Сейсенбі, 23 қыркүйек, 11:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№72, 2185
23.09.2025
PDF мұрағаты

Өсу траекториясы:  Цифрлық дәуірдегі экономика

23.09.2025

52 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат екенін атап өтті. Президент соңғы жылдары елде саяси жаңғыру жүріп, мемлекеттік институттарға деген сенім арта бастағанын айтты. Сонымен бірге Президент экономика саласында да ірі реформалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

– Қазір ел экономикасында рефор­малар жүргізіліп жатыр. Инфра­­құрылымға және жаңа өнді­ріс орын­дарын ашуға қомақты инвес­тиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық, – деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық технология­ларға ерекше назар аударды. Жолдауда Президент «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» деп атап өтті. Ол цифрландыру үдерісіне құқықтық негіз жасау үшін цифрлық кодексті тезірек қабылдап, заңда цифрландыру үдерісінің негізгі ба­ғыт­тары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс екенін атап көрсетті. Сонымен қатар Президент цифрлық транс­формацияны басқаратын арнайы ұйым құруды ұсынды.

Инвестиция тарту мәселесін Мемлекет басшысы басты орынға қойды.

– Елімізге қомақты инвестиция тарту керек. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр, – деген сын айтты.

Президент өңдеу өнеркәсібіне көбірек қаражат тарту қажеттігін атап көрсетіп, үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарап, қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болатынын тілге тиек етті.

Банктердің экономиканы қаржы­ландыру мәселесі де ескерусіз қалмады. Тоқаев банктердің басым бөлігі қауіпсіз бағыттарға қаражат салатынын сынға алды.

– Ұлттық банк пен Үкімет банк­тердің ақшасын экономикаға барынша тартудың тиімді тәсілдерін табуы қажет… Банктер туралы заң қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам бол­мақ, –  деді Мемлекет басшысы.

Президент цифрлық қаржы құрал­дарына қатысты шаралар қабыл­дауды тапсырды. Ол «цифрлық ак­тивтердің толыққанды экожүйесін тезірек қалыптастыру қажеттігін атап көрсетті.

– Цифрлық теңгені республика­лық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюдже­тінде пайдалануға болады. Сондай-ақ Ұлттық банк инвестициялық кор­порациясы шеңберінде Мемлекет­тік цифрлық активтер қорын құру қа­жет, – деді Президент Қазақстан хал­қына Жолдауында.

Жолдаудағы тапсырмаларды орындау

2025 жылғы 15 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жө­ніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары ұсынылды. Оның құрамында 87 іс-шара қарастырылғанын Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады.

Жоспарда экономикаға қатысты басымдықтар нақты анықталды. Атап айтқанда, жоғары технологиялық сек­торларға Ұлттық қор қаражаты есебінен 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция тарту қарастырылып, инвестор­лардың құқықтарын қорғау комитеті құрылмақ. 2026 жылдың қаңтарына дейін жаңа «Банктер туралы» заң қабылданып, банк нарығына жаңа қатысушыларды кіргізіп, қаржыны нақты экономикаға бағыттауға мүмкіндік бермек. Сонымен бірге халықаралық стандарттарға сәйкес цифрлық активтер нарығын дамыту мақсатында «Alatau City» аумағында крипто-фиат төлем арналары жұмыс істейтін іскерлік-инновациялық орталық құру жоспарланып отыр. Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру да көзделген, бұл қазынаға болашағы зор активтерді жинақтауға мүмкіндік береді.

Жолдаудың цифрлық бастамалары да іске асуда. Мәжіліс 3 қыркүйекте Цифрлық кодекс жобасын бірінші оқылымда қарауға қабылдады. Ал 18 қыркүйекте Президент цифрлық даму бағыты бойынша жаңа ұйымдастыру шарасын жүзеге асырып, «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін» «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне» қайта құрды. Ұлттық банк цифрлық теңге енгізу бойынша пилоттық жобаларды белсенді жүргізуде. 15 қыркүйекте Мәжіліс кулуарында банк өкілдері цифрлық теңгені есеп айырыста қолдану үшін заңнамалық база дайын екенін және сынақтардың сәтті өткенін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов хабар­лады. Бұл құрал жақын арада нақты төлемдерде кеңінен пайдаланылуы мүмкін.

Осылайша, Жолдаудағы экономикалық міндеттерді орын­дау аясында елде цифрландыру, инвестиция тарту және қаржы секторын реформалау бағытында бірқатар оң қадамдар жасалды. Әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар бар, алайда өткен жылда белгіленген жоспарлар бойынша нақты ілгерілеу болғаны айқын.

2024 жылғы Жолдаудағы бастамалардың іске асуы: экономикалық шолу

Макроэкономикалық көрсеткіштер

2024 жылы Мемлекет басшысы 5 пайыздық ЖІӨ өсімін қамтамасыз етуді міндеттесе, ресми есеп бойынша ЖІӨ нақты 5 пайызға өскені мәлім. І жартыжылдықта өсу қарқыны артты. 2025 жылдың 7 айында экономика 6,3 пайыз­ға ұлғайып, соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткішке жетті. Нақты сектор 8,3 пайызға, қызмет көрсету 5,2 пайызға, көлік +22,5 пайызға, құрылыс +18,5 пайызға, сауда +8,6 пайызға, тау-кен +8,5 пайызға, өңдеу өнеркәсібі +6,1 пайызға жетіп жетекші драйверлер болды. Халықаралық валюта қоры (IMF) бағалауы бойынша 2024 жылғы өсім тұрақты болып, инфляция баяулады. Маусым-шілде айларындағы Үкімет деректеріне сүйенетін болсақ, 2024-2025 жылдары елдегі сыртқы сауда мен ұлттық қордың жағдайы да тұрақты сақталуда. Қаңтар-маусымда экспорт өсіп, халықаралық резерв 100 млрд АҚШ долларынан асты.

Инвестициялар

2024 жылғы Жолдауда $150 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеттелсе, ESCAP дерегіне сүйенсек, 2024 жылы $15,7 млрд таза тікелей инвестиция алып, Солтүстік және Орталық Азияда көшбасшы болды. Инвестицияның үлкен үлесі газ-химия жобаларына бағытталды. Қатардың UCC компаниясы $11 млрд газ инфрақұрылымына салуды қолға алды. Инвестиция штабы құзыреті күшейтіліп, металл өңдеу, мұнай-химия, туризм, энергетика мен машина жасау секілді салаларға жоба жылдамдатылды. 2025 жылдың 7 айында негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,9 трлн теңге (үдемелі 16,1% өсу) болды. Инвестицияның басым бөлігі тау-кен, көлік-логистика, білім, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қызметтер салаларына тартылды. Инвесторларға «жасыл дәліз» арқылы жеңілдіктер енгізіліп, ірі жобаларға қолдау көрсетілді. Кейбір әкімшілік кедергілер азайтылып, бизнеске салық саясаты тұрақтылығы қамтамасыз ету шаралары қабылдануда. Жолдау тапсырмасын кеңінен орындай отырып, Үкімет халықаралық инвестициялық форумдар арқылы елге қаржы тартуда.

Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы

2024 жылғы Жолдауда өнеркәсіпті қайта құру, өңдеуді тереңдету міндеті қойылды. 2024 жылы өңдеу өнеркәсібі жалпылай өсім көрсетті (қаңтар-шілдеде 6,1% өсім). Мемлекеттік статистика деректеріне сүйенсек, өңдеу саласына инвестиция мен өндіріс артуына оң баға беруде. Мысалы, автоөнеркәсіпті қолдау шаралары арқылы жеңіл көлік шығару 2024 жылы 40% өсіп, зауыттар жаңғыртылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар құрылып, өсімдік майы өндірісі +24%, сары май +10,4%, шұжық +9% өсім көрсетті. Елдегі негізгі экспорт өнімдерін өңдеу кеңейтілді. Жылу және электр желілерін жаңғырту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты іске асуда. Жеке энергетика компанияларын инфрақұрылымға ақша салуға ынталандыру тетіктері енгізілді. Елді мекендерді газдандыру қарқыны үдей түсті. Жабдықтарды жөндеу жұмыстарына 600 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында елдегі ЖЭО-лардың орташа тозуы 61 пайызға дейін төмендеді. 2024 жылғы Жолдаудың қорытындысында энергетика мен көлік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ірі инвестициялық жобалар қарқын алды. Жолдауда аграрлық ғылым мен технологияны дамыту тапсырылды. «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2024 жылы 50 млрд теңге бөлініп, 25 мыңнан астам ауыл жобасы қаржыландырылып, шамамен 30 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Мемлекеттік бағдарламаға 2026-2028 жылдарға қосымша  шамамен 450 млрд теңге жоспарланып отыр. Аграрлық ғылымды дамытуға да көңіл бөлінді. Дақыл селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамыту жоспары қабылданды. Сонымен қатар фермерлерді қаржылай қолдау жүйесі кеңейіп, «тауар несиесі» тәрізді жаңа механизмдер қарастырылуда. Егіншілікте су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 2024 жылғы қатты су тасқынына қарсы шаралар нәтижелі болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен экспортқа шығару үшін жаңа зауыттар салынып, өңдеу өнеркәсібі арқылы азық-түлік қауіпсіздігін күшейту бағытында кешенді жұмыстар нәтижелі жүргізілуде.

Салық саясаты

Жолдауда салық саясатын тұрақтылыққа негіздеу тапсырылды. 2025 жылы жаңа Салық кодексі қабылданып, жеке табыс салығы прогрессивті шкалаға көшірілді. 2026 жылдан бастап ҚҚС негізгі мөлшерлемесі 16%-ға дейін артса да, дәрі-дәрмек пен емдеу қызметтеріне төмендетілген ставка сақталды. Салық әкімшілігі цифрландырылып, есептілік жеңілдетілді, фискалдық бақылау күшейтілді. 2024 жылы салық түсімінің өсуі және бизнеске келтірілген жеңілдіктердің оңтайландырылуы арқасында шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашылды. Жолдаудағы тапсырма орындалып, 2025 жылдың басынан жаңа Кодекс күшіне еніп, салық жүктемесін адал бизнеске шоғырландыру мақсаты жүзеге асуда.

Қаржы секторы

Қаржы секторындағы реформалар бойынша жаңа заңнамалар әзірленуде. 2024 жылғы Жолдауда ескі «Банк­тер туралы» заңды жаңарту, қаржылық тех­нологиялар мен ипотеканы дамыту қажеттігі айтылды. 2024 жылы қаржы нарығы тұрақты болып, банктік сектор тұрақтылығын сақтады. Халық­аралық банк жұмысының ақпа­рат­тарына сүйенсек, Қазақстан­дық банктердің жұмысына сенім артып, тұтыну­шылық несие берудің өсуі бәсеңдеді. Банктер мен мик­роқаржы ұйымдарының рет­теуін күшейту, банк төлем қағидаларын жаңарту бойынша ұсыныстар жасалды. Жалпы, қаржы секторын шыңдау бойынша міндеттердің көпшілігі орындала бастады.

Инфрақұрылым және көлік

Инфрақұрылымды жаңғырту Жолдауда басым­дық алған бағыт болды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресур­сы­на жарияланған ақпаратына сүйенетін бол­сақ, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қойылған міндеттерді орындау шеңберінде 12 мың шақырым жолға құрылыс, жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілді, оның 7 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқ­талды. Жобаға 10 мыңнан астам техника мен 25 мың маман қатысты. Нәтижесінде, республикалық маңызы бар жолдардың қалыпты жағдайы 93%-ға, ал жергілікті жол­дардың нормативтік жағдайы 89%-ға дейін жақсарды.

– Цифрландыруға айрықша көңіл бө­лінуде. Электронды билеттер, цифрлық диспетчер қызметі, алдын ала техникалық қызмет көрсету, интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр», – деді көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

2024 жылғы Жолдау аясында қолға алын­ған экономи­ка­лық бастамалар Қазақстан­ның даму бағытына жаңа қарқын берді. Бір жыл­дың ішінде макроэкономи­калық тұрақты­лық сақталып, ЖІӨ өсімі жоспарланған межеден асып, инвести­ция көлемі артты. Өң­деу өнеркәсібіндегі жаң­ғырту жұмыс­тары, ауыл шаруашылығын қол­дау шаралары және көлік-логистика инфрақұры­лымын жаңарту нақ­­ты нәтижесін көр­­сетті. Цифрлық транс­­фор­мация сала­сында жасан­ды интел­лектіні енгізу, жаңа министрліктің құ­рылуы және цифрлық теңге сияқты баста­малар ел экономикасының бола­шағын айқындайтын страте­гиялық қадамдарға айналды.

Салық реформасы, банк заң­намасын жаңарту және қаржы секторындағы өзгеріс­тер де экономиканы әртарап­тандыруға, бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға негіз болды. Ауыл шаруашылы­ғында «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіп­керлігін нығайтып, азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуге ықпал етті. Инфрақұрылымдық жо­ба­лардың жүйелі іске асуы өңірлердің дамуын жедел­детіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты.

Жалпы алғанда, 2024 жылғы Жолдау тапсыр­маларының орын­далуы Қазақстан экономикасының жаңғыруы мен тұрақты өсуінің нақты дәлелі болды. 2025 жылы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру­ға, жаңа технологиялық және инвестициялық мүм­кіндіктерді толық игеруге мүмкіндік бермек.

София Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: