Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Олимпиада: Үміт алда

03.08.2024

231 0

Сурет: Чемпион

Олимпиада ойындары көпті ойландырғаны анық. Мысалы, бокстан ұлттық құрама көрсеткіші көңіл көншітпей тұр. Шаршы алаңға шыққан спортшылардың дені бірінші кезеңнен өте алмай, елге қайтуда. Өзге спорт түрлері де айтарлықтай олжа салмады. Осы орайда осы аптадағы байрақты бәсеке жаңалықтарын назарға ұсынып отырмыз, оқырман.
Апта басында Қазақстандық тен­нисшілер толықтай жарыс жолынан шықты. Жұптық сында өнер көр­сеткен Александр Недовесов пен Александр Бублик алғашқы айналымда бразилиялықтар Тьяго Монтейро мен Тьяго Уайльдпен бетпе-бет келген. Бір сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Недовесов пен Бублик 3 эйс жаса­ғанымен, 4 брейк-пойнтты пай­далана алған жоқ. Қарсыластары 4 эйс, 2 брейкпен көзге түсті. Осылайша, Париж Олимпиадасы қазақстандық теннисшілер үшін өте сәтсіз аяқталды. Бұған дейін Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева ойынға қатысудан бас тартса, А.Бублик пен Александр Шевченко жекелей сында алғашқы айналымнан аса алмаған еді.
Садақ ату, жүзу, семсерлесу спорт түрлерінен де олжа жоқ. Аталған саладағы саңлақтар алғашқы кезеңнен-ақ сүрінді.
Қос медаль сыйлаған дзюдодан әлі де үміт бар еді. Алайда қазақстандық татами шебері Данияр Шамшаев алғашқы белдесуінде ұтылып қалса, Нұрлыхан Шархан екінші белдесуінде есе жіберді.
«Мен Олимпиада ойындарына толық дайындықсыз келдім. Оқу-жаттығу жиындарым аз болып қалды. Олимпиада алдында бір айдай асқазаным ауырып, көп уақытымды емделуге жіберіп алдым. Алда әлі талай додалар бар ғой, бұл Олимпиадада жолым болмады. «Бір сәтсіздік – бір сабақ» дегендей, болашақта еліміздің на­мысын абыроймен қорғаймын деп ойлаймын», – деді Данияр Шамшаев.
Байрақты бәсекеде боксқа жан­күйер болғандар саны басым. Алайда мұндағы жай жа­ғымды болмай тұр. Себебі ел сенген саңлақтың көбі алғашқы жұдырықтасуда қарсы­ластарына жол беруде. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Асланбек Шымбергенов, Қамшыбек Қоңқабаев, Махмұд Сабырхан, Валентина Хальзова, Айбек Оралбай, Мұхамедсабыр Базар­­байұлы жарыс жолынан шық­ты. Айта кетсек, 2 тамызда бокс бәсе­кесінде ерлер құрамасынан Нұрбек Оралбай, Сәкен Бибосынов шаршы алаңға шықса, әйелдер сапынан Карина Ибрагимова бақ сынады.
Қыздар қалыс қалмады. Ел намысын қорғап жатқан Назым Қызайбай алғашқы жекпе-жегінде Италия боксшысы Джордана Сор­рентиноны жеңген еді. 1/8 финалда бразилиялық К.Барбосаны жарыс жолынан шығарды. Осы­лайша ширек финалға жолдама алды.
«Жекпе-жек ойымдағыдай өтті. Енді бұдан да жақсы өнер көрсету керек деп ойлаймын. Алда тағы да үлкен айқастар күтіп тұр. Әр жекпе-жекке үлкен дайындықпен келуім керек. Олимпиадада бар­лық қарсылас бірдей болады. Кім психологиялық тұрғыдан да­йын болса, сол жеңіске жетеді. Чем­пиондарды көріп жатырсыздар. Әр жекпе-жекке дайын болуым керек. Жеңіс үшін барымды саламын. Қолдағандарыңызға рахмет», – деді Назым Қызайбай.
Жалпы бокстан біз күткен нәтиже орындалмады. Мұны біліп, сын айтқандар көп. Олардың қатарында Бейжің Олимпиадасының чемпионы, боксшы Бақыт Сәрсекбаев та бар. Бүгінде әлеуметтік желіде спортшының Париж Олимпиадасына қатысып жатқан боксшылардың өнеріне катысты пікірі қызу талқылануда.
Боксшы бұл туралы Instagram әлеуметтік желісіндегі парақ­шасында дайындыққа көңіл бөлін­бегенін жеткізген.
«Жігіттердің физикасы өте нашар. Екінші раундта тыныс алуы қиындап, рингте әзер жүр. Соққылары тым аз. Сериялық соққылар тіпті аз. Үш минутта қанша соққы жасауға болады? Физикамен айналысады деп арнайы шақыртылған мамандар қайда қарап жүр? Жалпы ғылыми топ мүшелері қайда? Неге біздің боксшыларға шаршы алаңда дем жетпей қала береді? Неге үш раундта аяққа тұра алмайды?» – дейді Бақыт Сәрсекбаев.
Айта кетерлігі, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті 63,5 келі салмақта жұдырықтасқан Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен грузиялық Лаша Гурули арасындағы жекпе-жек нәтижесін түсіндіруді талап етіп, ресми түрде PBU-ға (Paris boxing Unit) шағым түсірді. ҰОК мәліметінше, Олимпиада ойындарындағы бокс бәсекесін ұйымдастырушылар бұл ескертуге назар аударып, аталған жағдайға қатысты зерттеу жүргізуге уәде берді. Аталған төрешілерге қатысты іс қозғалды. Осы орайда, бұл іс-шараның жекпе-жектер нәтижесіне әсер етпейтінін ескеру керек. Ережеге сәйкес, аяқталған жекпе-жектер нәтижесі қайта қаралмайды. Алайда төрешілердің өз қызметінде қателік жібергені дәлелденсе, олар қызметтен шеттетілуі мүмкін.
«Қазақстан ҰОК Мұхаммедсабыр Базарбайұлының жекпе-жегіне қатысты шағым түсірді. Біз бұл нәтижемен келіспейміз және PBU-дан түсініктіме талап еттік. Бұдан ХОК та хабардар. Біздің ойымызша, қазақстандық боксшы 2024 жылғы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама беретін маңызды кездесуде жеңіске жетті. Өткен жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау мүмкін еместігін де түсінеміз. Алайда біз ірі халықаралық жарыстағы төрелік әділ әрі таза болғанын қалаймыз», – деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева.


Берен ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: