Оба ауруы – жер шарының көптеген елінде кездесетін аса қауіпті карантиндік жұқпалы ауру. Адамзат тарихында 25 миллионға дейін адам өмірін қиған ғасыр дертінің тарихы біздің облыста 1945 жылдың тамыз, қазан айларындағы ірі эпидемиясынан басталған.
Оба қоздырғышының негізгі сақтаушылары – әр түрлі кеміргіштер. Кеміргіштердің арасында адам мен малға ауру қоздырғышын жұқтыратын бүрге, кене сияқты қансорғыш жәндіктер. Олар ауру кеміргіштің қанын сорып, қолайлы бір сәтте кездескен адамды немесе түйені шағу арқылы ауру қоздырғышын одан әрі таратуы мүмкін. Оба ауруын жұқтырған түйе малы, жабайы аң жануарлары және олардан алынған шикізат (ет, сүт, тері, жүн) адамдар үшін өте қауіпті. Қызылорда облысының аумағында табиғи ошақта кеміргіштер арасында оба ауруы тіркеліп тұрады.
Обаның жұғу жолдары:
– адамдарды бүрге шағу (трансмиссивті);
– қарым -қатынас кезінде, яғни аңшылық жануарларды сойғанда және терісін сыпырғанда;
– ауа-тамшылы, өкпе түрімен ауырған адам сау адаммен байланыста болғанда;
– алиментарлы жолы (ауру жануарлардың етін жеген кезде).
Аурудың белгілеріне келетін болсақ, ол 2-6 күннен соң біліне бастайды. Бұл уақыт ішінде микробтар адам ағзасын жайлап, уын жаяды. Осы жасырын кезеңнен кейін адамды ауру билеп, әлсірете бастайды. Науқасқа шалдыққан адамның басы ауырып, лоқсып құсады, қан тамырларының соғуы жиілеп, дене қызуы 38,5-39,5 градусқа көтеріліп, есінен танады, сөйлегенде тілі күрмеліп, әрең үн қатады, сандырақтап сөйлейді, көздері қанталап, қызарып кетеді. Ауру белгілері оның жұғу түріне байланысты болады. Аңның, тышқанның терісін сыпырғанда, обадан өлген түйені сойғанда жұқса, ол адамның қолтық пен тамақ бездері іседі. Ал бүрге, кене арқылы жұққан болса, шаққан жерге таяу бездер ісініп, қабынады, аяқтан шақса адамның шап бездері, кеудеден, қолдан немесе мойыннан шақса қолтық, тамақ бездері іседі.
Қабынған бездерде қатты ауру пайда болып, қол тигізбейді. Без обасы асқынған кезде адамның өкпесіне шабады. Мұндай жағдайда науқас жөтелгенде, шашалғанда қан аралас қақырық тастайды. Ауру адамның сілекейіндегі микробтар үй ішіне тез таралып, сау адамдарға жұғуы мүмкін. Сондықтан осы көрсетілген ауру белгілері байқалса, шұғыл түрде дәрігерге қаралу керек.
Обаға қолайсыз аумақтарда тұратын адамдарға эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпе жүргізіледі. Сонымен қатар түйелерге де обаға қарсы екпе салынады. Халық арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізіледі. Белгілі бір аймақ шегінде инфекцияның таралуын анықтаған кезде обаға қарсы мамандар дератизация (кеміргіштерді жою) және дезинсекция (жәндіктерді жою) шараларын жүргізеді.
Далада жүргеніңізде ауру белгісі байқалған жабайы аңдарға жақындамаңыздар. Өліп жатқанын қолмен ұстауға мүлде болмайды. Сондай-ақ үйіңіздің іші мен айналасында тазалықты сақтап, тышқандар мен бүргелерді жою шараларын жасағаныңыз жөн. Ал жалпы мал, соның ішінде түйе соятын болсаңыз, оны алдын ала арнайы ветеринарлық тексеруден өткізгеніңіз жөн.
К.АХМЕТОВА,
Қызылорда обаға қарсы күрес станциясының обаны диагностикалау және алдын алу зертханасы меңгерушісінің міндетін атқарушы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!