Сенбі, 18 қазан, 11:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79, 2191
18.10.2025
PDF мұрағаты

Өркениетке ұмтылған қала

18.10.2025

35 0

«Қазақтың астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан, қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ  ұлты жұртшылы­ғына жуық болуы керек. Қазақ ұлт мемлекетшілігіне әдемі қала, ыңғайлы үйлер керек емес, жаман да болса өз ордасы болуы керек. Орынбордан көшпей, қазақ ұлтының ішкі тіршілігі оңдалып, қазақ еңбекшілерінің көпшілігінің қамына керекті шаралар іс жүзінде істелуі қиын»…

Бұл – алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың сөзі. Белгілі ғалым Амантай Шәріптің «Қожанұлының Қызылордасы» атты мақаласында бұл туралы кеңінен айтылады.  Мақаладан үзінді келтірсек: «Сталин «Орта Азияның Шыңғысханы» деп лақап таққан Сұлтанбек Қожанұлы әуелде Ташкент үшін тартысты. Көрнекті ғалым, жерлесіміз Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігіне сүйенсек: «Бұл – 1924 жылғы енші Ташкент маңындағы 40 мың үйлі қазақтар Халық Комиссарлар Кеңесіне 2 мың атты адам жолдап, Ташкент қазақтарда қалсын деп тілек айтқан кез». Алайда ұзақ талас-тәжікеден соң, көкпарға түскен кент РК(б)П ОК-нің шешімімен 1924 жылдың қарашасында біржолата өзбек ағайынның қанжығасына байланды. Қазақ ішінде астана төңірегіндегі айтыс қайта өршіп, үміткер қалалар қатарында Ақтөбе, Ақмола, Ақмешіт, Әулиеата, Семей, Шымкент аталды. Тағы бір тарихи қызық факт мынау: РКП(б) Қазобкомы атқару бюросы 1924 жылғы 8 шілдеде және 14 қыркүйекте, ал тағы бір билік бұтағы – ҚазОАК-і сол жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанның орталығын Шымкент қаласына көшіру туралы қаулы шығарған еді. Бірақ бұл үш шешім де орындалмаған. Сол сәтте мәселенің тоқетер төрелігін, қисынды қорытпасын жаңадан жасақталған Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі қызмет) Сұлтанбек Қожанұлы айтты», – деп жазады. «Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын» деген Сұлтанбек Қожанұлы не үшін Ақмешітті таңдады деген сұраққа ғалым мақаласында нақты деректер келтірілген.

«Мемлекет астананың жұртшылығына сүйеніп жұмыс істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды. Олай қылайын десе, Қазақстан хүкіметінің аз ғана күш, азын-аулақ дәулеті Орынбор губерниясынан артылмайды» (Ақ жол. 12.11.1924) деп тұжырымдаған қайраткерді қазақтың кіндік қаласының шалғай шетте орналасуы қанағаттандырмағаны өз алдына, Орынборды ол Ресей империясы Шығысқа ашылатын қақпа ретінде іргесін қалаған «отар қоныс» деп сипаттады. Өз ұстанымын бүкпесіз білдіре отырып: «Қайда болса да Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын. Киіз үйге орнаса да қалың қазақтың ортасы болсын», – деп жазды (Ақ жол. 28.01.1925).

Сұлтанбек Қожанұлы бастапқыда: «Ауылжақ­тықты қоздырып, әркім өзіне тартып өшігіп, ақырында қиысып келісе алмағандықтан, жүк ескі орнында қалып жүрмесін. Ортаға қойылған мәселе Қазақстанның жалпы астанасы екені ұмытылмасын», – деп алаңдаушылық білдірсе (Ақ жол. 23.12.1924), кейінірек «Қазақстан кіндігі қай қала болсын?» атты мақаласында: «Аты аталып жүрген Ақмешіт қаласы түстігі – Қарақалпақ облысы мен Сырдария губерниясы, күншығысы – Жетісу, теріс түстігі – Ақмола мен Торғай, күнбатысы – Ақтөбе мен Орал болып, үлкен жолдың үстінде тұрған ыңғайлы қала. Қазақ ұлт мемлекетін жасау ісін аяқтағанша, Ақмешіт үлкен қала болып кететіні анық», – деді (Ақ жол. 28.01.1925).

1925 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақ­мешітке көшіру жөнінде қаулы қабылдады. Сұлтанбек Қожанұлы «Лениншіл жас» жур­налының сол жылғы 1-2 санында «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген сауал­ға жан-жақты жауап қайтарды. Қаланың орна­ласқан жерінің экономикалық байланысқа қо­лайлы екенін, табиғи байлық көздеріне таяу тұрғанын, Сырдария өзенінің егіншілікті өр­кендетуге мол мүмкіншілік беретінін, ең бас­тысы – шаһар халқының тоқсан пайызын қазақ­тар құрайтынын тілге тиек етіп, көші-қон жұмыстарын кешеуілдетпеуге шақырды. Ол БК(б)П Қазөлкекомының орталықты Орын­бордан Ақмешітке көшіру бойынша іс-шараларды әзірлеу жөніндегі комиссиясын бас­қарып, мәжілістеріне төрағалық етті және хат­тамаларына қол қойып отырды. Осылайша, сайын сахарада ат жалы, түйе қомында күн кешіп үйренген қазақ қоныс жаңалаудың бұрын болмаған таңсық түрі – астана көшіне қамданды».

Қызылорда астана болған жылдары Сыр топырағына көшіп келіп, ұлтқа қызмет етуді мақсат еткен алаш зиялыларының адал ниетіне бұл қасиетті мекен аянбай еңбек етуге, ақын-жазушылар үшін алаңсыз шығармашылықпен айналысуға қолайлы болған. Қазақылықтың мекені, Алаштың анасы атанған Қызылорда ел астанасы ғана емес, қазақ өнері мен ғылым-білімінің негізі қаланған, алаш зиялыларының панасы, рухани ордасы болған қала туралы бұған дейін де жазылды, жазыла да бермек. Ендігі кезекте алғашқы астана болғанына ғасыр толған мерейлі жылда Сырдың бас қаласы қалай өзгеріп, нендей жетістікке жеткеніне тоқталайық.

Сынаптай зырғыған уақыт өлшемі кешегі мен бүгінгіні салыстыруға келмейтінін байқатады. Кейінгі жылдары Сырдың бас шаһарындағы қарқынды даму уақыт көшінен қалмай, өрке­ниетке ұмтылған тынымсыз тірлік нәтижесі сезіледі. Бүгінде қалалықтардың да қала туралы көзқарасы өзгерген. Бұрынғыдай «біздің қалада мұндай мүмкіндік жоқ, бізде қайдан болсын?» деген секілді қасаң пікірлер айтыла бермейді. Күн сайын өзгерген, өсе түскен қала дамуында атап айтар жетістік аз емес.

Сырдың бас қаласының инвестиция тарту­ға мүмкіндігі мол деуге болады. Сандарды сөй­летсек, Қызылорда қаласында алдағы бес­жылдықта 632,3 млрд теңгенің құрайтын 32 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 5,5 мың­нан астам тұрақты жұмыс орнын ашу жос­парланған. Атап айтқанда, сол жағалауда жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайтын екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылуда. «Тұмар» ЖК мен «Техостнастка-Ремсервис» ЖШС базасында азық-түлік, кондитерлік, сүт өнімдерінің өндірі­сін жолға қою жоспарланған. 3,8 млрд теңгеге  кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін «Қызылорда-нан» ЖШС кешені салынып, іске қосылды. «Rem Plast Invest» ЖШС жылына 5,4 мың тонна қағаз өнімін шығаратын зауыт құрылысы жүруде. Сонымен қатар құны 34,5 млрд теңге болатын Оңтүстік Корея технологиясына негізделген қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу зауытының құрылысы басталды. Сондай-ақ 5 млрд теңге қаражатқа салынған «Қызылорда Саз-М» кірпіш зауыты іске қосылып алғашқы өнімін шығарды. Зауыт жылына 90 млн тонна кірпіш өндіреді, 70 адам жұмыспен қамтылды. Ірі жобалар қатарында «Seven Rivers Bottlers»  ЖШС-нің 30,4 млрд теңгеге шыны ыдыс шығаратын зауыты бар. Тағы бір маңызды жоба – испаниялық Roca Group компаниясымен бірлескен санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын зауыт. Инвес­тиция көлемі – 70 млн еуро, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгінде Қызылорда құрылыс алаңына ай­налды. Әсіресе көпқабатты үйлердің көптеп салынуы баспана мәселесінің шешімін табуына ықпал етуде. Бүгінде қалалықтарда күнде қоныс­той десек артық айтқандық емес.

Қаланың өзегі  инфрақұрылым екені белгілі, биыл жол сапасын дамытуда қала көш басында десек, артық айтқандық емес. Биылға жалпы ұзындығы 68,4 шақырымды құрайтын  29 жобаға (3 көпір, 26 жол) бюджеттен  17,9 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда 14 жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 15 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Облыс орталығының негізгі көшесінің бірі – «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын жаң­ғырту жалпы екі кезеңнен тұрады. Қала күні қарсаңында екінші кезеңі де аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл қала аумағында 24,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынды. Аспалы көпір ата­лып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпіріне қайта жаңғырту қарқынды жүруде. Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын Қызылжарма каналының үстінен өтетін авто­жол көпірі пайдалануға берілді. Қызылөзек ауыл­дық округіндегі «Қожақ каналы» арқылы өте­тін көпір пайдалануға берілді. Сондай-ақ Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін теміржол асты өткелінің құрылыс жүруде.

Қызылорданы жасыл қалаға айналдыру мақ­сатында жаңа жобалар қолға алынуда.

Атап айтқанда, бес жылдық дендрологиялық жоспар қабылданып, оған сәйкес жыл сайын кемінде 15 мың түп ағаш пен бұта отырғызылады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Қызылорда қаласының көгалдандыру және абаттандыру» жобасы жүзеге асуда. Жасыл желекті күтіп-баптау үшін «Hunter» техноло­гиясына негізделген автоматты суару жүйесі енгізілген. Қаланы абаттандыруда да жүйелі жұмыс бар екені сырт көзге сезіледі. Биыл облыс орталығындағы мәдени және демалыс паркі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қорқыт ата сквері де қайта жаңғыртылып, тұрғындар үшін демалыс орнына айналды. Ал қалалықтар тұңғыш Президент саябағының ашылуын асыға күтіп жүр. Себебі қайта жаңғыртудан өткен саябақ қала көркіне көрік қосып, соны серпіліс әкелмек. Саябақ жанынан жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен ботаникалық білім беру орталығы, яғни қысқы бақ салынуда. Сонымен қатар инвестор қаражатына «Rixos» қонақ үйі, оның жанынан тоғыз қабатты 15 тұрғын үй бой көтеруде. Тағы бір атап айтарлығы, Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыру үшін Сырдария өзені үстінен жаяу жүргіншілер көпірі салынбақ. Қаланың сәулеттік келбетін арттыра түсетін құрылыс қарқыны мұнымен аяқталмақ емес. Қазір қаланың орталығында да, шет аймағында да қайнаған тірлікті байқайсыз. Даңғыл жол, жаңарған ойын алаңдары, зәулім үйлер құрылысы, бәрі-бәрі де қаланың өркениетке ұмтылу жолындағы жүйелі жұмысының нәтижесі. Қазақ елінің астанасы болғанына ғасыр толған Қызылорда тәуелсіз қазақ елінің тарихында жазылар тағы бір тарихи басқосуға куә болмақ. Ел Президентінің бастамасымен  Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Сырдың бас шаһарында өтпек. Бұл да қала тарихындағы ерекше сәттің бірі екені даусыз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: