігі дөңгелек үстел, тарихи-танымдық кеш, тақырыптық жиын, қала тарихы бойынша брейн-ринг сынды іс-шаралар өтті.

– Кітапханада мерзімді басылымдарға шолу жасап отыратын бөлім жұмысы туралы айтсаңыз. Қызылорданың астана болғаны кезеңіндегі тың ақпараттар шыққан басылымдар бар ма?
– Кітапханада 7 бөлім, 8 сектор қызмет көрсетеді. Кітапхананың кітап қоры қазіргі таңда 435796 дананы құрады (оның ішінде 137176 дана кітап мемлекеттік тілде). Қордың құрамына кітаптар, мерзімді басылымдар, аудиокітаптар, электронды басылымдар, ноталық басылымдар кіреді.
Мерзімді басылымдар секторы кітапхана қорының маңызды құрамдас бөлігі. Бөлімде 1941 жылдардан бергі облыстық «Ленин жолы», «Ленинский путь», республикалық «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ленинская смена», ресейлік «Правда», «Известия», «Труд» сияқты газет-журналдар тігінділері сақталған. Сектор білімнің барлық салалары бойынша республикалық, облыстық, ресейлік газет-журналдарды сақтайды. Қазіргі таңда мерзімді басылымдар секторы өзінің оқырмандарына Қазақстанда шығатын, Ресейден келетін және облыс көлемінде шығатын 150 аталым бойынша газет-журналдар ұсынады. Қордың жалпы саны 37381 дананы құрайды. Сектордың басты қызмет бағытына қордағы барлық салалар бойынша алдыңғы жылдары жинақталған және жаңа басылымдарға пайдаланушылардың еркін қол жеткізуін қамтамасыз ету міндеті жатады.
Сектор қорын насихаттау бағытында ақпарат күндері, БАҚ өкілдерімен ресми кездесулер, өлкеміздегі ақын-жазушылармен кездесу кештер, тарихи-танымдық, тақырыптық кештер, даталы күндерге арналған көрмелер үздіксіз өтіп отырады. Мерзімді басылымдар залына келетін негізгі оқырмандардың денін ұстаздар, студенттер, магистранттар, PhD докторанттар, дәріс берушілер, ғылыми жоба бойынша ізденуші оқушылар, зейнеткерлер құрайды.
Бұған қоса бөлім оқырмандарға басылымдарды сканерлеу, басылымдарға көшірме жасау, газеттер мен журналдардың жаңа түсірілімдерін ашық қарау мүмкіндігі, WEB RABIS бағдарламасы арқылы ізденушілерге қызмет көрсету, виртуалды қызмет көрсету, архивтік мерзімді басылымдарды ұсыну секілді қызмет көрсетеді.

– 1925-1929 жылдары Қызылордада жарыққа шыққан мерзімді басылымдар өз тарихымызды саралауда басты тарихи дереккөз екені даусыз. Осы бағытта зерттеулер жүргізгендер бар ма?
– Қызылорда ел астанасы болған кезде шын мәнінде қайта түлеп, көркейіп, өсе түсті. Кітапханалар мен мектептер ашылды. Алаш қайраткерлері жаңа астанада саяси-мәдени орта қалыптастырды. Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, Алаш қайраткерлерінің рухани-мәдени және ғылыми бағыттарда ең өнімді еңбек еткен жылдары осы Қызылорданың республикамыздың астанасы болған кезге сәйкес келеді. 1925-1929 жылдар аралығында Қызылорда қаласында тұрған, Алашорда көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов ұлт жұмысының көш басында тұрса, Міржақып Дулатов қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Есімдері ұлт жадында мәңгі қалған Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов сынды қаламгерлердің ұлт әдебиетінің қорын байытқан жауһар шығармалары Қызылордада дүниеге келді. «Еңбекші қазақ», «Советская степь», «Түркістан кедейлері», «Ауыл тілі», «Ақ жол» республикалық басылымдары Қызылордада шыға бастады.
Кітапхана қорында Қызылорда – Қазақстанның алғашқы астанасы болған 1926-1929 жылдар аралығын қамтитын уақытта шыққан араб қарпінде жазылған 1925 жылы жарық көрген С.Есованың «Ауылдағы әйелдер арасындағы жұмыс туралы волорганизатордың жадынамасы», 1926 жылғы «Қазақ әйелдерінің теңдік мейрамы», С.Сейфуллиннің 1926 жылы жарық көрген «Экспресс», 1926 жылы Ж.Аймауытұлының «Психология», С.Сәдуақасовтың 1927 жылы «Қазақстанда халық ағарту мәселелері», С.Мұқановтың «Ақындар шашуы», О.Исаұлының «Оқушылық ауылдағы, поселкедегі, жұртшылық жұмысы, олардың міндеттері», Ш.Иманбаеваның «Таңдамалы өлеңдері», осы жылы жарыққа шыққан Т.Рысқұловтың «Қазақстан», 1928 жылы басылған Ә.Тәжібаевтың «Некоторые страны света», 1929 жылғы А.Тоқмағамбетовтың «Тазалық тәрбие», І.Жансүгіровтің «Шәркей», «Сағанақ» таңдамалы өлеңдер жинағы, т.б. кітаптар бар. Кітаптарға көбіне зерттеушілер мен тарихшылар, жеке тұлғалар қызығушылық танытып жатады. Өзге өңірлерден келген қонақтарымызға да осы кітаптарды үлкен мақтанышпен таныстыра аламыз.
– Қала тарихын насихаттауда кітапхана қандай рөл атқарады?
– Кітапхана қоғамда болып жатқан барлық жаңалық жаршысы деп айтуға толықтай негіз бар. Ақын-жазушылардың шығармаларын оқырманға ұсыну, даталы күндерді атап өту, мерейтой иелерін таныстыру, тарихи кезеңдерді өскелең ұрпаққа түсіндіру сынды насихат жұмыстары кітапханашылардың басты міндетінің бірі. Сол сияқты Қызылорда қаласының тарихын, өткені мен бүгінін сараптайтын түрлі мәдени іс-шаралар жүйелі өтіп отырады және биыл мұндай іс-шаралар көптеп өткізілді. Мысалы, облыс көлемінде «Ақмешіт – тарихтан тамыр тартқан астана» атты мерекелік кеш, «Тарихы терең Қызылорда» тарихи танымдық кеш, «Тарихы таңбалы Сыр елі» аудандық жыр мүшайрасы, «Жыр әннің елі, Тұранның төрі – Қызылорда» аудандық жазба ақындар мүшайрасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың өз өлкесінің тарихын зерделеп, тануға, тұлғаларын білуге үлкен әсері бар деп ойлаймыз. Өйткені жас ұрпақ өз өңірімен, туған жерімен мақтана алуы және мақтай алуы тиіс.
– Қызылорда қаласының мәдени мұрасына, тарихына қатысты сирек кітаптар, архив материалдары бар ма?
– Сирек кітаптар топтамасы – қордың ерекше құндылығы. Қорда 1007 дана сирек және құнды басылымдар бар, оның 72-і қазақ тіліндегі кітаптар. Мұнда әмбебап сипаттағы әртүрлі сирек кездесетін құнды басылымдар сақталған. Қор – қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, араб, парсы, латын, тәжік, түрік, шағатай, татар, корей тілдеріндегі жазба ескерткіштерден құралған. Олардың жазылу әдістері де әралуан: қисса, дастан, естелік және басқа жанрда. Кітап басылымдарының дені Қазан төңкерісіне дейін 1961 жылға дейін жарық көрген басылымдар. Сирек кітаптардың ішіндегі ең құндысы – арабша жазылып, 1293 Һижра жылы шыққан «Құран Кәрім» кітабы. Кітаптың сырты терімен қапталып, аяттары шөп бояумен боялған.
Сирек кітаптар қорында қаламыздың тарихына қатысты біршама кітаптар бар. Атап айтсақ, Ө.Әбдіраманның «Сыр өңірінің тарихы орыс деректерінде», Н.Ановтың «Акмечеть» тарихи романы, Т.Қартаеваның «Сыр өңірі қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеу» деп аталатын 2 томдығы, Н.Гродековтың «Киргизы и каракиргизы Сырдарийнской области» кітаптары бар. Бүгінгі күні «Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорына» кітапханамыздың екінші қабатынан арнайы екі бөлмелі зал бөлініп, жабдықталды. Қор әлі де толықтырылады, сирек кітаптарға оқырмандардың қызығушылығы ерекше.
– Оқырмандар тарапынан мерейтойға байланысты ерекше сұраныстар немесе қызығушылықтар байқалды ма?
– Кітапхана көбіне қаламыздағы жоғары, арнаулы орта және мектептермен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Іс-шараларға қатысушылардың дені де осы жастар. Оқу орындарынан мерейтойға қатысты өткізілетін іс-шараларға шақыру туралы ұсыныстар, әрине, көп. Кітапхана қызметкерлері тақырыпқа қарай қатысушыларды өздері іріктеп отырады.
Бүгінде кітапханашылар алдында үлкен міндет тұр. Қоғамның назарын кітапқа, кітапханаға аудару үшін заман ағымынан қалмай, жаңа идеялар мен креативті жобаларды жүзеге асыруда. Кітапты насихаттау, жастардың көркем әдебиетке деген құштарлығын ояту мақсатында әдеби кеш, оқырмандар конференциясы, дөңгелек үстел, кітап фестивалі, кітап тұсаукесері, кездесу кеші, кітап көрмесі, кітап акциясы жүйелі түрде ұйымдастырылады.
Облыстық кітапханада республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы, ІІІ жалпы республикалық «KITAP time» фестивалі, Тәжібаев оқулары, сонымен қатар «Туған жер», «Оқитын ұлт», «Жанға жайлы жүздесулер» жобалары аясында көптеген қызықты кеш ұйымдастырылды. Кітапсүйер қауымнан құралған «Жас қалам» жас ақындар клубы мен «Кездесу» клубы аясында да қызықты іс-шаралар өткізіліп келеді. Өткен жылдан бастап 23-сәуірде Ұлттық кітап күні аталып өтуде. Кітап көрмелері, кештер, ойындар, сайыстар оқырмандар көңілінен шығып, ризашылығын білдіруде.
– Қызылорданың 100 жылдығы аясында қандай жобалар бастау алды. Алдағы уақытта жалғасы бола ма?
– Жоба – жаңа заман талабы. Тұрақты түрде жұмыс істеген жобалар нақты нәтиже көрсетеді. Облыс кітапханаларында кітап пен оқуды насихаттау мақсатында бірнеше жоба жүзеге асты. Атап айтсақ, «Сыр өңірінен шыққан батырлар», «Туған жерге тағзым», «Елге сәлем» жобалары нәтижелі жүзеге асты. Қазір «Өз өлкеңді білесің бе?» жобасы бойынша жұмыс жүргізілуде. Жоба бойынша қала, аудандардағы жастар мен оқушылар арасында Қызылорда қаласының тарихы бойынша зияткерлік сайыстар өтеді, викториналық сұрақтар қойылады.
Сонымен қатар қала әкімдігінің қолдауымен «Қызылорда – Алаштың жүрегі» атты тарихи-танымдық жинақ әзірлеуге тарихшы ретінде өз үлесімді қостым. Көлемді ізденістер жүргіздік. Қаланың астана болғанына 100 жыл толуына қатысты біршама тың деректер қамтылды.
– Оқырмандардың басым бөлігін кімдер құрайды?
– Жалпы кітап оқитын оқырмандар көп. Біз өзімізге күнделікті келіп жатқан пайдаланушыларға қарап осылай айта аламыз. Жастар да қазір кітап оқымайды емес, оқиды. Тіпті оқырмандардың басым бөлігін жастар құрайды. Кітапханада таңертеңнен қара кешке дейін отыратын оқырмандар да аз емес. Мысалы, біздің кітапхана саласында жүргізілген әлеуметтік зерттеулерге жүгінсек, оқырмандар тарапынан ғасыр өтсе де құнын жоғалтпайтын қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларына, философия, психология, экономика бағытындағы кітаптарға сұраныс көп екенін байқаймыз. Сонымен қатар қазіргі таңда өзін-өзі дамыту үшін, рухани биіктікке жету мақсатында, жеке өміріндегі мәселелердің шешімін тауып, өз мінезіндегі кемшілікті түзегісі келетін оқырмандарымыз мотивациялық кітаптарды жиі оқитыны байқалады. Ал кішкентай оқырмандарымыз ертегілер әлемінен бастап, пәндік салалар бойынша кітаптар, энциклопедиялық басылымдарды жиі сұрайды.
Кітапханада өтетін жоспарлы шаралар өте көп. Дегенмен үлкен алаңдарда өткізілетін шаралар қоғамда резонанс тудырады. Қоғамның назарын кітапханаға, кітап оқуға аудару – кітапханашылардың алдына үлкен жауапкершілік жүктейді.
– Цифрлық контентке сұраныс артқан сайын келешекте дәстүрлі кітап қорының құндылығын жоғалтып алмаймыз ба? Қалай ойлайсыз?
– Дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі нақтылап айтты. Президент өз сөзінде «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген болатын.
Дәстүрлі кітапхананың жаңа ақпараттық технологиялармен бірігуі кітапханалық-ақпараттық қызметті жаңа деңгейге шығаруға, дамуына жол ашты. Жаңа технологиялар дәстүрлі кітапты алмастырмайды, керісінше жаңа оқырманды тартуға мүмкіндік береді.
Облыстық кітапханада кітапхана процесін автоматтандыру, цифрлық ресурстарды және электронды дерекқорларды құруға бағытталған «WEB-РАБИС» бағдарламасымен жұмыс жүргізіледі. Келген оқырманды тіркеу, қажетті кітаптарды іздеу, тапсырыс беру, құжаттарды электронды жеткізу, кітап мерзімін онлайн ұзарту, қорға түскен әдебиеттерді электронды каталогқа енгізу, міне, мұның барлығы электронды түрде көрсетілетін қызмет түрлері. Электронды каталог құру, құжаттарды электронды жеткізу, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды цифрлық жүйеге көшіру жұмыстары кітапханада күнделікті жүзеге асуда. Әрине, ақпараттық технологиялардың дамуы қорды сақтау ісінде кітапханашыларға жаңа мүмкіндіктер ашты. Электронды іздеу, тіркеу жұмыстары оқырманға тез әрі сапалы қызмет көрсетуге өте тиімді. Кітапханада электронды технологияларға негізделген жаңа қызмет түрлерімен бірге дәстүрлі кітапханалық қызмет көрсету қатар ұсынылады. Өйткені кітап ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Ғаламтор болғанымен негізгі ақпарат көзі – кітапта. Көп білгісі келген адам, ізденген адам көбіне кітаптың көмегіне жүгінеді. Қажетті мәліметтердің дұрыс та басым бөлігін кітаптан табады. Кітапханаға келген оқырман өзіне қажетті көркем әдебиет шығармаларын немесе мерзімді басылымдарды өзі таңдап, өзі қарап алуға мүмкіндік жасалған, яғни ашық қор қызметі ұсынылады.
Кітап – алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, рухани жетелеуші құралы, жан азығы екендігін біздер, кітапханашы қауымы, күнде қайталап келеміз.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан
Айтолқын Айтжанова
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!