Сол жағалауда бой көтерген 10 көпқабатты тұрғын үй өз иесін тапты. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова облыс орталығында 150 отбасына пәтер кілтін табыстады.
Салтанатты шарада сөз алған вице-премьер пәтер кілтін алғандарды құттықтап, азаматтарға жайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты назарында екенін жеткізді.
– Халықтың әл-ауқатын арттыру, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – мемлекетіміздің ең басты стратегиялық міндеті. Елімізде тұрғын үй мәселесін шешудің сатып алу, банктердің ипотека бағдарламалары, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алу секілді әр түрлі жолдары қалыптасты. Жыл басынан бері 7,5 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін көрсеткішті 18 миллионға жеткізу көзделген. Бұл – мыңдаған отбасының баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді, – деді Тамара Дүйсенова.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев баспаналы болған азаматтарға игі тілегін білдіріп, елдің қуанышына ортақтасты.
– Құрылыс барысы әкімдіктің жіті бақылауында болды. Мердігерлер жұмысты сапалы атқарды. Ең бастысы, баспанаға мұқтаж жандардың бірқатары пәтерлі болды. Аймақ әкімдігі бұл бағыттағы жұмысты әрі қарай да жалғастыра береді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Пәтер алғандардың бірі Гүлсезім Убайділдә жолдасымен бірге жетімдер санатында кезекте тұрған. Бұған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген ол отбасымен бірге 2 бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Отбасында тай-құлындай тебіскен екі құлыншақтың қуанышында шек жоқ.
– Өз баспанаң болғанға не жетсін?! Бүгінге дейін туыстардың үйінде де тұрдық, пәтер де жалдадық. Енді міне, өзіміздің баспанамыз бар. Өте қуаныштымыз. Қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын, – деді ол.
Айта кетейік, баспана құрылысына республикалық бюджеттен 8,5 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 5 қабатты тұрғын үйлер салынды.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!