Дәрігер – парасатты мамандық иесі, адам жанының арашасы. Кәсіби біліктілігімен ғана емес, жылы сөзімен, сезімтал жүрегімен, аялы алақанымен сырқаттың дертіне дауа бола білген абзал жан. Бүгінде облыстағы 150-ден астам медицина ұйымдарында 3 мыңға жуық дәрігер, 11 мыңнан астам орта буынды маман қызмет етеді. 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін сұранысқа ие мамандықтар бойынша 155 резидентке, 162 жалпы тәжірибелік дәрігерді даярлауға облыс әкімінің арнайы гранты бөлінiп, өткен жылы 590 дәрігер,
738 орта буынды медицина қызметкерлері біліктіліктерін арттырды.
Биыл мамандардың біліктілігін еліміздің алдыңғы қатарлы медицина орталықтарымен қатар шетелдерде арттыру көзделіп отыр. Сәуір айында 10 реаниматолог, 5 кардиолог маман Түркияның Стамбул қаласындағы «Мемориал» клиникасында білімін жетілдірді. Жыл көлемінде республиканың 9 штаттан тыс бас мамандарын шақырту арқылы конференция, хирургиялық сала бойынша 14 шеберлік сағаты өткізіліп, 21 түрлі ота жаңадан енгізілдi. Аймағымыздағы тағы бiр сүйiншiлер жаңалық – араға 9 жыл салып бүйрек трансплантациясы отасы жасалды. Екі шеберлік сағаты шетел мамандарының қатысуымен өтті.
Бүгінгі күнде Сыр медицинасында ауқымды және қарқынды жобалар жүзеге асуда. 2023 жылы жалпы құны 48,6 млрд теңгені құрайтын 21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізілген еді. Оның ішінде жалпы құны 7,1 млрд теңгені құрайтын 17 нысанның құрылысы аяқталды. Ал 2024 жылы 12,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 17 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды.
Облыс орталығында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргiзiлуде. Одан бөлек, қан орталығының құрылысы ашылуға дайын. Оған республикалық бюджеттен 2 млрд 900 млн теңге бөлінді. Жылына 5000-нан 10000 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар орталық соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірімізде жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салу жоспарланған. Өткен жылы Ұлттық жоба аясында елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет пайдалануға берілді. Қалған 11 нысан және Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыс салынып, халық игілігіне берілмек.
Жақын күндері Ұлттық жоба аясында 2 млрд 300 млн теңгеге Шиелі ауданында 30 төсектік инфекциялық бөлімше құрылысы басталады. Одан бөлек жергілікті бюджет есебінен 922,0 млн теңгеге Жаңақорған ауданы, Төменарық дәрігерлік амбулаториясымен қоса, 15 төсекке арналған ауылдық аурухана құрылысы аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
«Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының Досан елді мекенінде 140 млн теңгеге медициналық бекет, Баймұрат батыр елді мекенінде 418,2 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Сонымен қатар көпбейінді облыстық аурухана базасында жаңа МРТ аппаратын іске қосып, 70 орындық перинаталдық бөлім ашылды. Алдағы уақытта Жаңақорған ауданындағы көпбейінді аудандық орталық аурухана базасында балаларға арнап «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылмақ. Дәл осындай оңалту орталығы жыл соңында Арал ауданында беріледі.
Өткен жылы 3 млрд 800 млн теңге қаржыға 9 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылды. Биыл 4 млрд қаржыға 8 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 нысанның жылу жүйесі газға ауыстырылады. Өткен жылы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 5,1 млрд теңге қаржы қаралды. Оның ішінде 4,4 млрд теңгеге 560 дана медициналық құрал-жабдық сатып алынып, медицина ұйымдарының жабдықталу деңгейі 84 пайыздан 87,10 пайызға дейін көтерілді. Былтыр медицина ұйымдарына құны 512,5 млн теңгеге жаңа 25 санитарлық автокөлік табысталды. Биыл өңірдегі барлық елді мекендердегі денсаулық сақтау ұйымдарына 200 санитарлық автокөліктер алынды. Осылайша, елді мекендердегі емдеу ұйымдарын санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі.
Сыр медицинасын дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылуда. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен аймағымыз тұрақты әріптестік байланыста. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 2 млрд теңге қаржы бағыттады. Бұл қаржыға облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» реабилитациялық орталығы ашылып, денсаулық сақтау саласына қажетті аса қымбат дәрі-дәрмектер алынды. Қор республика бойынша 3 ғана облыста бар, құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын онкологиялық скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешенмен қамтамасыз етті. Саладағы әрбір бастама өңір халқының игілігі үшін жүзеге аса беретін болады.
Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, оның денсаулығы еліміз үшін басты орында. Өйткені дені сау ұлт – ел тірегі. Ал халық денсаулығын жақсартуда қызмет ететін медицина саласының қызметкерлерінің мерейі әрдайым үстем болып қала бермек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!