Жексенбі, 22 желтоқсан, 16:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысы әкімі: Құрылысты сапалы салып, уақытылы тапсыру керек

11.05.2024

895 0

Сырда серпін бар. Ақмешіттің бойына қан жүгіріп, жан-жақты дамуға бет алды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев шаһардағы бірқатар нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысты.

Облыс әкімі «Болат Өтемұратов қорының» қолдауымен салынған «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалына барды. Халықаралық талаптарға сай келетін жаңа терминалда ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP-зал, жүкті автоматты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғимараттың сыйымдылығы – 250 адам, төлқұжат бақылайтын 10 кабина қызмет етеді. Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Жобаға бағытталған 20 миллиард теңгенің 15 миллиард 700 миллион теңгесі Болат Өтемұратов қорынан бөлінген. Жергілікті бюджеттің 4 млрд 300 млн теңге қаржысы инфрақұрылымды дамытуға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз, желілерін, автожол жүргізуге жұмсалды. Бүгінде әуежай мен оған іргелес аумақ абаттандырылуда.
Аймақта 27 мың гектарға күріш себіліп, оның 19,5 гектары суға бастырылды. Табиғаттың кәусар байлығы егістік алқапқа қалай барып жатқанын бағамдау мақсатында өңір басшысы «Қызылорда су торабына» барды. Айта кетейік, тораптың су өткізу қабілеті – секундына 1200 текше метр, жобалық алаңы – 120 мың гектар. Қазіргі уақытта вегетациялық кезеңнің басталуына орай облыс аумағындағы каналдар арқылы егіс алқаптарына су берілуде.
– Қазіргі күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі – егін алқаптарын сумен қамтамасыз ету. Суармалы жердің көлемін, егілетін дақылдардың түрін, суару нормаларын сақтау қажет. Суды үнемдеп пайдалану және егін егу талаптары назардан тыс қалмауы тиіс, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі жаңа жылуэлектр орталығының құрылыс алаңындағы жұмыстармен танысты. Инвестор қолдауымен бой көтерген орталықтың бас мердігері – «Интер таско» ЖШС.
– Бүгінде Президентіміздің, Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймағымызда нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Халық игілігіне арналған жаңа ғимараттар бой көтерді. Ең бастысы құрылысты сапалы етіп салып, уақытылы аяқтау қажет, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Елімізге танымал шыны зауыты да аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ. 2022 жылдың қазан айында ашылған зауыт табақша шыны шығарумен айналысады. Мұнда 370 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт іске қосылғаннан бері құны 23,9 млрд теңге болатын 19 миллион шаршы метр шыны өндірілді. Оның 70 пайызы ел ішінде сатылса, қалған 30 пайызы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталды.
Сол жағалауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 900 орындық білім ошағы бой көтеруде. Өткен жылы құрылысы басталған нысан биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Үш қабатты оқу орнының құрылысына бюджеттен 5,01 миллиард теңге қаражат қаралған. Нысанды аймақтағы алдыңғы қатарлы құрылыс компанияларының бірі – «Дәнекер» ЖШС салуда. Нысан басына барған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрылысты сапалы жүргізуді, жауапты мекемелерге тұрақты қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, білім саласына берілген қолдаулар жетерлік. Балалардың сапалы білім алуы жолында қосымша білім беруге қолайлы жағдай жасау мақсатында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2 миллиард 300 миллион теңгеге 350 орындық заманауи Оқушылар сарайы, жергілікті бюджет есебінен Жаңақорған ауданында 200 орындық Оқушылар үйі және 50 орындық Өнер мектебі салынуда. Бұл нысандар жаңа оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: