Дін – қоғамдағы әлеуметтік-мәдени саланың бірі. Сондықтан діни сауаттылық пен діни танымды дамыту әрбіріміз үшін өте маңызды. Әсіресе жастардың деструктивті ағымдар жетегінде кетпеуі үшін не істеуге болады? Алдын алудың қандай алғы шарттары бар? Осы тақырып төңірегінде Қызылорда облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы Олжас Нарымбетовпен сұхбаттасқан едік.
– Олжас Жақыпбекұлы, өзіңіз білесіз діни сауаты жоқ кез-келген адам жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Оны алдын алу үшін не істей аламыз?
– Иә дұрыс айтасыз. Әуелгі мәселе сауаттылықпен байланысты болған соң кез келген мектеп оқушысына әуелі әліппені үйреткен секілді балаларға алғашқы негізгі діни негіздер мен мағлұматтардың қысқаша болса да ақпарат беру маңызды деп есептеймін. Ислам діні және өзге діндер болсын, жастарға осы бағытта мәлімет беру қажет. Себебі әр саланың лайықты маманы болу үшін сол саланы шығу тарихынан және негізгі деректерінен бастап зерттеу қажет екені белгілі. Діни мәселе де сол секілді. Қоғамда адамдардың жат ағымға еріп кетпеуі үшін әуелі діни ақпараттарды өзінің ақыл тұрғысынан сүзгіден өткізе алуы қажет. Дін тек әртүрлі саладан ғана қамтылмаған. Дін ол адамдардың өмір сүру салты, мәдениеті, қоғаммен қарым-қатынасы тәрізді басқа да өмірлік қажеттіліктерді қамтып жатқан дүние. Дін – ол өте нәзік. Сол себепті діни мәселеде өте жауапкершілікпен қарау маңызды. Діни проблеманың алдын алуда осы жауапкершілікті тек дін саласының мамандарымен емес, жалпы қоғам болып атқаруда.
– Жат ағым өкілдерінің негізгі белгілері қандай?
– Жат ағым өкілдерінің бірнеше белгілері бар. Әуелі сыртқы бейнесінен, яғни киім кию үлгісі және түр сипатынан аңғаруға болады. Ер азаматтардың ұзын сақалды және шолақ балақты болуы. Әйел азаматшалардың толықтай қара жамылып киінуі секілді сипаттарынан білеміз. Екіншіден, қоғамда тек өздерін ғана ақиқат жолындамыз деп есептейді. Басқаларға адасқандар деп үкім шығарады. Қоғамдағы дінбасыларға және имамдарға бағынбайды. Оларды да адасқан және білімсіз деп санайды. Еліміздің дәстүрлі сенімі мен мәзһабтарды жоққа шығарады. Адамдарды «тура жолдағылар» мен «адасқандар» деп екі топқа бөліп қарастырады. Ұлттық құндылықтарымызды, жалпыға тән салт-дәстүрлерді мойындамайды. Зайырлы тұрғыдағы мерекелер мен шараларды тойлаудан бас тартады. Мемлекетіміздің заңдарын, басқару құрылымдары мен билік органдарын мойындамайды, бағынбайды. Азаматтық міндет болып саналатын әскерге бару немесе вакцина қабылдаудан бас тартады. Ең көп көзге түсетін белгілердің бірі де қоғамдағы әйелдердің құқығын таптауы. Оларға құдды бір бұйым немесе пайдаланатын зат секілді қарауы. Некелесіп, ұзақ уақыт өтпестен ажырасып, абыройына нұқсан келтіру сияқты себептерін айтсақ болады. Соңғы уақыттарда жат ағым өкілдерінің белгілері жаңаша сипатқа ие болғаны жатқандығы байқалуда. Оған мысал ретінде әлеуметтік желілерде психологиялық дайындықтарын қолдана отырып адамдарды адастыруын айтуға болады.
– Таңғалдыратыны, деструктивті діни ағым ұстанушылар көзі ашық, оқыған адамдарды да өздеріне ілестіріп, топтарына қосып алады. Мұның сыры неде? Арбау сәтінде олар неге мән береді?
– Ол рас. Тіпті діни сауаты бар адамдардың да жат ағымға кетіп жатқандары жоқ емес. Олардың қатарында жоғары ғылыми дәрежесі бар немесе бұрын мемлекеттік құзырлы органдарда лауазымды қызмет атқарған азаматтар да жетерлік. Жалпы білімге, ғылымға құштар адамның әділдік пен тұрақтылық ұстанымының жоғары болатыны мәлім. Осы сипатқа ие адамның жат ағымның идеологиясына алдануы және сол сенімін салыстырмалы түрде барлығынан «дұрыс» деп есептеуі жат ағым арбаушыларының басты мақсаты десек болады. Шенді әскери адамның адасқан сәттегі өзгеруін мысал ретінде келтірсек болады. Яғни, әсери адам жат ағымның құрығына түскен күннен бастап нағыз «қарулы джихад» жолында өз жанын құрбан ете алатын, қару-жарақтың сырын толықтай түсінетін таптырмас соғыс құралына айналары сөзсіз. Бұның себебі де арбаушының психологиялық тұрғыдан дайындығының көрсеткіші. Ғылым жолында тер төгіп, еңбек етіп, түрлі кітап жазып, көпшіліктің алдында өзінің насихатын жүргізіп жүрген бір ғалымның осыншама еңбегі еленбей қалса, оның қоғамға деген өкпе-реніші жат ағым өкілдерінің назарына ілінетін қайталанбас мүмкіндік десек болады. Себебі қоғамда еленбей қалған ғалым жат діни ағымның құрығына түскен сәтте нағыз дайын радикалды уағызшыға айналары сөзсіз. Радикалдардың көздеген мақсаты да осы. Олар үшін қарапайым халықтан гөрі, қоғамда беделді азаматты құрығына түсіру пайдалы қазба тапқанмен тең. Сауатсыз мың адамды тартқаннан, сауатты да білімді бір адамды арбауы тиімді. Себебі радикалды ғалым сол сауатсыз мыңдаған адамды өз идеологиясына тартып насихаттай алатын бірден-бір адам. Бұл деген олардың миссиясының айқын жеңісі секілді.
– Діни білім алуға ұмтылған жастарға не айтасыз?
– Қазіргі кезде жастардың дінге қызығушылығының артуы қуантарлық жағдай. Дегенмен әр жақсы көрінген нәрсенің жанында жаман нәрсенің де тепе-тең жүретіні ақиқат. Егер дінді радикалдар емес, тек қана сенімді дін мамандары насихаттайтын болса діни проблема мен адасушылық мүлде болмаушы еді… Діни білім алғысы келетін немесе дін маманы болғысы келетін жастарға айтқым келетіні, қазақта «тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз бар. Дінді үйренерде ең алдымен діни мағлұматтарды білікті маманынан алыңыз. Өмірлік бағыт-бағдар беретін сенімді имам немесе ұстазыңыз болсын. Соңғы кездерде шет мемлекеттерде білім алғысы келетін жастардың қатары көбеюде. Діни білім алуға ниеттеніп шетел асып жатқан жастар да аз емес. Жалпы кез келген саланың лайықты маманы болу үшін шетелдерде өз тәжірибесін арттыру жақсы мүмкіндік. Десек те «әр елдің салты басқа» демекші, өзге елдің ішіндегі діни тұрақтылық пен ұстану ережелері өзге бір елдің ұстанымына, дәстүріне сәйкес келе бермейтінін ұмытпаған жөн. Дінге қызығып жүрген жастарға айтарым, ең әуелі қазақтың әдебиеті мен тарихын, ондағы діннің орны және сал-дәстүрмен сабақтастығын жақсылап зерттеңіз. Себебі жат ағымдарға ілесіп кетудегі себептердің бірі – ұлттық салт-дәстүр мен тарихты ұмыту болып табылады. Елімізде діни білім алатын оқу орындары жоқ десеңіз қателесесіз. Өз кезегінде шетелде діни білім алғысы келетін жастарға діннің негіздері мен қағидаттарын әуелі еліміздегі отандық діни білім беру орындарында үйренгені абзал. Келесі кезекте сол алған діни білімін шыңдау мақсатында шетелдердегі мемлекеттік университеттерде жалғастыруға кеңес берер едім.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Балауса ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!