Сенбі, 22 ақпан, 15:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№14,2127
22.02.2025
PDF мұрағаты

Оба ауруы туралы білесіз бе?

22.02.2025

120 0

Оба аурушаңдығы – антропонозды таралуға қабілеті бар аса қауіпті инфек­циялық ауру. Обаның қоз­дырғышы – Yersiniapestis.

Оба ауруы адамзат тарихында қоғам­ның дамуына көп кедергі келтірді. Қазіргі уақытта Африканың, Азияның, Оңтүстік Американың бірқатар елдерінде жыл сайын адамдар оба ауруымен ауырады. Ғылымның дамуына байланысты және оба ауруына қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың арқасында ғана оның дүние жүзіне кең таралуына жол берілмей отыр. Біздің елімізде де бұл ауру адамдар арасында кездесіп тұрады.

Оба – өте қауіпті, жұқпалы ауру. Ауыр­ған адамның сау адамға қауіпті екенін халық ерте заманнан-ақ түсінген. Оба шық­қан жерлерде халықтың үрейі ұшып, үйлерін, тіпті ауырған бала-шағаларын тастап, бастары ауған жаққа қашқан. Сөй­тіп, олар ауруды бір жерден екінші жер­ге таратуға себепкер болған. Осыдан ата-баба­ларымыз жеті жұттың қатарына оба ауруын да жатқызған. Оба ауруының қоздыр­ғышы адамға әртүрлі жолмен жұғады.

Ауру сипаты да түрліше болады: без, тері, өкпе және қанның қағынуы. Обаның без түрі адамдарға трансмиссиялық (бүрге, кене) және жанасу жолдары арқылы жұға­ды. Обаның бұл түрі, әсіресе, індеттің табиғи ошақтарында жиі кездеседі. Әр табиғи ошақта түрліше себептер болуы мүмкін. Мысалы, кеміргіштер ортасындағы оба індетінің қарқынына, сол жердегі тұр­ғын­дардың істейтін жұмыстарына, тағы басқа себептерге байланысты. Оба­ның табиғи ошағында індеттен өлген кеміргіштердің үстінде бүргелер болады. Міне, сол бүргелер қан сору үшін іннің аузына қарай жылжиды. Егер сол іннің жанында адам болса, аш бүргелер оны шағып, оба ауруын жұқтырады. Адамға оба қоздырғышы жұққаннан кейін аурудың белгісі екі-алты күннен соң ғана білінеді. Оған дейін микробтар денеде өсіп-өніп, уын жая береді.

Медицинада оны «жасырын кезең» дейді. Бұл кезең өткен соң ауру кенеттен пайда болады. Адам тоңып, қалтырайды, дене қызуы 39-40 градусқа дейін көте­ріледі. Науқастың денесі ауырлап, әлсіздік пайда болады. Басы қатты ауырып, айналады, ұйқысы қашады, жүрегі айнып, құсуы мүмкін. Кейде ауру адам есінен танып, аласұруы мен сандырақтауы ықтимал. Денесін дерт билеген адам мас кісі сияқты шайқалып, теңселіп, тәлті­ректей береді. Адамда қорқыныш, күйзелу, үмітсіздік сезімдері пайда болады. Дененің улануы салдарынан жүрек-қан тамыр жүйесі зақымданады. Жүрек­­тің шекарасын тексерген кезде оның ұлғайғаны байқалады. Оның соғу дыбы­сы күңгірттеніп, соғуы үдей түседі (бір минутта 120-160 рет). Артериялық қан тамы­­рының қысымы төмендейді. Халі өте нашар науқастың тамырының соғу ырғағы бұзылады (аритмия).

«Сақтансаң, сақтаймын» дегендей, біз оба ауруының бар екенін, оның қан­дай қауіп-қатер, қайғы-қасірет әкеліп, еліміз­ге қаншалықты экономикалық зиян шекті­ретінін ұмытпағанымыз дұрыс.

Эльмира АЛМАГАНБЕТОВА,

Қызылорда бөлімшелік көліктегі  санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау басқармасының бас маманы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: