«Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген қанатты сөз бар. Қазақ әйелдерінің ғажап бітім-болмысын бір ананың бойына жиып берген кереметке таң қаласың. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын, қолына қара домбыраны алып шырқата ән салатын атына заты сай Шамшырақ апамыз зейнет жасына келсе де белсенділігімен топқа түсіп жүрген танымал жан. Бүгінде «Бастаңғы» аналар клубынын мүшесі.
– Мәдениет үйі жанынан құрылған «Бастаңғы» аналар клубы 1989 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұндағы әр өнерлі жан өз талантымен ерекшеленеді. Бірі халық әндерін жатқа білсе, екіншісі ата-бабадан келе жатқан дәстүрмен сусындаған. Ал үшіншісі айтыскер ақын, әуелетіп ән салатын әнші, жыршы-термеші. Аналардың ең жасы 60 та, үлкені 75-те. Алтын құрсақты аналардың бүгінде балалары бір-бір шаңырақ. Олардан немере-шөбере сүйіп, ұрпағының бал қызығына тоймай, әдемі қартайып келе жатқан жандар. Сондай керемет жандармен гастрольдік сапарға жиі шығып тұрамыз, – дейді Шамшырақ апа.
Шамшырақ Көрпешова 70 жасқа қадам басқанмен әлі тың. Қаланың мәдени өміріне атсалысып отырады. Кезінде «Сырдария» газетінде бас есепші қызметін атқарған. «Алтын алқа» иегері. 6 перзентінен 13 немере сүйіп отыр. Қолөнерді де жанына серік қылған. Ән айтып отырып, тоқыма тоқиды.
Құйқылжыта ән салғанда көрерменнің құлақ құрышын қандырады. Халық ықыласына бөленіп, «Әже – көңілдің ажары, немере – өмірдің базары» атты қалалық байқауда Шамшырақ Көрпешова немересі Бибіфатима Шахмарданқызымен бірге қатысып, ІІІ орын иеленсе, 50 – 90 жас аралығындағы талантты жандарға арналған ХІ республикалық «Өнерлі елдің – өресі биік» өнер байқауынан І орын алып, құрметке бөленді.
Аналар өнері, әжелер мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, табылмас тәрбие құралы. Сондықтан өмірге құштар, өнерге ғашық жанға шығармашылық табыс тілейміз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!