Қала күні мерекесі аймақтың дамуы мен өркендеу жолындағы жаңа жетістіктермен тұспа-тұс келіп отыр. Соның айқын дәлелі – қалада заманауи үлгіде бой көтерген «Қызылорда-Нан» өндірістік кешені өз жұмысын бастады. Бұл – өңір экономикасына тың серпін берген, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты жұмыс көзін ашқан өндіріс орны.
Жалпы құны 5,6 миллиард теңге болатын жаңа өндірістік кешен – тек экономикалық маңызы бар нысан ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан да маңызды жоба саналмақ. Кәсіпорын төрт заманауи өндірістік цехтан тұрады. Ал келер жылы екінші кезең бойынша ұн комбинатының құрылысы басталмақ.
Қазіргі таңда мұнда 120 адам еңбек етсе, болашақта бұл сан 170-ке дейін ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Өндіріс орнында 80-ге жуық нан және кондитерлік өнім түрі шығарылады. Оның ішінде багет, батон, бөлке нан, булочка, печенье және түрлі макарон өнімдері бар. Заманауи технологиямен жабдықталған зауыт жылына 7 мың тоннадан астам сапалы өнім өндіре алады.
Мұндай ірі жобаның жүзеге асуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Өндірістік нысанға 5 гектар жер телімі беріліп, толықтай инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар кәсіпорынға 1,2 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынылып, пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды.
«Қызылорда-Нан» өндірістік кешенінің іске қосылуы – аймақ тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етумен қатар, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінде қала келбеті көркейіп, жаңа кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бұл – Сыр елінің еңбекқор халқының табанды еңбегінің, тұрақты даму жолындағы қажырлы қадамының нақты көрінісі. Қызылорда тек тарихы бай шаһар ғана емес, болашағы жарқын, өндірісі өркендеген өңірге айналып келеді.
Айдана БАХТИЯР
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!