Соңғы жылдары омыртқа дискісінің жарығы, жалпақ тілде «грыжа» қоғамда кең таралған дерттердің біріне айналды. Бұрын тек егде жастағы адамдар арасында кездесетін бұл аурудың бүгінде жасарып бара жатқаны байқалады. Омыртқадан басталған дерт бастан-аяққа дейін әсер етіп, адам денсаулығына қауіпті болып тұр. Емделмеген дерт салдарынан адам жүре алмай қалуы мүмкін. Яғни, бұл дертке немқұрайлы қарауға болмайды. Бүгінде еңбекке қабілетті үш адамның бірінде омыртқа ауруы кездесіп, назар салатын жағдайға жетті. Емхана жағалап жүрген жастардың көбінің айтатыны «грыжа» деген дерттен құтыла алмай жүргені. Омыртқа ауруының жасарып бара жатқанының себебі қандай? Көкейде жүрген сұрақтарға облыстық көпбейінді ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Алмас Әбдіқалықов жауап берді.
– Омыртқааралық диск грыжасы дегеніміз не?
– Омыртқа аралық диск жарығы дегеніміз – екі омыртқа арасындағы шеміршек тінінен тұратын диск құрылымының жарылып, жұлын каналына қарай шығуы. Бұл сырқат көп жағдайда үлкен кісілерде кездеседі. Өйткені үлкен кісілердің генеративті аурулары жас келген сайын күшейе береді. Сондықтан ауыр салмақ болғанда немесе қандайда бір кері әсерден әлсіреп тұрған шеміршектің тіні жарылуға бейім тұрады. Сонымен қатар ауыр жүктеме болған кезде дисктің жарылуы байқалады. Бұл жұлын нервттерін қысады, соның әсерінен науқаста осындай симптомдық белгілер пайда болады.
– Грыжаны қалай тануға болады? Қандай симптомдар қауіпті? Диагноз қою үшін қандай тексерулер қажет?
– Ең алғашқы белгісі – аяқтағы аурсыну. Науқас келген кезде аяғым ауырды деп келеді. Аяқ ұю, тартып ауыру, ауырсыну сияқты белгілер байқалады. Сонымен қатар аяқтың сезімталдығы төмендей бастайды. Кейбір адамдар ақсаңдап, қисайып жүре бастайды. Осындай белгілермен келсе бірінші кезекте диск жарығын күдікке қоямыз да, науқасты МРТ-ге түсіреміз. Содан кейін диагноз қоюға әрекет жасаймыз. Ең бірінші тексеретін әдісі компьютерлік томографияға түсіреді. 2002 жылға дейін біз компьютерлік томографиямен көретін едік. Ол кездерде МРТ аппараты жоқтың қасы. Бүгінде барлық тексеру әдістері бар. Сондықтан ауру диагнозын тура қоюға мүмкіндік бар. Қазір Қызылорда қаласында 8 МРТ аппараты бар. Шиелі, Қазалы аудандарында да МРТ бар. Яғни, медицина жылдан-жылға дамып, науқастың нақты ауру белгілерін анықтауға мүмкіндік көп.
– Омыртқааралық диск жарығы нақты қай кезде қауіпті деңгейге өтеді?
– Омыртқааралық диск жарығы кезінде ота жасау немесе жасамау оның көлеміне байланысты.
Екіншіден, диск жарығының қай жаққа қарай шығуына байланысты. 1-1,5 см бастап диск жарығы болып, аяқ ұйып қалу белгілері болса оған міндетті түрде ота жасауға тура келеді. Басқа ешқандай ем көмектеспейді. Диск жарығын алмағанша, нерв босамаса науқастың жазылуы екіталай. Қатты ауырсыну және үлкен көлемде грыжа болса дер кезінде ота жасауды қажет етеді. Диск жарығы нервті қысып, науқастың салдануы басталады. Омыртқа – адам денесін тік ұстап тұрған тірегі, ішкі ағзаларды сыртқы әсерлерден қорғап тұрған қалқаны десе де болады. Сондықтан адамның денесі сау болуы үшін омыртқаны үнемі жаттықтыру, остеохондрозды омыртқа жарығына (грыжа дисков) дейін асқындырмау қажет.
– Ауру белгісі жас айырмашылығына байланысты бөліне ме?
– Негізі жастарда айқын түрде өтеді. Жастарда ауру белгісі бірден байқалады. Егде жастағыларда қан айналым аз болған соң, олар ауруға шыдамды болып келеді. 60-70 жастан асқандар төзімді болғандықтан, оларда кеш анықталып жатады.
– Қандай жағдайда науқас шұғыл түрде нейрохиругке жіберіледі?
– Нейрохируг – тек ота жасайтын кезде ғана көмектеседі. Оған дейін әр емхананың невропатолог дәрігеріне қаралып, емделеді. Невропаталог дәрігерлер МРТ нәтижелерін көріп, ота қажет болғанда бізге жолдамамен жібереді. Жедел түрде болса, ақысыз ота жасалады.
– Грыжаны толық емдеуге бола ма? Жастар арасында көбеюіне не себеп? Балалардағы омыртқа мәселелері ересектерден қалай ерекшеленеді?
– Ең бірінші диагноз дұрыс қоюы қажет. Оның себебі көпшілік қазір бір орында отырып жұмыс істейді. Қозғалыссыз өмірден бөлек артық салмақтың болуы омыртқа грыжасына әкеледі. Соңғы жылдары балалар да таңнан кешке дейін компьютердің алдында отырады. Көпшілік спортпен айналыспайды, бассейнге бармайды, тек екі қолмен ғана жұмыс істейді. Қозғалыстың аздығы адамды ауру қылады. Омыртқаның сау болуы қан айналым жүйесіне тікелей әсер етеді. Сондықтан адамның дені сау болуы үшін, омыртқаны үнемі жаттықтыру қажет. 16 жасқа дейінгі балаларда омыртқа грыжасы кездеспейді. 18-20 жастан асқанда ғана ота жасалады. Қатты салмақ түскенде немесе оқыс қозғалғанда, ауыр зат көтергенде соның әсерінен грыжа бірден шығады. Егер науқасқа ота жасау қажеттігін айтып, алайда ол уақыт өткізіп алса, сал болып қалуға әкеледі. Науқас аяғын сезбейді. Аяғын лақтырып жүретін болады. Ота уақытынан кеш жасалса да аяқтың жүруі қалыпқа келмейді. Әр отаның қаупі, асқынуы болады. Кейбір адамдар бірден ота жасатуға қорқып, қазақы ем жағалап жүреді. Мұның соңы аяқтың жансыздануына әкеледі. 1996 жылдан бастап ота жасау басталды. Алайда ол кездегімен қазіргі кезеңді салыстыруға болмайды. Қазіргі уақытта медицина дамыған. Бүгінге 2 см-ге дейінгі диск жарығына отаны микроскоппен жасаймыз. Жұлынды 12,5 есе көбейтіп көзбен көріп тұрамыз. Сондықтан уақыт жоғалтай ота арқылы диск жарығын алып тастауды ұсынар едім.
– Мануалды терапия дегенге қалай қарайсыз? Бұл дерттен осы ем арқылы жазылуға мүмкіндік бар ма?
– Мануалды терапия жаттығу арқылы емдейді. Қазіргі уақытта осы тәсілмен емдейтіндер көбейген. Себебі көп науқас ота жасатқысы келмейді. Сосын осындай ем түрлерін жағалап кетеді. Мән беретін жайт, түрлі курстарға қатысып, бейнежазбаны көріп бұл тәсілді бизнеске айналдырғандар да бар. Мануалды терапияны жасайтын адам анотомияны білуі қажет. Себебі белін созып жаттығу жасайды. Ол басқа асқынуларға алып келеді. Бұл грыжаны одан сайын үлкейтіп жібереді. Қазір медицина қарқынды дамыған уақытта отадан қорықпау қажет. Науқастың сүйегін, бұлшықетін бұзбай ота жасауға тырысамыз. Біздің мақсат – айналасындағы тіндерге тимей диск жарығын алып тастау. Омыртқа грыжасының бастапқы кезеңінде және протурзия болған кезде бұл тәсілмен емдеуге мүмкіндік бар.
– Үйде немесе күнделікті өмірде неге назар аудару керек?
– Грыжа 90 пайыз белде болады. Мойын немесе кеуде тұсындағы диск жарығының болуы сирек кездеседі. Біз омыртқа грыжасына байланысты жылына 600-дей ота жасаймыз. Оның ішінде 450-дей ота микроскоппен жасалды. Ал 4 см-ге жақындаса отаны ашып жасаймыз. Ота жасатқандардың ішінде 40-60 жастағылар бар. Мәселен, жақында ғана бір ай ішінде ауырған науқас жүре алмай келіп ота жасатты. Сондықтан бұл ауруға селқос қарауға болмайды. Аяқтың ұюы, ауырсынуы байқалса симптомдарын салыстыру қажет. Белгілері сәйкес келсе, уақыт жоғалтпай білікті маманға көрінген жөн. Себебі мұндай диагнозды дәл қою да маңызды рөл атқарады. Ота жасау қажет болғанда қазақы ем іздеп уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Кешігіп, грыжаны үлкейтіп келетіндер көп.
– Омыртқа саулығын сақтауға нақты не көмектеседі?
– Күнделікті қозғалысты арттыру, спортпен шұғылдану, жүзу, дұрыс отыру, артық салмақтан арылу. Омыртқа – адам денесінің тірегі. Сондықтан оның саулығына бейжай қарауға болмайды.
– Кеңседе жұмыс істейтін адамдарға қандай нақты кеңес бересіз?
– Ұзақ отырмау қажет. Әр 30-40 минут сайын орнынан тұрып, қозғалу қажет. Орындық пен үстел биіктігі дұрыс болуы маңызды. Компьютер алдында дұрыс қалыпта отыруды ұмытпау керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!