Жылан жылы ел үшін табысты жыл болды. Әсіресе Қызылорда қаласы тұрғындарының арманы орындалған жыл десек артық айтқандық емес. Жыл аяқталар тұста Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде қала әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен 2025 жылды қорытындылаған мерекелік іс-шара өтті. Шаһар басшысы жылды қорытындылап, қалада атқарылған ауқымды шаралар мен алдағы айқын міндеттерге тоқталды.
Ұлттық құрылтай – ұлыс істердің бастамашысы
– Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Санаулы сәттерден кейін 2025 жылды артта қалдырып, жаңа жылға қадам басқалы тұрмыз. «Ер жігіттің арына, қазақ халқының жан серігіне» баланған алдағы Жылқы жылы құт әкелсін! Баршаға аян, әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделі болғанына қарамастан Жылан жылы мемлекетіміз үшін жемісті болды. Биылғы жыл еліміздегі соңғы уақыттарда қабылданған саяси реформалардың жүзеге асырылуымен есте қалды. Хан Абылай тағына мінген Көкше төрінде ұлт рухын көтерер Ұлттық құрылтайдың төртінші бас қосуы өтті.
Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толуда. Осы ретте, Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын» – деген болатын.
Тағдыршешті мәселе көтерілетін Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысы Сырдың бас шаһарында белгіленіп отыр. Бұл біз үшін зор мәртебе, үлкен жауапкершілік!
Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Алты Алаштың анасы атанған – Қызылорданың астана мәртебесін иеленген 100 жылдық торқалы тойы жоғары деңгейде аталып өтілді. Жүз жылдық тарихы, тәуелсіздігіміздің тамаша тартуы, қуанышты кезеңде мән-мазмұнға толы іс-шаралар легімен қамтыдық. Сыр өңірі бұл мерейтойға толымды табыспен келді. Ірі инвестициялық жобалар нәтижесін беріп, әлеуметтік нысандар ел игілігіне табысталды. Өндіріс орындары бірінен соң бірі ашылып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артты, – деді қала әкімі.

Президент оң баға берді
Биылғы жылдың басты оқиғасы Сыр өңіріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іс-сапармен келді. Мемлекет басшысы аймақтағы атқарылған жұмыстарға оң баға берді. Бұдан бөлек, қаламызда жоғары деңгейде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Сыр өлкесінің даму қарқынымен танысуға, халықаралық деңгейдегі форумдар мен түрлі семинарларға қатысуға әр өңірден делегациялар ат басын бұрып, шаһарымызда қонақ болды. Соның ішінде халықаралық «Урбан Фест – 2025» және «Аналар» форумы, мәслихат төрағалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бас қосқан жиындар, Абай мен Жамбыл облыстары делегациясының сапарлары, республикалық Ардагерлер кеңесінің көшпелі мәжілісі сияқты ірі шаралар өтті. Аталған іс-шараларда өңірдің бүгіні мен болашағын саралады. Келген мәртебелі меймандар қасиетті өңірдің қадамына тілектестіктерін білдірді.
– Ел Президенті Сыр өңіріне жасаған сапарында Қызылорданың даму қарқынына көңілі толды. Облыс әкімінің қажырлы қызметіне оң бағасын берді. Біріксек бітпейтін, ұйымдассақ ұтпайтын тірлік жоқ. Бұдан да ауыр, бұдан да жауапты кезеңдерде мойымай, бар қиындықты абыроймен еңсерген ел-жұртымыз барда келешегіміздің кемел болары анық. Ел Президенті мен Үкіметтің тұрақты қолдауы, аймақ басшысының үйлестіруімен жетер жетістіктеріміз әлі алда деп білемін. Оның нақты дәлелі – барлық салада оң динамика қалыптасып, өсім еселене түсуде, – деді қала әкімі Н.Ахатов.
Жоспарланған қаржы толық игерілді
2025 жылдың ішінде қалада инфрақұрылым дамып, бірқатар жұмыс атқарылды. Бөлінген қаржылар ел игілігіне жұмсалды. Байыпты бастамалар, жарқын жобалар жүзеге асты. Нақты айтар болсақ, облыс бюджеті 3 жылда 364 млрд теңгеден 851,3 млрд теңгеге дейін өсті. Қала бюджеті жыл басында 73 млрд. 300 мың теңгемен бекітіліп, бүгінде 154 млрд 200 млн теңгеге жетіп, екі есеге артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 357 млрд 200 млн теңгені құрап, 126,1 пайызды мөлшерлеген.
– Құрылыс жұмыстарының көлемі 161,1 млрд теңгені межелеп, 122,6 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өнім көлемі 16,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 100,3 пайызға артты. Бөлшек сауда көлемі 439,8 млрд теңгені құрап, 102,6 пайызға көтерілді. Өнеркәсіп саласында 497,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өңдеу саласында айтарлықтай өсім бар деп айтуға болады. Яғни, бұл бағыт бойынша 97,5 млрд теңгенің өнімі шығарылды.
Биыл құны 20,2 млрд теңгеге облыс орталығындағы жеке кәсіпкерліктің 799 жобасы қаржыландырылды. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында 323,6 млн теңгеге 42 жоба жүзеге асты. Сырдарияның сол жағалауынан жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын 2 шағын өнеркәсіптік аймақ құрылды.
Нәтижесінде қала кәсіпкерлерінің саны 36 мыңнан асты. Шағын және орта кәсіпкерлікпен 374 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 2024-2025 жылдары экономиканың барлық саласында 25385 азамат жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді, – деді қала әкімі.

Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – негізгі міндет
Аймақ басшысының қолдауымен Сырдың бас шаһарын дамытуда, оның ішінде тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруда көркейту-көгалдандыру, абаттандыру, мәдени орталықтар мен демалыс орындарын салу және қайта жаңғырту қарқынды жүргізілуде. Халықтың сапалы өмір сүруі үшін әлеуметтік мәселелерді шешу бірінші орында екені анық. Биыл да тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін баспанамен қамту, сапалы инфрақұрылым жүргізу бағытында тиісті шаралар қабылданды. Осы тұрғыда таза ауызсу, тұрғындарды ыстық сумен қамту жұмысы кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
– Өмірі Сырдария өзенімен өзектес өңірде биыл аяқ судың тапшылығы ерекше сезілді. Мемлекет басшысының сапары барысында да диқандарымыз осы мәселені көтерген болатын. Соған қарамастан аймақ басшысының ұтымды ұйымдастыруымен қажетті шаралар қолға алынып, аграрлық саланың берекесі бәсеңдеген жоқ. 8041 гектар жерге орналастырылған ауыл шаруашылығы дақылдары мерзімінде толық жиналды. Негізгі дақыл күріш 3354 гектарға егілді. Оның әр гектарынан 52 центнерден өнім алынды. Келер жылы да диқандар қауымына қолдаулар жалғасады. Тек, әрбір тамшы судың қадірін біліп, тиімді технологияларды ертерек енгізуіміз керек. Сапалы инфрақұрылым – халықтың өмір сүру сапасын арттырары сөзсіз. Ол үшін тиісті шаралар қабылданып, бірқатар жоба жүзеге асырылды. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 2,7 млрд теңгеге жаңа қоныстанған аумақтарға электр желілері тартылып, тозығы жеткендері қайта жаңғыртылды. Шет аймақтар мен шаһардың өзінде қыруар шаруа атқарылып, электр желілерінің тозу деңгейі 57 пайызға төмендеді. Тәуелсіздік жылдарында ешбір өңірде жылу электр орталықтары салынбай, тозығы жеткен нысандар шама-шарқынша жұмыс істеп келді. Тіпті кейбір аймақтарда апатты жағдайлар орын алып, тұрғындар қиындықтарға тап болды. Осындай ахуалдардың алдын алған облыс әкімі алғашқылардың бірі болып жылу электр орталығын салуға мүмкіндік жасады. Мемлекет басшысының қолдауымен, «Акса Энерджи» түрік компаниясының инвестициясымен, құны 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы салынды. Бұл нысан жұмысын бастап кетті. Тағы бір табысты іс – Қызылорда қаласы ыстық сумен қамтыла бастады. Шаһарымыздағы 623 көпқабатты тұрғын үй ыстық суға қосылуға мүмкіндік алды. Жоба құны 26 млрд 200 млн теңге. Өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлердің 50 пайызын ыстық сумен жабдықтау үшін құрылыс жұмыстары жүргізілді. Биыл берекелі бастама жалғасып, жоба аяқталу кезеңіне жетті. Осындай іргелі шаруамен қатар, «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы аясында құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 15 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, Қызылорда – 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылған қалалардың бірі. Тұрғындарды күнделікті тұтынатын тауармен қамту – басты міндетіміз. Бұл тұрғыда газ желісі жетпеген елді мекендерге және қала аумағында қалып қойған аумақтарға көгілдір отын тартуға 3,5 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды. Шаһарға іргелес жатқан «Сабалақ» елді мекені газға қосылып, тұрғындар игілігін көре бастады. Ендігі меже – Қызылөзек ауылдық округіне газ құбырын тарту. Ол үшін құны 1,8 млрд теңгеге жоба әзірленді. Қазір қажетті қаражатты бөлдіру бойынша жұмыс жасаудамыз, – деді қала әкімі.

Жол – іргелі істердің бастамасы
Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – бұл тек қатынасты жақсарту ғана емес, сонымен қатар қаланың экономикалық қарқынын, әлеуметтік келбетін, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды тетігі.
– Аталған бағытта аймақ басшысының қолдауымен жүйелі әрі ауқымды жұмыстар атқарылды. Бөлінген 30 млрд теңгеге жуық қаражатқа көшелердің аясы кеңіп, жақсы жолдардың үлесі артты. Негізгі көшелердің бірі – «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын жаңғырту екі кезең бойынша жүргізіліп, пайдалануға берілді. Аспалы көпірден бастап Сағымбаев көшесіне дейінгі аралықтағы жол қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Күнделікті тіршіліктің тынымсыз қозғалысы үшін көпірдің маңызы зор. Сол себепті оған аса мән беріледі. Сондықтан біз аспалы көпір аталып кеткен Шиелі бағытындағы автомобиль көпірін қайта жаңғырттық. Қала мен Тасбөгет кентін байланыстыратын «Қызылжарма» каналының үстінен өтетін автожол көпірін салып, іске қостық. Одан бөлек, Әуежай жолындағы үш көпір қайта жаңғыртылып, кеңейтілді. Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ» көпірі жаңаланды. Қазіргі таңда Жанқожа батыр көшесі бойымен өтетін теміржол асты өткелінің құрылысы жүруде. Осы орайда айта кеткен жөн, қала орталықтарына ғана емес, кенттер мен ауылдардағы, шет аймақтардағы жолдарға басымдық берілуде. Нақтыласам, қала көшелерін күтіп-ұстау жұмыстары аясында «Бәйтерек», «Шанхай», «Титов», «КБИ», «Саяхат» тұрғын аудандарындағы 35 көшеге асфальт, «Эдельвейс» пен «Ягодка» саяжайларындағы 20-ға жуық көшесіне тас төселді. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің аулаішілік жолдары жаңартылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын 7 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды, – деді қала әкімі.
Баспаналы болу бір бақыт
Қалада жылдан-жылға жаңа нысандар салынып, әлеуметтің әлеуеті артып келеді. Құрылысы қарқынды қала көркейіп, көшелер кеңеюде. Бір қуантарлығы, халықты баспанамен қамтуда Сыр өңірі республикада алдыңғы орынға шықты. Яғни, көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен сатып алу үшін 30 млрд 711 млн теңге жұмсалып, 1 112 отбасы баспана бақытына кенелуде. Жалғыз баспанасы апатты деп танылып, кезекте тұрған азаматтардың да мәселесі оң шешімін тауып келеді. Өткен жылы аталған санаттағы 135 отбасына пәтер кілті берілді.
– Қала көркі ондағы сәулетті нысандарымен, әрленген көпқабатты үйлерімен қалыптасады. Бұл мақсатта аймақ басшысының қолдауымен күрделі жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылдың өзінде облыстық бюджет есебінен 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты үйдің қасбеті жаңаланды. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру мақсатында 20 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылды. Бұл жұмыстарға қалалық бюджет есебінен 1,3 млрд теңге қаралды. Ауқымды бастама аясында 19 футбол, 25 жаттығу, 21 балалар ойын алаңы және 13 демалыс орны салынды. Сонымен қатар сұранысқа сәйкес 34 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді қала әкімі.
Білім бәйгесінде бәсіміз биік
Білімге салынған инвестиция – болашақ негізі. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы аясында қаламызда 5 мектеп салынды.
– «Жеті түрлі ілім білетін ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізі міндеті». Бұл – Президенттің тапсырмасы. Сондықтан «Сыр жұлдыздары» академиясының салынуының маңызы жоғары. Мұнда тәулігіне 3 мың оқушы қабылдап, қосымша білім беретін мүмкіндік қарастырылған. «Білімді қолдау қоры» арқылы физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей – интернаты ел игілігіне табысталды. Ал құны 4 млрд 800 млн теңгеге музыкалық колледжінің салынуы өңір өнерін өркендетуге кең тыныс ашты. Кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтарының «Құзіреттілік орталығы» кәсіби шеберлікті шыңдаудың шеберханасы болады. Бұл нысанның да қазір құрылысы салынуда. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің заманауи жаңа ғимаратының пайдалануға берілуі мәдениет пен тарихқа көрсетілген құрметтің белгісі болды, – деді қала әкімі.
Сыр спортында серпін бар
Соңғы жылдары спорттағы жетістіктеріміз орасан. Сырдың сайыпқыран спортшылары қанжығаны толтырып, тақымға қысқан табыстарымен қуантуда. Аймақ басшысы бұл сыйға тарту есебінде бірнеше спорттық нысанды салуға ықпал етті.
– Президентіміздің қолдауымен қаламызда 26 млрд 500 млн теңгеге 11 мың орындық жаңа стадион пайдалануға берілді. Сыр халқы асыға күткен стадион 4 қазан күні футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды. Дәл осы стадионда «Қала күні» мерекесі аталып, теңдессіз той өтті. Дүбірлі шара естен кетпес таңғажайыптармен қорытындыланды. Қазіргі таңда осы іргелі нысанның жалғасы есебінде аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын, құны 20 млрд 500 млн теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Кешенде олимпиадалық спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, жүзу бассейні, халықаралық жарыстарды өткізуге арналған 2500 орындық зал қарастырылған, – деді Н.Ахатов.
Құрылысы қарқынды қала
Сырдың бас шаһары құрылыс саласының қарқыны бойынша республикада алдыңғы орындардан көрінді. Атап айтсақ, қалада құны 36 млрд 400 млн теңгеге 300 орындық көпбейінді аурухана орталығы бой көтеруде.
– Облыс орталығында 48 млрд 500 млн теңгеге 200 орындық перинаталдық орталық ғимараты мен 14 млрд 780 млн теңгеге 500 орындық емхананы салуға Үкіметпен тиісті қаулы қабылданды. Жақын күндері құрылыс жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың іргетасы қаланады. Биылғы Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен құны 3 млрд 800 млн теңгені құрайтын жаңадан «Достық үйі» салынды. Бұл нысан жуырда пайдалануға беріледі. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда құрылыс кластеріне айналуда. Облыс әкімінің бастамасымен және үйлестіруімен шілде айында құны 34 млрд 500 млн теңгені құрайтын кореялық «Уиз Ю» компаниясымен тұрмыстық қатты қалдықтар өңдейтін зауыттың құрылысы басталды. Жақында ғана толық автоматтандырылған ең озық технологиялармен жабдықталған өндіріс орны – «Қызылорда Саз-М» серіктестігінің кірпіш зауыты ашылды. Зауыт жылына 90 млн кірпіш шығарып, жергілікті құрылысқа қажетті сұраныстың 90 пайызын қамтамасыз етеді. Жоба аясында өңірімізге қосымша 5 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл өндіріс орындарымен қатар, құны 5 млрд 600 млн теңгеге болатын «Қызылорда нан» зауыты іске қосылып, нан тоқаш, макарон, кондитерлік өнімдерін шығаруда.Тағы бір ілкімді іс – испандық «Рока групп» компаниясымен жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде Үкімет басшысының алдында келісімге қол қойылды. Еліміздегі бұл бағыттағы алғашқы зауыттың құны 44 млрд. теңгеден асады. 300-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда, – деді қала әкімі.
Тағы бір айта кететін жұмыстың бірі – Сол жағалау тұрғын ауданынан «Сырдария» коммуналдық базары ашылып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуда. Базарларға байланысты мақсатты жоспарлар құрылды. Бүгінде қаламызда «Ескі» және «Жаңа» базар аталып кеткен қос сауда орны қайта жаңғыртудан өтуде. Бұл заман талабы, халық сұранысы. Осы жұмыстар арқылы сауда мәдениетін, санитарлық талаптарды қалыптастырып, тұтынушылық тәртібі енгізіледі.
Тұрғындарды біріктірген акция
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының игілігімен Қызылорда – еліміздегі ең таза қалаға айналып, тұрғындарымыздың тазалық этикасы мен ортақ мүддеге жанашырлық көзқарасы қалыптасты. Осындай батыл бастамалары мен ынтымаққа ұйысқан халқы бар Алаштың анасы – Сыр елінің сәулеті асып, дәулеті тасыды.
– Биылғы жылы қалалық мәдени және демалыс паркін қайтадан жаңғыртып, салтанатты түрде халық игілігіне табыстадық. Игі іс – «Қорқыт ата» скверінде жалғасып, саябақ қайта түледі. Президент саябағында да күрделі жаңғырту жүргізілуде. Жоспар бойынша аталған аумақтағы нысандарды келер жылдың көктемінде пайдалануға беретін боламыз. Айта кету керек, саябақ ішінде жылдың 4 мезгілінде үздіксіз жұмыс жасайтын 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Оған қоса, Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынуда. Алдағы күндері Президент саябағы мен Астана шағын ауданын байланыстыратын Сырдария өзені үстінен жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталады. Ерекше атап өту қажет, Президент саябағында инвестор қаражаты есебінен бес жұлдызды қонақ үйдің құрылысы жүруде, – деді шаһар басшысы.
Қаланың жаңа бас жоспары бекітіледі
– Атқарылған жұмыс, еткен еңбек аз емес. Осы тұста тағы бір жаңалықпен бөлісе кеткенді жөн санап отырмын. Келер жылы Қызылорда қаласының жаңа бас жоспары бекітіледі. Бұл бас жоспарда шаһар іргесіндегі саяжайлар толығымен қамтылып, оларға тұрғын аумақ статусы беріледі. Сол кезде біз жоспарға енген аумақтарға инфрақұрылым жүргізіп, тұрғындардың талап-тілектерін орындайтын боламыз.
Қадірлі жерлестер! Алдымызда айқын міндеттеріміз бен анық жоспарларымыз бар. Келер жылы қаланың, оған қарасты кенттер мен ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған 133 жоба әзірленуде. Бұл жобаларды қаржыландыру үшін республикалық және облыстық бюджеттерге 105 млрд. теңгенің өтінімі ұсынылуда.
Әрбір әлеуетті іс әлеумет үшін жасалады. Яғни, бұл тұрғындардың тұрмыстық өмір сапасын жақсартуға үлкен бетбұрыс десек, біз халықтың игілігі мен жайлы тұрмыс-тіршілігі үшін ауқымды жобаларды өздеріңізбен бірге жүзеге асыра береміз, – деді қала әкімі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!