Сенбі, 21 желтоқсан, 21:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Өрт оқиғасы азайды

16.11.2024

263 0

Тілсіз жаудың құрығы қысқарды ма? Жыл басынан бері қала бойынша 135 өрт оқиғасы тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл есеп 15 пайызға азайған. Әйткенмен 135-те аз емес. Қауіптің алдын алуға байланысты «жұмыла көтеріп, жүкті жеңілдету» керегін айтқан қала әкімі Нұржан Ахатов сала басшыларына тапсырма берді.

Шаһар басшысының айтуынша, өрттің шығу себептерінің басым бөлігі электр сымдарының қысқаша тұйықталуынан және ашық от салдарынан орын алған. Нұржан Сәбитұлы жеке сектордағы үйлерге жіті тексерулер жүргізіп, газ тұтынушыларға күнделікті түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруды міндеттеді.
Облыс бойынша алғанда да өрт оқиғасы өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда азайыпты. Мәселен, төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мәліметінше, 1346 шақыру болған.
– Жыл басынан бері өрт оқиғасына байланысты 334 шақыру болды. Өткен жылға қарағанда 32 шығысқа төмен. Ал авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге 11 рет шықтық. Өртке жатпайтын жану оқиғасына 1000 шығыс болса, жалған шақыру бір мәрте ғана болды, – дейді өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Досымхан Әбсадықов.
Салдармен күреспес бұрын себепті анықтау – нағыз мамандардың ісі. Бұл ретте жауаптылар қауіпсіздік шарасын қатаң сақтамай, мәселе шешілмейтінін айтады.
– Мәселен, жеке тұрғын үйдегі ток сымдарын уақытылы қарап тұру керек. Тозығы жеткен тұстарын жаңалап, ауыстырған жөн. Ауыстырмаған соң қызады, артынан шығынға әкеледі. Материалдық шығынды былай қойғанда кейде адам шығыны да болады. Тіпті ең оңайы темекі тарту мәдениетін сақтамаймыз. Белгіленбеген жерге темекі тұқылын тастағанның соңы үй, қора жанып кеткен кездер бар. Аулада қоқысты, қураған шөпті өртеп, оны қараусыз қалдырып, аяғында орны толмас өкінішке әкелгені қаншама?! Біз әр сенбі сайын профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қауіптің алдын алудың алғышарты – қауіпсіздікті сақтау, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Олжас Тұрсынбаев.
Атқарылып жатқан шаруа көп. Бастысы, «Сақтансаң, сақтаймын» дегенді ойдан шығармаған абзал. Мұндағы керек жалғыз қасиет – жауапкершілік.

Аян СПАНДИЯР

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: