Сейсенбі, 27 қаңтар, 01:31

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№7 (2219)
27.01.2026
PDF мұрағаты

«Өздерің білер Қазыбекпін» немесе сатира сардары

27.01.2026

41 0

Журналист болсақ деген арманмен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алып жүрген кезіміз. Сабақтан соң об­лыс орталығындағы редакцияларды жағалай­мыз. Облыстың ата басылымы «Сыр бойы» газеті редакциясының табалдырығын аттауға батылымыз жетпейді, сол кездегі жастарға жақын болған тәуелсіз басылым «Ақмешіт апталығы» газетінің редакциясына қалам ұстаған жастардың көп үйірсектейтін кезі. Бірді-екілі мақаламыз газет бетінде жарық көрген соң, бойымыздағы қорқынышты жеңіп, редакцияға емін-еркін келетін болдық. «Ақмешіт апталығының» «Қуақы» әзіл-оспақ бетін оқырман жақсы көреді. Қоғамдағы өзекті мәселені  сөз сойы­лымен соғып, кемшілікті жеріне жеткізіп көрсете білетін авторлар көп емес. Көзі қа­рақты оқырманға өздері таныс болмаса да, аты-жөнін жатқа біледі. Олардың қата­рында сатира сардары ретінде танылған Қазыбек Әшірбекұлы да бар. Журналистика саласындағы еңбек жолымызда Қазыбек ағаны күнде көріп ғана қоймай, оның шы­ғармашылығын да, өзін де жақын тани бастадық. Қалам мен қағазды серік еткен ағамыздың тынымсыз еңбектенетінін, ұқыптылығын, қате жібергенді кешірмейтін қырын да тани бастадық. Тағы бір ешкімге ұқсамайтын қасиеті – қай газеттің де сапалы шығуына сырттай тілеулес болып жүретіні. Әлі күнге дейін газетке жазылуды ұмытпайды. Оның қоғамдағы өзгерістерге сергектік та­нытанынын да айта кеткен жөн болар. Мұндайда үйде жайбарақат жата алмайды, ауа райына да қарамайды. Кейде біздің өңірге ғана тән дауылдарда, жаз күндері ми қайнатар аптап ыстыққа да қарамай, редакцияға келіп, «қоғамның назарын аударған өзгерістерге үн қосқанды жөн көрдім» деп төс қалтасынан бүктелген қағазын шалт қимылмен алып, үстел үстіне қойып жатады. Мұнан соң «поштаңа да жіберіп қойдым, мынау қолжазба» деп әр іске ұқыптылығын байқатып, бір тиянақтап кетеді. Кейде күн суығына қарамастан редакцияға қарай асығып келе жатқанын көрсек: «қарамай дауылға да, жауынға да» деп әзілдей қарсы аламыз. Бұл сөзімізге риза болған ағамыз кеңкілдей күліп, жазған-сызғанын беріп кетеді. Өткенде «аға, осы нешедесіз?» деп сұрап қалғанымызда биыл сексенге келетінін айтқан еді. Қазыбек ағаның бұған дейін де мерейтойын алға тартып, марапат-медаль, құрмет сұрағанын естімеппіз. Әрдайым адам­дық биігінен түспейтін, балаша елпілдеп, ақеден көңілімен қуанып жүретін Қазыбек аға сексеннің сеңгіріне келіп қалыпты. Өзі де, ойы да сергек, оқырманға сатирасымен танымал Қазыбек Әшірбекұлының шығырмашылығы туралы аз-кем жазғанды жөн көрдік.

Ол 1946 жылы Қызылорда облысы, бұ­рынғы Тереңөзек ауданы «Жаңа арық» ұжымшарында (қазіргі Қараөзек ауылында) дүниеге келген. Сол ауылдағы №39 «Қызылөзек» орта мектебінде оқыған. 1965-1968 жылдар аралығында азаматтық әскери борышын Түркіменстан ССР-нің Мары қала­сында адал атқарған. Азаматтық борышын өтеп жүргенде бөлімше командирі болып, Түркіменстан ЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Елге оралғаннан кейін, 1968 жылдың желтоқсан айында Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасына қатардағы қызметкер болып жұмысқа орналасады. Қызметтен қол үз­бей жүріп, Қызылорда политехникумының «Машина жөндеу және техникалық қызмет көр­се­ту» бөлімінде оқып, техник-механик маманды­ғын алған. 1975-1980 жылдар ара­лығында Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институттың филология фа­культетін оқып, бітірген. Ол осы мерзім ішінде ОІІБ-да әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, 1991 жылы ішкі қызметтегі майор шенімен зейнеткерлік демалысқа шыққан. Қазыбек Әшірбекұлы ҚР ІІМ-нің бұйрығымен І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Милиция үздігі» және тағы басқа төсбелгілермен, Құрмет грамоталары­мен марапатталған. Ол зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Басқармада ардагерлер кеңесінің мүшесі болды. Осы басқарманың шаруашылық бөлімінде инспектор болып қызмет істеді. ҚР Қызылорда облыстық транспорт құралда­рын жүргізушілер одағында директордың орынбасары қызметінде болды.

Енді Қазыбек Әшірбекұлының шығарма­шылық жағына қарай ойысайық. Ол ішкі істер саласында жүргенде де қаламды тастаған емес. Архивті ақтарсақ, оның 1980 жылдары облыстық «Ленин жолы» газетіне өзекті мәселелер жайлы мақалалар жазғанын көруге болады. Газеттің штаттан тыс тілшісі болып қызмет атқарды. «Шөңге» айдарымен апта сайын жарық көріп тұратын әзіл-оспақ, сын-сықақ мүйісін мүлт жібермей, өзінің сатиралық шығармаларын ұсынып жүрді. 1992 жылы Қазақстан Журналистер одағына мүше болып қабылданды. Оның әзіл-оспақ, сын-сықақ өлеңдері көптеген республикалық және облыстық баспасөз беттерінде жиі жарияла­нып келді. Қазыбек Әшірбекұлы Жазушылар одағы басқармасына қарасты Қазақстан сықақшылар «Найзагер» қауымдастығының мүшесіне сол қауымдастықтың президенті, белгілі ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің өзі қабылдап, куәлік берген. Оның қазіргі қазақ сатирасына сай түрлі тақырыпта жазылған шығармалары республикалық ата басылым «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Халық», облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт апталығы», «Ақмешіт ақшамы» газеттері мен «Ара» және «Әлімсақ» журналдарында жиі жарық көрді.  Ата басылым «Егемен Қазақстан» газетіндегі 2001-2011 жылдары «Сөз сойыл» әзіл-сықақ отауында заман тынысын дөп басып, кемшілікті сын-сықақтың сұр жебесіне іле білген сатиралық шығарамалары үшін жазушы-сатирик Балғабек Қыдырбекұлы атындағы жүлдені екі мәрте иеленіп, «Сөз сойылдың серкесі» атанды. Ол туралы «Егемен Қазақстан» газеті жазды да. Сол жылы «Қазақстан журналистерінің ұлттық кәсіби одағы» Қызылорда облыстық  ұйымы ақпарат айдынында белсенді қызметі үшін Құрмет грамотасымен марапаттады, Қазақстан журналистер одағының дипломына да ие болды.

2001 жылы ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы­на орай облыс  әкімінің қолдауымен «Алтын орда» баспасынан «Жүректегі жауһарлар» атты Сыр елі ақын-жазушыларының  жинағы жарық көрген болатын. Осы жинаққа Қазыбек ағаның «Бибімнің бұйрығы», «Жеңіс – жеңіліс ойын», «Мырза емеспін», «Он алты еркек», «Құлқын», «Төрге таласу» сияқты тағы басқа шығармалары енген. 2008 жылы «Нұра-Астана» баспасынан Астана қаласында «Күлкі керуен» кітабы, қаладағы «Тұмар» баспасынан «Жебе», 2009 жылы «Фолиант» баспасынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Сырдария кітапханасы» көптомдығына «Ұрт пен мұрт» жинағы енді.

Қазыбек Әшірбекұлы аймағымызда 1994 жылы тұңғыш жарық көрген тәуелсіз «Ақмешіт апталығы» газетінде де қызмет істеді. Әдеп­кіде бірді-екілі сатиралық шығармаларын редакцияға қалдырып жүрген Қазыбек ағаның қарымын байқаған бас редактор Әділхан Бәймен оны жұмысқа шақырады.  1998-2003 жылдар аралығында ол газеттің «Қуақы» деп аталатын әзіл-оспақ, сын-сықақ бетін жүргізді.

Қазыбек Әшірбекұлы сатираның барлық жанрын жақсы меңгерген. Оның барлық жинақтағы әзіл-оспақтары, сын-сықақтары, мысқыл-мысалдары мен әзіл әңгімелері, қа­ғытпа қалжыңдары, жымы айқын жұмбақ­тары, мәні өзгерген мәтелдері соған айғақ бола алады.

Қазыбек Әшірбекұлы үшін мәселенің үлкен-кішісі жоқ. Ол қоғамдағы кемшіліктер­ді сын садағына іліп, әшкерелейді. «Озбырлар­дың өлеңі», «Қос қылықтылар», «Танып ал», «Кімге не қымбат?», «Арақтың әлегі», «Қылықты сылқымның хикаясы», «Сұраудың түрлері», «Кекірейіп, кейін кішірейеді» және тағы басқа да  сын-сықақтарында өзімшілдік пен тоғышарлықты, тойымсыздық пен көр­сеқызарлықты, алаяқтық пен жемқорлықты және парақорлықты сын садағына іледі. Автор саяси, әлеуметтік мәселелерді де қаламынан қағыс қалдырмайды. «Ұрт пен мұрт» сатиралық жинағында «Адам мен ақша», «Нарық пен халық», «ХХ ғасырдың ХХІ ғасырға өтініш тілегі», «Біреу талтаңдап, біреу жалтаңдап» сияқты тағы басқа туындыларында саяси, әлеуметтік мәселелер қамтылған.

  Қазыбек аға шығармашылығының тағы бір ерекшелігі, ол бір-екі жолдан тұратын қағытпа қалжыңдар мен мәні өзгерген мәтелдер, жымы айқын жұмбақтар арқылы да астарлы ой айтып, оқырманды ойландырады. Мысал келтіре кетейік.

Жұрт көтеріп еңсесін,

Жинағанда енді есін.

Жібермекші еркіне,

Нарық кіші кенжесін.

(Еркін баға)

Бұл жымы айқын жұмбақтардың бірі ғана. Мынау төмендегі мәні өзгерген мәтелдердің бірі:

Жібекті түте алмаған – жүн етеді,

Жұмысшыны жұмсай алмаған – құл етеді, – деп қоғамға ой салады.

Қазыбек аға әрдайым сын  әділ, таза, шынайы болу керек екенін ескертеді. Оны төмендегі мына өлең шумақтарынан анық байқауға болады.

Халықта мол қазына,

Қанағат көп – азына.

Соның бірі кәдімгі,

Орынды әзіл – әжуа.

Ұстанам деп ұстынын,

Қолданба тым қышқылын!

Жаралап жанды жүрмесін,

Жазықсыз жанды мысқылың!

Сұйылмай өте сапасы,

Болмасын сынның шатасы!

Орынды сын айтылса,

Сықақ – сынның атасы.

Мойындамай мінін де,

Жүргендер бар бүгінде.

Жұқпалы дерт әкелер,

Қоғамға олар түбінде.

Мін – нысана,

Сын – садақ,

Тек түзу тарт жебесін!

Нысанаға нық қада,

Далаға кетті демесін.

Қазыбек ағаның сын-сықаққа деген ұста­нымы осындай. Ол арнау да, нәзік жыр да жазады. Ол бөлек әңгіме.

Қазыбек аға Нартай Бекежановтың:

«Өздерің білер Нартаймын,

Нар болсамда қартайдым.

Ізі бар да өзі жоқ,

Бұрынғы боран айғайдың» деген бір шумақ өлеңін еске алып, өзі туралы қайымдастырып:

– Өздерің білер Қазыбекпін,

Ортада болдым аз-көптің…

«Күрең күзді ойламай,»

Өмірдің бәрін «жаз» деппін – деп сексеннің сеңгіріне келіп қалғанын сезбей қалғанын осы бір шумақ арқылы білдіргендей. Жүзге жетіңіз, аға!

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: