«Ел іші – өнер кеніші» деп тегін айтылмаған. Қызылжармалық Қожабековтер отбасылық ансамблі тек аймаққа ғана емес, республикаға танылып үлгерді. Ұлттық өнерді насихаттауды мұрат тұтқан өнерпаздар 2012 жылы Қызылжарма ауылдық клубы жанынан құрылды. Бүгінде ансамбль құрамында 10 өнерпаз бар. Әрдайым ізденіс пен шығармашылық өрлеу үстінде жүретін ансамбль мүшелері қазақтың ұлттық киімі мен салт-дәстүрін де үздіксіз насихаттап келеді.
– Біздің мақсатымыз қаймағы бұзылмаған қазақы болмысымызды паш ету. Оның үстіне Сыр елі ұлттық құндылықты танытуда республика көлемінде көш бастап тұр. Қазақтың барлық мерекесінде өнер көрсетіп, дәстүрлі өнерді де балаларымыздың бойына дарыттық. Өнерлі отбасында дүниеге келген соң күй шерткізіп, өлең айтқызып, домбыра тартқызып өнерге баулыдық. Өнерді бойына серік еткен баланың жаны нәзіктік пен мейірімге толы болып, эстетикалық сұлулықты сезіне біледі. Репертуарымызда жергілікті композиторлар Ш.Сүлейменовтің «Сыр елім», С.Ұлықпанұлының «Ақ көгершін», Р.Таймановтың «Қызылорда», Р.Әлқожаның «Сырдария», Ш.Қалдаяқовтың әндерінен папури, халық әндері «Сәулем-ай», «Ақ жайнақ» «Той бастар» әндері бар. Жыл көлемінде ансамбль ұжымы арнайы бағдарламамен төрт концерт өткіздік. «Отбасым – өнерім, өмірім» атты шығармашылық концертін С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде, Қызылжарма мәдениет үйінде өткізіп, елдің құрметіне бөлендік. «Жан жылуы» атты қайырымдылық концертін өткіздік. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының бірінші қалалық кезеңіне қатысып, «Өнерлі отбасы» номинациясына ие болдық, – дейді ансамбль жетекшісі Рүстембек Қожабеков.
Ансамбль мүшелері қалада өтіп жатқан бүкіл іс-шарада белсенділік танытып келеді. Мәселен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Қызылжарма мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ауыл кеші көңілді» атты елді мекендер арасындағы «Алтыбақан» ойын-сауық байқауында ансамбль мүшесі А.Бекмырзаев өнер көрсетіп, алғысқа бөленді. «Мереке» балалар мен жасөспірімдер орталығының ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным» атты республикалық Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындаудан «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Әнел Айтжанбек бас жүлде, «Тәуелсіздікке тарту» атты республикалық өнер байқауында «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Шахназар Айтжанбек бас жүлде иемденді. «Өнер әлемі» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен «Өз жұлдызыңды жақ» атты ІІ республикалық білім және өнер байқауында «Тәуелсіздік биік болсын тұғырың» атты ІІ республикалық білім және өнер байқауында Қожабековтер халықтық отбасылық ансамблінің жанынан құрылған «Керемет» би тобы бас жүлде иемденді.
Қожабековтер халықтық отбасылық ансамблі «Отбасым – өнерім, өмірім» есепті концертін өткізді. «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты облыстық байқауда Әнел Айтжанбек, Алмат Бағдаулет ІІІ орын иемденді. Республикалық «Жарқын болашақ» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен ҮІІІ республикалық «Жарық жұлдыз» атты балалар өнер байқауында «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Әнел Рүстембекқызы І орын иемденіп, Ташкент қаласында өтетін финалдық концертке жолдама алса, Астана қаласында өткен «Өнегелі отбасы» байқауына қатысып І орын алды. Астана қаласында өткен «Жыл үздігі – 2024» байқауына қатысып І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Ансамблдің өнерпаздары сурет салудан да құралақан емес. «Көркемсурет» жанры бойынша Әдемі Айтжанбек ІІ орын, «Көркемсөз» жанры бойынша Нұрикамал Айтжанбек ІІІ орын, «Дәстүрлі ән» жанры бойынша Әнел Айтжанбек ІІ орын иемденді. «JAS JULDYZ» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен халықаралық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында «Аспапта ойнау» жанры бойынша Әнел Айтжанбек бас жүлде алып, жеңімпаз атанды. Астана қаласында «Мәдениет қызметкерлерінің форумы -2025» аясында өткен «Театр өнері және концерттік қызмет» атты іс-шарада отбасылық ансамбль жетекшісі Рүстембек Қожабековке сертификат табысталды
Сан өнерді бойына тұмарлаған Қожабековтер ансамблі болашақта репертуарларын қазақ композиторларының күйлерімен толықтыруды жоспарлап отыр.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!