Сейсенбі, 26 тамыз, 12:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64,2177
26.08.2025
PDF мұрағаты

Нұрмахан Жұмағұлов, «KazStroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС агрономы: Көгалдандыру жұмысы ағаш егумен шектелмейді

26.08.2025

76 0

Қаланы көгалдандыру – шаhар тіршілігіндегі өзекті мәселенің бірі. «Қызылордада  тал өспейді» деп әзілдейтіндер де аз емес. Шынында, жазы аптап ыстықта қала табиғатына жерсінер қандай ағаш бар? Қызылорданы жасыл қалаға айналдыруға бола ма? Бұл сауалдарды қаланы  көгалдандыру жұмысын қолға алған «KazStroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС агрономы Нұрмахан Жұмағұловқа қойдық. Ол қырық бес жылдан бері көгалдандыру жұмысымен айналысып келеді. Бір сөзбен айтқанда,  өз саласының жайын бес саусағындай біледі.

– Аға буыннан қала туралы естелік естісек, бұл жердің бір кездері жасыл орман болғанын айтады. Демек, Қызылорда қаласында ағаш өспейді деу қате ғой?

– Әрине, қате пікір. Сыр өңірінің табиғаты шөлейтті болғанымен, тарихқа көз салсақ, Қызылорда жасыл желекке оранған өлке болғаны анық. Ата-әжелеріміз дария бойын жасыл орман, жыңғылды шағын тоғайлар, тораңғыл мен сексеуіл басқан дала ретінде сипаттайды. Кезінде дария арнасы кең, суы мол болғандықтан, жағалаудағы өсімдік түрлері де сан алуан еді. Тіпті қала ішінде де көлеңкесі мол бақтар, жеміс-жидек ағаштары болғаны жөнінде дерек бар. Әрине, уақыт ағымы, табиғи өзгерістер мен адам қолымен жасалған қателік салдарынан жасыл желек сиреп қалды. Дегенмен бұл «Қызылордада ағаш өспейді» деген сөздің қисынсыз екенін дәлелдейді. Күтім мен еңбек болса, кез келген ағаш өседі.

– Биыл қаланы көгалдандыру жұ­мысын қолға алдыңыздар. Бұл жұмысты 5 жыл жүргізуге келісімшарт жасалғаны да белгілі. Неден бастадыңыздар?

– Біз жұмысты биылғы ақпан айынан бастап кеттік. Қызылорда қаласы әкімдігі мен «KazStroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС арасында бес жылдық келісім жасалды. Осы келісім аясында нәтижелі жұмыстар жүзеге асуда.  Алғашқы күннен бастап алдымызға қойған басты мақсат – Қызылорда қаласын жасыл қалаға айналдыру. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырсақ дейміз. Алайда Сыр өңірінің климаты ыстық екенін ескерсек, алғашында оңайға соқпағаны анық. Сол себепті көгалдандыру ісі жай ғана сәндік үшін емес, экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін де аса қажетті іс. Көктем мезгілінен  бастап жоспарлы түрде ағаш, гүл егу жұмысы қолға алынды. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 3500 түп терек, 1000-нан аса арша, 150-ге жуық қарағай, 1200-ге тарта раушан гүлі егілді. Әрбір ағашты отырғызу, әрбіріне күтім жасау жүйелі еңбекті талап етеді. Өйткені көгалдандыру – кеңседе отырып бітетін жұмыс емес, нағыз маңдай терді қажет ететін сала. Таңмен таласа, кеш қарайғанша жұмыс істейміз. Сонымен қатар біздің тағы бір басты мақсатымыз – қаланы жасыл белдеумен қоршау. Бұл болашақта шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуға, ауа тазалығын сақтауға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

– Биыл қалаға ағаш көп егілді. Нәтиже қалай? Көктегені көп пе, қурап қалғаны ма?

– Қазақстан экологиялық жағынан, өсімдік егуге қолайлылық тұрғысынан үш деңгейге бөлінеді: жақсы, орташа, нашар. Қызылорда сол үшінші категорияға жатады. Яғни жердің құнарлығы төмен, климаты қатаң. Суында тұз көп, топырағының астында сор қабаты бар. Алайда технология дамып жатқан заманда «экологиясы нашар» деп отыра алмаймыз. Қолымыздан келгенін жасаймыз. Мәселен, жерге тыңайтқыш беріп, жаңа технологиямен суарамыз, әр ағашты баладай мәпелеп, бақылаймыз. Биыл бірінші жыл болғандықтан 100 пайыз нәтижеге жеттік деп айта алмаймын. Дегенмен егілген ағаштардың 80%-ы жақсы өсті. Ал қарағайдың 50-60 пайызы көктеді. Әрине, қиындықтар да болды. Кей жерлерде су жетпей, тамырға бойламаған сәттер болды. Бастапқыда біз мұны білмедік. Бірақ бірте-бірте Қызылорданың экологиясына бейімделіп, тәжірибе жинадық.

Нұрмахан Жұмағұлов, «KazStroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС агрономы: Көгалдандыру жұмысы ағаш егумен шектелмейді

–  Күн ысыған кезде, тіпті шілдеде ағаш отырғызуға бола ма?

– Күн ыстықта ағаш отырғызу қиынға соғады. Егер ағашты тамырымен әкеліп отырғызсақ, алып кетуге мүмкіндік бар. Ал кейбір ағашты ыстықта отырғызу қолайсыз. Жалпы айтқанда, Қызылорданың климаты ағаш өсіруге айтарлықтай қолайлы емес. Дегенмен дұрыс әдіс пен ерекше күтіммен өсіруге болады.

– Бейбарыс сұлтан көшесі бойында неше жыл  бұрын егілген ағаштар биыл қурап қалды. Су жетпеді ме, әлде басқа себебі бар ма? Қураған ағашты шауып тастаумен іс біте ме?

– Мұнда кінәні тек бір тарапқа ғана  арта алмаймыз. Судан немесе дұрыс қарамағандықтан ғана деп айту дұрыс емес. Климат, топырақ, экология бәрі әсер етеді. Бірақ айтарлықтай судың жетіспеушілігінен емес. Ағаштарға қажетті су берілді. Бейбарыс сұлтан көшесіндегі ағаштардың қурауының басты себебі – судың тек беткі қабатқа жетіп, тамырына бойламауында. Су тек үстіңгі қабатта қалады да, тамырына дейін бойлап өсуі жеткіліксіз болады. Осы себептен ағаш қурайды. Шын мәнінде, ағаш та адам секілді. Әр ағаштың өз ғұмыры бар екенін есте ұстаған жөн. Қай ағаш қанша жыл өмір сүреді, оны тек табиғат біледі. Мысалы, терек 15-20 жылға дейін өмір сүреді.

– Қызылорда қаласын жасыл қала ету қиындау екенін айтып қалдыңыз. Демек, қала табиғаты кез келген ағаш, гүл үшін төзімді емес. Сонда қандай ағаш егу керек?

– Иә, дәл солай. Қызылорданың экологиясы басқа өңірлерге қарағанда күрделі. Жаздың шіліңгір шілдесі 50-60 градусқа дейін ыстық болады. Мұндай аптап ыстықта ағаш та, адам да зорға өмір сүреді. Сондықтан бізге ең алдымен саялы, ыстыққа төзімді ағаштар қажет. Мысалы, ұзындығы 8-10 метрге жететін ағаш отырғызсақ, олардың көлеңкесі қаланың аптап ыстығын біраз жеңілдетіп, күннің қызуын шамамен 40 градусқа дейін төмендетуі мүмкін. Біз дәл осындай жағдай жасағымыз келеді. Қызылорданың аптап ыстығында адамдар көлеңкеде, күннің ыстығынан қорғана алатын болса дейміз. Бұдан бөлек, әр ағашқа қамқорлық жасау, оны дұрыс суғарып, тыңайтқыш беру маңызды. Біз қала тұрғындары үшін жайлы, жасыл қала жасауды  мақсат етіп отырмыз.

– Тағы да Бейбарыс сұлтан көшесіне келсек, «Президент саябағынан» туялар осы көшеге «көшіп келді». Көлеңкелі саябақта жайқалып тұрған туялар аянышты күйге түсті. Сақтап қалуға мүмкіндік бар ма?

– Саябақта қазір жөндеу жүргізіліп жатыр. Осыған орай, 140-тан астам ағаш көшірілді. Көшірілген ағаштардың кейбірі жаңа жерге тез бейімделіп, тамыр жаюға мүмкіндік алса, қурап қалғаны да бар. Алдағы бес жыл ішінде біз Қызылорда қаласын тұрғындарға жайлы, ыстықта сая болатын жасыл қалаға айналдыруға жұмыс істеп жатырмыз. Көшірілген туялар да қаланың көркін толықтыруда маңызды рөл атқарады, әрі оларды сақтап қалу үшін барынша күтім жасалуда.

– Аяқсу қаланың бәріне түгел жетпей жатқаны белгілі. Су жеткізудің басқа қандай мүмкіндігі бар? Тамшылатып суару дегендей…

– Аяқсу – Қызылорда қаласы үшін өзекті мәселенің бірі. Шыны керек, аяқсу жеткіліксіз деп айтсам да артық емес. Дегенмен дамыған заманда қол қусырып отыра алмаймыз. Заман ағымына ілесіп, жаңа технология дәуірінде суды үнемдеп, ағаштарды тиімді суаруымыз қажет. Бұл мәселе тек Қызылорда немесе Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемде өзекті деп ойлаймын. Дамыған елдерде суды үнемдеп, жаңа технологиялар арқылы пайдалану жолға қойылған. Біз де сол үрдісті жүзеге асырудамыз. Қала көшелерінде суарудың автоматтандырылған жүйесі 60 пайызға жуық іске асуда. Арнайы таймер арқылы ағаштар мен өсімдіктер уақытылы суарылады. Ал тамшылатып суару әдісіне келсек, бұл – суды үнемдеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі. Қазір бұл жүйе Бейбарыс сұлтан көшесі, Назарбаев, Абай даңғылында қолданылуда. Бұл әдіспен су арнайы құбырлар арқылы әр өсімдіктің түбіне баяу тамшылайды. Алдымен су көзі дайындалады, аяқсудан алынған су сүзгіден өтеді. Арнайы пластик құбырлар жүргізіліп, әр өсімдіктің түбіне кішкентай тамшылатқыштар қойылады. Су біртіндеп жерге сіңіп, тікелей өсімдік тамырына жетеді. Су бірден жайылып кетпейді, булануы азаяды, сол арқылы шығыны да төмендейді. Мысалы, әр ағаштың түбіне екі-үш тамшылатқыш орнатуға болады, ал бақшадағы көкөністер үшін әр қатарға құбыр жүргізіледі. Бұл әдістің үлкен артықшылығы судың 40-50 пайызы үнемделеді, өсімдікке қажетті ылғал дәл тамырына жетеді, арамшөп аз өседі. Сонымен қатар тыңайтқыштарды да суға қосып, дәл осылай тамшылатып беруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ дәстүрлі әдістер уақытылы және жергілікті климатқа сай суару әлі де қолданыста бар. Бірақ олар көп уақытты қажет етеді. Қай әдісті алсақ та, барлығы тиімді, тек дұрыс ұйымдастырылуы қажет.

 – Ағаштармен «сөйлесесіз бе?» Қалай ауырады, не жетіспейді дегендей. Қандай ағашқа қандай күтім жасалынады?

– Әрбір ағаш адам сияқты. Кей адамдардың көңіл-күйін сыртқы бейнесінен байқай алатынымыздай, ағашты да сыртқы сұлбасынан тануға болады. Мысалы, біз бөтен біреудің үйіне немесе елден тысқары кетсек, жаңа ортаға тез бейімделе алмаймыз. Ағаш та дәл солай, өзі үшін қолайлы емес жерде қанша күтім жасап, бабын тапсаң да, дұрыс өспеуі мүмкін. Мысалы, қарағайды алайық. Бұл ағаш солтүстік аймаққа тән. Ауасы салқын, суы мол, ылғалды жерде жақсы өседі. Ал оңтүстікке әкелсек, жерсіну қиынға соғады. Дегенмен біз амалын тауып жатырмыз. Ағашқа қажетті витаминдер беріп, жағдайын реттейміз. Ағаш та ауырады. Барлығына ауру мен зиянкестерге қарсы күрес жүргізіледі. Қарағаш, көк тал, теректерді суарғанда суға арнайы витаминдер қосылады. Ағаштың жағдайын сыртқы белгілерінен бірден байқауға болады. Мәселен, су жетпесе жапырағы салбырап, тез сарғаяды, қорегі аз болса, жапырақ түсі өзгереді, ұсақтанып кетеді, зиянкеске немесе ауруға шалдыққанда қабығында дақ пайда болып, бұтақтары қурай бастайды. Сондай-ақ әр ағашқа күтім әртүрлі жасалады. Терек пен қарағашқа мол су қажет, ал жеміс ағаштарына тек су емес, тыңайтқыш та керек. Мысалы, алма ағашына көктемде азот тыңайтқышы беріледі, жаздың ортасында калий мен фосфор қосылады. Қыста ағашты аяздан қорғау үшін түбін әктеу керек. Яғни, ағаш «ауырып тұрмын» деп айта алмайды, бірақ оның әрбір белгісін дұрыс түсінген адам көп нәрсені байқайды. Ағашпен дұрыс тіл табысқан адам оның жағдайын дер кезінде көріп, қажетті күтімді жасай алады.

– Мамандар Қызылорда топы­ра­ғының тұздылығын алға тартады. Енді не істейміз?

– Иә, тұзды жер екені рас, эколо­гиясы нашар екені де шындық. Дегенмен «тұзды топырақ, сортаң жер» деп отырсақ, жасыл қала болмайтыны анық. Сортаң жерлерді алып тастап, орнына шеге құм төсеу, топырақты қалыпқа келтіру, бәрі қолымыздан келеді. Бұл үшін тынымсыз еңбек қажет. Әрбір көшеге, әр ағашқа қамқорлық жасау керек, ал айналамызды таза ұстау – басты қағидат. Сол арқылы ғана Қызылорда жасыл қалаға, тұрғындары үшін жайлы әрі әсем ортаға айналады.

– Біржылдық гүлдер ғана егесіздер ме? Көпжылдық өсімдіктер егуге қандай мүмкіндік бар?

– Қазіргі таңда еккен гүлдердің басым бөлігі көпжылдық гүлдер. Мысалы, хризантема, хоста сияқты гүлдерді тұрақты түрде отырғызып жатырмыз. Ал бір жылдық гүлдерге келсек петунья, катарантус, целлозияны ектік. Әдетте, қаланы көркейту мақсатында біржылдық гүлдер көбірек егіледі, себебі олар тез шығып, бір маусым бойы қала көркін ашады. Дегенмен бұл уақытша көрініс. Көпжылдық өсімдіктерді отырғызу – тұрақты әрі үнемді шешім. Мысалы, пион, ирис, флокс, астра секілді көпжылдық гүлдер біздің климатқа бейімделе алады. Әсіресе тамшылатып суару әдісін қолдансақ, ыстыққа да, тұзды топыраққа қарамастан жақсы өседі. Сондықтан алдағы уа­қытта бір­жылдық гүлдермен қатар, көп­жылдық өсімдіктерге де басымдық беруді жос­парлап отырмыз. Бұл бір жағынан шығынды азайтып, екіншіден, қалаға көрік береді. Нәтижесінде, маусымдық ғана емес, тұрақты жасыл қалаға  айналады.

– Биылғы көктем мен жаз айларын қаланы көгалдандыруға арнадыңыз. Қандай зерттеу жүргізілді, қандай кемшіліктер анықталды және одан қандай сабақ алдыңыз?

– Осы салада жүргеніме биыл қырық бес  жылдан асты. Азды-көпті тәжірибе жинадым. Мұнда Шымкент қаласынан жұмыс барысымен ауысып келдім. Бастапқыда тегіс жер деп, ағаш отырғыздық. Алайда нәтиже болмады. Топырақ астына су жетпейтінін түсіндік. Сол кезден бастап су жүйесін қалпына келтірдік. Барлығы тәжірибемен келеді. Биылғы көктем-жаз айларында қаланы көгалдандыру жұмысы қарқынды жүрді. Науқан барысында ең алдымен егілген ағаштар мен гүлдердің жерсіну деңгейіне назар аудардық. Арнайы зерттеу жүргізіп, қандай ағаш түрі жергілікті топыраққа төзімді екенін, қайсысы су тапшылығына бейімделмей қалғанын анықтадық. Көгалдандыру жұмысы тек ағаш отырғызумен шектелмейді. Оған тұрақты күтім, уақытылы суару, тыңайтқыш беру қажет. Сонымен қатар климаттық жағдайға бейімделген ағаш түрін таңдау маңызды екеніне көз жеткіздік. Келесі жылы осы тәжірибеге сүйеніп, жұмысты одан әрі жүйелі жүргіземіз.

– Қандай  ағаштар құрғақ­шы­лыққа төзімді?

– Шаған ағашы, терек, қарағаш, арша, акация ағаштары Қызылорда табиғатында жақсы өседі. Алматы қаласында жыңғылдың әдемі түрі өседі, қалаға көрік беретін сәнді ағаш болып саналады. Соны егу жоспарда бар.

– Бес жылдан кейінгі Қызыл­ор­даны қалай елестетесіз?

– Осы қарқынмен алға қарай жүре берсек, Қызылорда жасыл қалаға айналары анық. Әрбір тұрғын өзінің ауласын көгалдандырса, бұл да жасыл қалаға қосқан оң қадамның бірі болады. Мемлекет басшысы айтқандай, бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда.  «KazStroyCapital LTD Kyzylorda» ЖШС мен қала әкімдігі  арасындағы бес жылдық келісім аралығында Қызылорданы жасыл қалаға айналдырамыз деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен Айдана Бахтияр

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: