Осы аптада Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сыр өңіріне іссапармен келді. Сапар барысында еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және өңірдегі дарынды жастармен кездесті.
Кездесулерде Мемлекет басшысының «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айтылған бастамаларды, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан өңірлерді орталықсыздандыру бағдары мен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы тапсырмаларды іске асыруға қатысты мәселелер талқыланды.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асыру үшін барлық мүдделі тараптың бірлескен жұмысы ерекше мәнге ие екенін айтты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Басты мақсат – әділетті мемлекет, тиімді экономика және жауапты басқару жүйесін қалыптастыру. Мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында еліміздің қазіргі ахуалына және алдағы даму бағдарына кеңінен тоқталды. Президентіміздің барлық бастамасы Қазақстанды әділетті, демократиялық, ашық мемлекетке айналдыруға бағытталған. Сондықтан Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы іске асыру үшін сенаторлар мен мәслихат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылын және бірлескен жұмысын белсенді түрде жалғастыра береміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесулерде Сенат төрағасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, фискалдық және салық саясаты толығымен қайта қаралған жаңа Бюджет, Салық кодекстерінің, сондай-ақ қабылданған басқа да заңдардың маңызына тоқталып өтті. Сонымен қатар Сенат спикері ел Президентінің өңірлерді орталықсыздандыруды және олардың дербестігін арттыруды көздейтін бағдары мен «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидатының негізгі мәніне де тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың құзыретін күшейтіп, бірқатар өкілеттікті орталықтан өңірлерге беруді маңызды міндет етіп белгіледі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік дербестігін кеңейту үшін ауқымды өзгерістер орын алуда. Соның нәтижесінде салықтар мен төлемдердің 25 түрі жергілікті деңгейге, оның ішінде аудандар мен ауылдарға берілді. Ең осал аймақтарға стандартты даму деңгейіне жету үшін көбірек ресурстар беріледі. Мұндай тәсіл инфрақұрылымдық олқылықтарды барынша азайтуға және елді мекендердің дамуын нақты жоспарлауға жол ашады. Өңірлердің кірістерінің 70 пайызы аудандық деңгейде және облыстық маңызы бар қалаларда шоғырланған. Бұл – жергілікті әкімдерді бизнес ортаны дамытуға және табыс базасын ұлғайтуға ынталандыратын қадам. Осындай ауқымды жұмыста мәслихаттарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл ретте Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуын бақылауды күшейтудің маңызы зор, – деді Сенат Төрағасы.

Кездесуде Мәулен Әшімбаев саяси жаңғыру жолындағы тағы бір маңызды мәселе – парламенттік реформа жөнінде айтты.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бір палаталы Парламентке көшу мәселесін қоғам мен сарапшылар талқылауына шығаруды ұсынды. Бұл бастама демократиялық институттар мен тетіктерді нығайтуға бағытталған дәйекті реформалардың қисынды жалғасы екені анық. Осы жолда кеңейтілген өкілеттіктерге ие Парламент маңызды рөлдердің бірін атқарады. Аталған реформа аясында Конституцияның 40-қа жуық бабына өзгерістер енгізіледі. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім халықтың пікірін ескере отырып, референдум арқылы қабылданады. Жалпы, парламенттік реформа өкілді билік тармағын одан әрі тиімді, икемді және заманауи сын-қатерлерге төтеп беретін жүйе ретінде күшейтуді көздейді, – деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаев аймақтың экономикалық өсу перспективалары мен қарқынына назар аударып, жаңа даму тетіктерін жетілдірудің және азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды екенін атап өтті.
Сапар барысында Сенат төрағасы өңірдің креативті және белсенді жастарымен кездесті. Онда жаңғырудың жаңа кезеңіндегі реформаларды жүзеге асыруда жас буынның рөлі, өскелең ұрпақтың бойына жасампаз құндылықтар мен прогрессивті идеяларды сіңіру, үздіксіз білім алу, цифрлық сауаттылықты арттыру, жасанды интеллектіні жетік меңгеру бағытында мазмұнды әңгімелер айтылды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!