Қазіргі таңда жас буынды кітап оқуға қызықтыру маңызды. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ҚР оқу-ағарту министрлігі орта білім саласында «Оқуға құштар мектеп» жобасын қолға алды. Аталған жоба өскелең ұрпақты бала кезінен кітап оқуға дағдыландыру, халық арасында оқу мәдениетін қалыптастыру, түпткеп келгенде, бүтін ел болып әлемдегі ең көп кітап оқитын он елдің қатарына ену сиқты биік мақсат қойып отыр. Осы жоба аясында қаламыздағы Н.Ергешбаев атындағы №172 орта мектебі «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында облыстық деңгейде «Оқитын мектеп – табысты мектеп» жобасымен тірек мектеп болып жұмыс істеуде. Жоба аясында білім ордасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтсақ, жақында мектепте облыстық әдістемелік оқу орталығының қолдауымен бастауыш сынып педагогтеріне арналған «Көркем әдебиетті бастауыш сынып сабақтарында қолданудың әдіс-тәсілдері» атты облыстық семинар өтті.
Семинарға облыстың барлық мектептерінен мұғалімдер қатысты.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқитын ұлт қалыптастырудағы мақсаты аясында 2022 жылы «Оқуға құштар мектеп» жобасы енгізілген еді. Сол уақыттан бері «Балалар кітапханасы» бағдарламасы жүзеге асуда. Мұндағы негізгі мақсат – балаларды тек кітап оқуға тәрбиелеу емес, жаратылыстану пәндерінде сабақты көркем әдебиет арқылы өту. Яғни, балаларды оқыта отырып, тәрбиелеу. Тәрбие мен білімді біртұтас ету. Балалардың сөздік қорын молайту, логикалық есептерді тез түсіну, эссе жазу үшін көркем әдебиет бізге қажет. Бүгінде балалар кітаптан алыстап кетті. Сондықтан да көркем әдебиеттің құндылығын әрбір бала жас кезінен түсіне білуі керек. «Оқитын мектеп – табысты мектеп» жобасы аясында бұл мектепте жылына түрлі іс-шаралар өтеді. Бүгінгі семинарға «Көркем әдебиетті бастауыш сынып сабақтарында қолданудың әдіс-тәсілдері» бағытындағы жұмыстар таныстырылуда, – деді облыстық оқу орталығының (әдістемелік кабинет) қосымша білім беру және кітапхана бөлімінің меңгерушісі Гүлайым Ақмырзаева.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында «Біз ең алдымен жастарды кітап оқуға баулуымыз керек сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» дей келе «Балалар кітапханасы» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Біздің мектеп осы бағдарлама аясында түрлі жобаларды қолға алды. Осыған орай ұйымдастырылған семинардың мақсаты – көркем әдебиетті бастауыш сыныптың оқу-тәрбие процесіне тиімді енгізу, бастауыш сынып білім алушыларының көркем әдебиет оқуға қызығушылығын арттыру және мұғалімдердің әдістемелік тәжірибесін жетілдіру. Семинар облыстық оқу орталығының әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткізілді. Жас буынды кітапқа қызықтыру мақсатында балаларға білім беру қолға алынған. Нәтижесінде бастауыш сынып оқушылары «Айгөлек» журналына жазылып, түрлі әңгімелерін журналға жариялауда. Осы уақытқа дейін көркем әдебиетке қызығушылық болмаса, қазіргі таңда оқушылар түрлі жобаларын бізге ұсынады. Бүгінгі семинарға келген мұғалімдердің қызығушылығы арта түскенін байқадық, – деді мектеп директоры Мария Байділдаева.
Семинардың пленарлық бөлімінде жоба бойынша көркем әдебиеттің сабақтарда, сыныптан тыс іс-шаралар, байқаулар мен түрлі бағыттағы қолдану тәсілі көрсетілді. Мектептің дидактикалық материалдар көрмесі «Әдебиет керуені: Айгөлекпен саяхат», «Оқырман әлемі» тақырыбында таныстырылды. Биылғы оқу жылының тың жобаларының бірі мектеп парламентінің тоғызыншы жаңа – «Цифрлы Болашақ» фракциясы оқушыларының «Жасанды интеллект ерекше бала көзімен», «Таза мәтін мәдениеті: оқушының академиялық сауаттылығы», «Мектебім – менің мақтанышым» эссе тақырыбына мультфильм жасау, Достарды біріктіретін көңіл-күй» тақырыптарындағы көрмесі болды. Бұл көрме жас буынның цифрлық ойлау қабілетін, ЖИ платформаларына, жаңа технологияларға деген қызығушылығын айқын көрсеткен оқушылар көрмесіне айналды.
– Екі жылдың көлемінде біздің мектебіміз облыстық деңгейде «Оқитын мектеп – табысты мектеп» жобасы аясында жұмыс істейді. Жобадағы негізгі мақсатымыз көркем әдебиетті оқу процесі барысында, сыныптан тыс шараларда, түрлі байқауларда енгізіп, балаларға кітап оқыту. Мұндағы негізгі мақсат – балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, мәтінмен жұмыс барысында қиналмауға үйрету. Тірек мектебі аясында мектеп ішінен «Оқитын әкімшілік», «Отбасымен оқыған бір кітап», «Ұстазбен оқыған кітап» секілді түрлі шаралар ұйымдастырылады. Әрбір сабақ барысында көркем әдебиетті қолданылады, – дейді директордың бейінді оқыту жұмыстары жөніндегі орынбасары Эльмира Қапанова.

Семинардың бірінші панельдік сессиясында бастауыш сынып мұғалімдері мен пән педагогтары өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, оқу үрдісін дамытуға бағытталған ашық сабақтар мен әдістемелік жұмыстар ұйымдастырды. Оның ішінде «Бастауыш сыныпта көркем әдебиеттер арқылы оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру тәсілдері» сабағы бойынша мұғалімдер көркем әдебиеттерді сабақта тиімді қолдану, оқушының тілдік дағдыларын дамыту және пәнге қызығушылықты күшейту жолдары бойынша өз тәжірибесін ұсынды. Сабақ барысында мұғалімдер әдістемелік жаңалықтармен алмасып, оқыту сапасын арттыруға бағытталған тиімді практикалық ұсыныстар берді. Іс-шара педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге, шығармашылық тәжірибесін кеңейтуге оң ықпал етті.
Ал семинардың екінші панельдік сессиясы кездесу ретінде ұйымдастырылып, бастауыш сынып мұғалімдері мен пән педагогтары заманауи білім беру тенденцияларына негізделген шеберлік сабақтарын ұсынды. Сессияның негізгі мақсаты – пәндерде көркем әдебиетті кіріктіре оқыту, экологиялық тәрбиені дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісінде тиімді қолдану бағытында тәжірибе алмасу болды.

Шеберлік сағаты барысында «Айгөлек» журналы мен көркем әдеби шығармалардағы оқу материалы арқылы пәндерге кіріктірудің тиімді жолдары көрсетілді. Сабақ оқушылардың сөздік қорын байыту, тілдік дағдысын дамыту және пәнге қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Семинар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім сапасын арттыруға бағытталған мазмұнды алаң болды. Семинар соңында «Оқуға құштар бастауыш мектеп: идеядан іске» тақырыбында облыстық оқу орталығының (әдістемелік кабинет) қосымша білім беру және кітапхана бөлімінің меңгерушісі Гүлайым Ақмырзаева қорытынды пікірталас ұйымдастырды. Іс-шара ашық диалог форматында өтті.
Бетті дайындаған
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!