Кейбір жандар тағдырдың шектеулі уақытында да бүтін бір дәуірдің жүгін арқалап өтеді. Сахитжан Бермағанбетов – сондай дара тұлғалардың бірі. Шындықты шырақ еткен жас тілші өмірден ерте озса да, ел жүрегінен өшпейтін есімге айналды. Оның қаламынан туған әрбір сөз шынайылықтың айнасы еді…
Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде Сахитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған кіші футбол турнирі ұйымдастырылды. Дәстүрге айналған шағын футбол бәсекесіне бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен жасақталған 6 команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Сахитжан Бермағанбетов – Арал ауданы, Қарақұм ауылының тумасы. Ол 1982 жылы дүниеге келген. 2003 жылы журналистика саласына қадам басып, студент кезінен «Қоғам ТВ» телеарнасында редактор әрі жүргізуші ретінде жұмыс істеді. Кейін «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында редактор болып еңбек етіп, көпшілікке кеңінен танымал «Түйін» сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі болды. Сондай-ақ облыс әкімінің баспасөз хатшысы және баспасөз орталығының жетекшісі қызметтерін атқарды. Қысқа ғұмыр кешсе де, Сахитжанның журналистикадағы ізі сайрап жатыр, есімі ел есінде мәңгі сақталады.
– Журналистер мерекесінің қарсаңында осындай турнир өткізуді дәстүрге айналдырдық. Басты мақсатымыз – Сахитжанның есімін ел жадында жаңғырту. Жас болса да артына өшпес өнеге қалдырған азаматқа деген құрметімізді осылай білдіреміз, – деді облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов.
Турнирге Сахитжанның отбасы да қатысты. Олар ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
– Менің Сахитжанымды ұмытпай, осындай турнир ұйымдастырып жатқан баршаңызға аналық алғысымды білдіремін. Шара сәтті өтсін, игі қадамдарыңызға сәттілік серік болсын. Дендеріңізге саулық, істеріңізге береке тілеймін, – деді анасы Меруерт Бақбергенова.
Дәстүрлі турнирге аймақ журналистерінен құралған алты команда қатысып, екі топқа бөлініп ойын көрсетті. Іріктеу кезеңінен үздік шыққан төрт ұжым жартылай финалға жолдама алып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Плей-офф кезеңінде тосын нәтижелер тіркеліп, ойын қыза түсті. «Қоғам ТВ» командасы облыстық қоғамдық даму басқармасын тізе бүктірсе, «Qyzylorda» телеарнасы былтырғы чемпион – «Меншікті тілшілер» командасын пенальти сериясында жолда қалдырды.
Үшінші орын үшін болған кездесуде «Меншікті тілшілер» командасы қоғамдық даму басқармасының ойыншыларын ұтып, қола жүлдеге ие болды. Ал финалда алғаш рет аймақтың қос телеарнасы – «Қоғам ТВ» мен «Qyzylorda» телеарнасы кездесіп, матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Шешуші сәтте сәттілік серік болған «Қоғам ТВ» командасы жеңіске жетіп, Сахитжан Бермағанбетов атындағы турнирдің жеңімпазы атанды.
– 2025 жыл біз үшін тарихи сәт. «Қоғам ТВ» ұжымы 26 жылда алғаш рет чемпиондықты еншілеп отыр. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Командама алғысымды білдіремін. Баршаңызды спортпен шұғылдануға шақырамын, – деді команда капитаны Ержан Батырашев.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, медальдар және қаржылай сыйлықтар табысталды. Турнирдің басты мақсаты Сахитжан Бермағанбетов есімін ұлықтап, журналистика жолында аянбай еңбек еткен азаматтың рухына құрмет көрсету болды.
Нұржан НҰҒЫМАДИЛЛА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!