Диқандардың өнімі пісіп, қамбаға түсе бастағанда азық-түлік бағасының төмендейтіні бар. Биыл бұл жағдай ерте бастан қарқын алды. Үкіметте өткен жиында бірінші жартыжылдықтағы инфляция қорытындысын сараптағандар осындай ақпаратты сүйіншіледі.
Олардың айтуынша, ерте піскен өнімді жаппай жинау басталысымен, алдын ала күтілгендей, әлеуметтік маңызы бар көкөністер бағасының өсуі тоқтап қана қоймай, төмендей бастаған.
– Егер сәуірде әлеуметтік өнімдердің орташа баға индексі 1,6 пайызды құраса, мамырда өсу қарқыны 1 пайызға, ал маусымда 0,7 пайызға төмендеді. Соңғы аптада өсім небары 0,1 пайыз болды. Сонымен қатар үш апта қатарынан картоп бағасының 1,3 пайызға төмендеуі байқалды. Өткен аптадан сәбіз бағасы 0,9 пайызға арзандады. Күріш, қарақұмық, жұмыртқа, ұн мен макорон өнімдерінің бағасы түсіп жатыр. Нан мен сүт бағасы тұрақты болып тұр, – деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.
Елімізде отандық азық-түлік өндірісі артып келеді. 2025 жылдың 5 айында оның көлемі 10,5 пайызға өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады. Әлеуметтік азық-түлік тауарларының ішінде ең көп өсім қантқа тиесілі. Мәселен, 4,6 мың тоннадан 64 мың тоннаға дейін сатылған. Ал өсімдік майы 316,3 мың тоннадан 376,8 мың тоннаға дейін, сары май 13 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін, ұн 1,3 млн тоннадан 1,4 млн тоннаға дейін, ашытылған сүт өнімдері 102 мың тоннадан 106 мың тоннаға дейін, өңделген сүт 264 мың тоннадан 274,6 мың тоннаға дейін сатылған. Сондай-ақ, спикерлер Қазақстан ЕАЭО елдері арасында әлеуметтік азық-түліктерге ең қолжетімді бағаға ие екенін алға тартты.
Жиында Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түліктің қолжетімділігі бойынша жетекші орынды сақтап отырғаны жайлы айтылды. ЕАЭО елдеріндегі әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының нарықтық бағасын салыстырмалы талдау олардың Қазақстанда анағұрлым қолжетімді екенін көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстанда тауық жұмыртқасы, ұн, нан, күнбағыс майы, тұз, күріш, картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз бағасы бойынша ең төмен баға тіркелген.
Ал, қарақұмық, қант, сиыр еті және сүт бағасында Қазақстандағы бағалар Беларусьтегі бағаға жақын. Сары май бойынша еліміз Беларусь пен Қырғызстаннан кейін үшінші орында, ал құс еті бойынша Беларусь пен Ресейден кейін екен.
Жиынға қатысушылар коммуналдық қызметтердің тарифіне де тоқталды. Ақылы қызметтер бірінші жартыжылдықта инфляция өсімінің негізгі факторы болды (16,1%). Осыған байланысты Үкімет коммуналдық қызметтер тарифінің өсу қарқынын реттеу туралы шешім қабылдады. Тарифтің өсуін ішінара кейінге қалдырды. Бұл азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға және инфляция деңгейін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!